Мен өлмеймін, мәңгілікпін!

1 Шәмшінің жан сыры Автордан: Өмірімнің отыз екі жылын «Вальс королі» атанған әйгілі Шәмші Қалдаяқовпен бірге өткізіппін. Соның нәтижесінде композитор бақилық болғаннан кейін оның бар шығармашылығы мен тіршілік-тынысын қайтадан терең зерделеп, роман-эссе жазып шықтым. Оны қалың жұртшылық аса жылы қабылдады. Енді сол еңбектің бір үзігін «Қазақ үні» газеті оқырмандарына ұсынуды ұйғарған жайым бар. Әңгіме Шәмшінің өз атынан баяндалады. Мәселе мынадан басталған болатын. Алпыс жылдық мерейтойым бір мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдың тамыз айында Алматының төрт жүз орындықты «Қазақконцерт» залында өтті. Елу жасымда Абай атындағы опера және балет театрында аталып еді (бәлкім, онда өзіммен бірге консерваторияда оқыған дос Базарбай Жұманиязов директор шығар, толық есімде жоқ). Әйтеуір, мың орындық театрға халық сыймай кеткен. Құрмет, мақтау, елдің сый-сыяпаты жақсы болған тәрізді еді. Ал мынау алпыс жас – жетім қыздың тойындай боп өтті. Бір жағы ол кезде өзім де науқастанып, мазам болыңқырамай жүргем... Министрліктен, одақтардан құттықтауларды байқай алған жоқпын. Жекелеген ұйымдар, жекелеген адамдар, ақын-жазушы, дос-жарандар... жастар... (менің шығармашылығыма табынатын студент-жастар ғой деймін), Орталық партия комитетінде хатшы болып істеп жатқан Өзекең – Өзбекәлі Жәнібеков, тіпті, білмей де қалған болар?! Келмеді. Құттықтау хат та жоқ. Көпшілік арасында менің таралып кеткен әзіл сөзім болатын: «Мен екі нәрседен қорқамын: бірі – милиция, екіншісі – Өзбекәлі Жәнібеков» деген. Мүмкін бұл жолы ол менен қорыққан болар. Жоқ, мүмкін емес! Менің алпыс жасымды тойлауды оған ешкім айтқан да жоқ, есіне салмаған да болар. Қолы тимеген. Тәуелсіздік аламыз деп үрен-сүрен боп жатқан кез еді ғой. Әйтпесе, Өзекең мені зор бағалап, ақыл-кеңесін айып отырған бірден-бір дана. Оқудан шығып, Шымкентке барарда да көп көмегі болған-ды. Енді, міне, тойымда: Тұманбай, Оразбек, Сабырхан және алыс-жақын ағайын-достар, елден келген азаматтар. Менің кейінгі жылдары денсаулығыммен алысып, көп ән шығармай кеткенімнен хабардар Тұманбай інім мінберге шығып алып: «Неге үндемейсің, неге үндемейсің?!» деген өлеңін оқып, «ұрысты». Дұрыс қой. Ұрсу керек. Айту керек. Бірақ мен оның алдында туған ауданымның Отырар деп аталуына орай, Сабырхан екеуміз «Отырардағы той» деген әнімізді арнап, мереке күніне сақадай сайланып қойған болатынбыз. Айналайын Алматының сый-сыяпатына көңілім толыңқырамай Отырар ауданының орталығы – Шәуілдір селосына келіп жеттік. Қасымда Оразбек Бодықов бастаған бір топ «нөкерлерім» бар. «Той дегенде домалайды қу бастар» демекші, күмпілдеп, дүрілдеп жатқан ауыл-аймақ. Әрі-бері шұбырған жұрт, бала-шаға, үлкен-кіші... Көпшілік ықыласында шек жоқ. Айнала қоршап алып, құтты болсынды жаудырып, ең бір аяулы қимасын көргендеріне мәз. Бірақ, өзім науқастанып жүрген соң, солай көрінді ме, бізді аудан басшысы, бірінші хатшы Мұхамедсалық Шәкенов онша құшақ жайып қарсы алмаған сияқты көрінді. Білмеймін не болғанын! Оның үстіне ауданның ардақты он жеті ардагерінің тізімінде менің әкем Қалдаяқ Домбаевтың есімі жоқ болып шықты. Бұл қалай? Бар өмірін Шәуілдірге сарп еткен, ақ тер, көк тер боп жан аямаған адам ұмыт қалған. Көңілім онан сайын қатты қалды. «Ойбай, ұят болған екен! Қайта қосамыз, жазамыз, сыйлаймыз» деген жалған, жалпақшешей сөздерге жаным онан сайын қиналып: «Мені дәрігерге апарыңдаршы!» – деп көзім бұлдырап, талмаурап бара жаттым. Содан Шымкент, Жамбылдың доктор-мокторларын әбігерге салып, ақырында келіп мынау Совминде – Орталық ауруханада қалжырап, шаршап, бейтаптанып жатқан халім... Дөкейлер мен данышпандарды емдейтін, біздейлердің қолы жетпейтін орын. Аласұрып жүріп, мені бұған екі Мұхтар (Мұхтар Шаханов пен Мұхтар Әлиев) орналастырса керек. Рақмет! Рақмет! Көңіл сұрап келіп жатқандар көп. Алғашқылардың бірі болып асыл апам, ардақты апам – аяулы апам Роза Бағланова жетті. – Ойбай-ау! Сен, Шәмші жаным, ауырып қалдың ба? Құдай сақтасын, сен жазылып кетесің! Сені, көкешім-ау, ешқандай ауруға бермейміз, құтқарамыз! Айналайын, айналайын! Сен қазаққа керексің! Апаң, апатайың керек болса, ақ патшаның өзіне барып айтады. Сені құрдымнан алып шығуға ол кісі көмегін аямайды! Жаным сол, жаным сол! Біз сені «Қазақстанның Халық әртісі» деген атаққа ұсынып... – Ризамын, апа, ризамын! Алла разы болсын, рахмет, рахмет! – Мен өзім келіп тұрамын. Әлі-ақ аттай шауып кетесің!.. – М-м-мақұл, апатай. Айт­қаныңыз келсін! Ертеңіне есікті Бибігүл тәте Төлегенова ашты: – Айналайын, Шәмшіжан-ау, төсек тартып қалыпсың ғой. Жаңа ғана күйеу балам Сейділда айтып келіп еді. Қалайсың енді? Жақсысың ба? – деп бетімнен сүйіп, маңдайымнан сипап жатыр. – Емдерінің шипасы болсын! – Көздеріне бір моншақ мөлдір үйіріліп ол кетті. Саңқылдаған сұлу дауыс естілді. Бұл – Ермек аға Серкебаев! – Пай-пай, Шәмші, сенің осың бар енді жұртты қорқытатын. Еркелеп жатысың мынау, елге еркелеп, адамдарды сынап... «Кім келер екен, кімнің кім екенін білейін!» деп. Ал, келдік біз. Тұр орныңнан! Мен кереуеттен зорға көтеріліп, қолын алдым. – Түк емес, жассың әлі. Алпыста да адам ауыра ма? Тіпті, мына «дядяң» сахнадан кетер емес әзір! «Жақсы сөз – жарым ырыс». Арыма деген – әлге қуат. Бір тыныстап, бойың жазылып, жаның сергіп қалады! Медбикелер, сұлу қарындастар салып жатқан система, уколдан ешқандай да кем емес, артық болмаса. Алла өзі жар болып, денге саулық, дертке шипа берсе, қанекей! «Көп тілеуі – көл» деген. Қасыма күн аралатпай келіп, сүйеу болып, тіреу болып отырған, бала шағам – қатыным Жәмила, балаларым – Әбілқасым мен Мұхтар, іні-қарындастарым, әсіресе, жастық шақтан достарым: Сабырхан, Қалаубек, Еркінбай, Илья, Мыңжасар, Нұрғали, Ескендір, Майра, Бақыт, Шолпан, Базарбай, Дүнгенбай, Мансұр, Нұрсұлтан, Тұманбай, Қадыр... кезекте тұрады. Докторлар рұқсат етсе, жанымда бірге жатуға әзір. Желтоқсан айының ортасына таман аздап есімді жидым. Бір мезгіл ауаға шығатын болдым. Жаңа жылға бір апта қалғанда үйге шығарды. Тұзақтаған ем-домды бойға сіңіру әдісі. Тәуекел деп от жағып, түтін түтетіп отырған қарашаңыраққа оралдым. Жәмила, балалар, келін, бір жастан асқан немере қуанып, жандары қалмай шауып жүр. Түс мезгілі. Сабырхан Шолпанымен, Әсет Зәнзурасымен жалма-жан қуанып есік ашты. Құшақтастық, көрістік. Отырдық. – Жәмила, қайдасың? Жақсы­лап бір ет асшы, айналайын! Қазан көтер! Қайындарың мен келіндерің келіп қалған екен. – Что сказать – не десем екен. Бүгін шығара қояды деп не думала! – Әй, қа-тын, не айтып тұрсың өзің! Давай, сөзді қой! Шап магазинге... базарға... Еркектер енді кеңк-кеңк күліп, келесі бөлмеге шыққанда екі жас әйел зып беріп шауып жөнелді де, базардан дорба-дорба тамақ әкеліп, дастарханды жайып та жіберген. Екі сағатта ет дайын боп, ұзын үстел дәмге толып тұрды. – Я быстро так не могу, – деп Жәкең ақталғандай тарқ-тарқ күлді. – Ладно, я в другой раз приму вас, ребята! – Әй, қатын, орысшаңды азайтып, арақ-шарабыңды әкел! – Мақұл, мақұл! Таранша жүгірмесем болмас! Дәмді, жұмсақ піскен етті құшырлана жеп, сорпасын ұрттап, жотамнан тарам-тарам тер борбайыма дейін кетті. – Николай патша өлгеннен кейінгі бір тойып жеген асым болды – бұл, – деп күлдіріп қойдым. Шолпан мен Зәнзура жымиып бір-біріне қарайды. Бата жасап, қол жуып, ауыз шайып болған соң күлдіргі әңгімелер айтуға кірістік. Алдымен мен бастадым: – Баяғыда бір отбасында үш саңырау тұрыпты: шалы, кемпірі, қызы. Шал далаға жайылып кеткен өгізін үйіне жетектеп алып келе жатса, жолда жолыққан бір жігіт: «Ассалаумағалейкүм, ақсақал!» деп амандасса: «Жоқ, қарағым, өгіз өзімдікі. Бұзауынан бағып өсірген өз малым!» – депті. Шал: «Өгізді үйге айдап келдім» десе, кемпірі: «Иә, қашанғы күтейін, көжең суып қалды, ойбай!» деп бажылдапты. Сонда саңырау қызы жылап: «Немене, мен күйеу таңдап отыр дейсіңдер ме, енді үйге бірінші кіріп келген еркекке тием!» – депті. Кереңдер осылайша өз ойларын ортаға салыпты дейді. – Ха-ха-ха! – деп алдымен Сабырхан күлді. Сонсоң салпыауыз еріндерін жалпитып Әсет жымиды. Мен өзім ішімді ұстадым. Қатты күлуге болмайды. – Енді әрқайсың бір-бір анекдот айтпасаңдар, үйлеріңе қайтпай, осында қонасыңдар. Анекдот – денсаулықтың жиені ғой. Дариға-ай, ойын-күлкіге не жетсін! Арада екі күн өткеннен кейін менің інім Кәдір Отырардан бір қой сойып, арқалап, Алматыға жетпесін бе!.. Қайта жиналдық. Бұл жолы ортамызға Қалаубек пен Мыңжасарды шақырдым. Тағы да гу-гу әңгіме... Анекдот... – Мен де айтайыншы? – деді Мыңжасар. – Айт, айт, Мыңқа! – Бұл қатырады, – деді Әсет. Соғыстың аяқталып, Сталин заманының қайта құтыра бастаған елуінші жылдардың басы болса керек. Үлкен бір ауданның екі-үш жүз адамы отыратын Мәдениет сарайы аузы-мұрнына сыймай лық толып, жаздың-шілденің күні екен, жиналыс үзіліссіз жүріп жатыр дейді. Жұрт желпініп, терлеп өле жаздап отырған. Баяндама, жарыссөз бітер емес. Көпшілік тұншығып барады. Бір кезде бір теректей кісі залдан тұрып алып, сорайып отырмай қояды. Стол басы – райком: «Жолдас, жолдас, сізге не болды?! Отырмай қалқиып тұрсыз?». Анау: «Айтайын ба?» дейді. – «Айт!». – «Онда мына жиналыс әзір бітпейтін болса, онда мен шалбарымды ауыстырып келуге рұқсат сұрайын деп ем!». Өліп отырған жұрт күлкіден жарылып кете жаздайды. Содан соң ғана көпшілік топырлап үзіліске шыққан ғой. Міне, анекдот!.. Шамши-2 – Бұл өстіп қатырады демедім бе жаңа! – Әсет тарқ-тарқ күледі. Әйелдер ұялып ас үйге шығып кетті. – Ал, енді, Қалеке, сен айт. Құралақан емес шығарсың. – Ашық алаңға Бірінші мамырға адамдар қатар-қатар тізіліп, демонстрацияға шығып, жүріп келеді. Әрқайсының қолында – Политбюро мүшелерінің портреттері. Қолдарына ұстап, жоғары көтеріп алған. Фурцеваның портретін ұстаған жұмысшының артында келе жатқан кісі оның аяғын қайта қайта баса беріпті. Оған анау қатты ашуланып: «Ей, сұмырай! Енді өкшемді тағы бір бассаң, мына қолыма ұстап келе жатқан жәлеп қатынмен басыңа бір ұрып, быт-шытыңды шығарамын!» деген ғой... – Енді, Әсет, сен айт! – Ойбай, менікі бәрінен қызық! Озат колхозшылардың аудандық слеті басталып кеткен. Сөз озат шаруашылықтан келген озат бастық әйелге беріледі ғой. Әлгі аңқылдаған ақкөңіл байғұс екен. Сөзге жоқ. «Айналайын, үкіметке ризамын. Мені кім қылмады. Әуелі звеновод қылды. Содан кейін бригадир қылды. Енді бүгін бастық қылып отыр. Айналайын-ай, кім қылмады бізді! Әйелдерге берген теңдік осы емес пе!». Жұрт қарқ-қарқ күлсе, ол рақмет айтып мінберден мәз болып күліп барады дейді. – Пай-пай, Әсет-ай! Қазақы қалжың – сенің қолың. Бәрекелді! Кезек Сабырханға келді. Ақындар күлдіргі халық. Тың сөйлеп, тауып айтады көбіне. Сәкең мақтағанға мәз. – Иә-иә, айтайын мен де біреуін. – Шалы о дүниеге аттанатын боп, кемпірімен арыздасып, қоштасып жатса керек. – Қанша жыл бірге өмір сүрдік. Сүйістік. Кейде ұрыстық. Таластық. Өкпелеген, ренжіген кездеріміз де болған шығар. Кешір енді, кештім де, о дүниеге таза барайын, – деп солқ-солқ жылайды да: – Анау қалтадағы байлауды аш, сондағы құрттарды сана. Сенің көзіңе шөп салған сайын соған бір құрттан тастап қоюшы едім! – Кемпір ойбайлап жылайды: – Мен сені таза, адал, адамның періштесі деп жүрсем, сен сұмырай білдірмей нетеді екенсің ғой. Қайтем-ау, енді қайтемін! Мейлі, мен де кешірім сұрайын. Сөге-жамандама, риза бол. Мені құдай әйел ғып жаратқан ғой. Азын-аулақ дегендей, қайындарым қоймаған соң... Көңілдерін қимай, – деп, кемпір бір қалта жүгеріні алдына әкеп қойыпты шалдың... Опыр-топыр, кеңк-кеңк күлкі. Шалқалап, ішін басып күлу... Ой, өмір-ай! Денсаулыққа не жетсін! Бір жылдай ел аралап, Алматының газ бен түтінге тұнған ауасынан, бала-шағадан безіп, Шымкент, Тараз жағында жүрдім. Жастықта өткен күндер есіңе түсіп, жүрегің қан жылайды. Уақытты тоқтататын күш жоқ. Айла-амалға не жорық. Дүңген ауылының жанына бастап салған он алты да он алты сарай-үйімнің негізі ғажап, тоғыз қатар кірпіш айналып тоқтап қалған. Енді одан арғы түрі не болатынын білмеймін. Менің түрім мынау, үп еткен желмен қоса ұшқалы тұр, бір аяғым көрде, бір аяғым жерде. Тамаша сарай салдырып, дүниені дүркіретіп, бала-шаға, дос-жаран, туған-туыстармен тамаша өмір сүргім келіп еді... Әлін білмеген – әлек деген осы. Сөзбен үй тұрғызуға бола ма екен?! Қалтаңда көк тиының жоқ қу кедейсің. Сөйтіп, партия-совет органдары үй соғып тастайды саған. Бір «Жигули» сыйлады. Сарайыңның фундаментін қалап берді, сол жетпей ме, жаратқан құдайым-ау! Құдай бар, оған құдайымдай сенем! Ал, адамдардың бәріне сене беруге бола ма?! Сенбегенде не істейсің! «Амал который» демей ме қазақтар. Қазақтарға сүйініп, қазақтарға күйініп, қайта келіп, ауруханаға құладым, сұладым! Әй, енді аман шықпайтын шығармын бұл жерден?! Былтыр жатқан жерім Совминнің Орталық ауруханасы. Қараша айы. Қараша менің қаралы күнім болмасын. Бір тәуір боп шығып ем... Енді қалай тартатынымды бір Алла білсін! Жақсылық күтемін. Үмітсіз шайтан деген. Жақсылық келді, міне. Қыстың ұзақ түні бітіп, таң атар-атпастан Мыңжасар далбаңдап, бөлмеге кіріп келді. Сағат тоғызда гимн ойнап жатқан. – Сүйінші, Шәке, сүйінші! Басымды әзер көтеріп, көзде­рімді зорға аштым. – Жаңа радиодан естідім де, осында жүгірдім. Сізге Президент Жарлығымен «Қазақстанның Халық әртісі» деген құрметті атақ берілді. Сүйінші! Енді жазылып кетесің!.. Сен көр, мен көр!.. – Рах-ме-ет! Айтқаның келсін! Рас па өзі, ойнап тұрған жоқсың ба? – Жоқ, ойбай! Шын, шын. Өз құлағыммен естідім! – Бә-ре-кел-ді! Алла ра-зы болсын! Көп жа-са-сын Президентіміз. На-зар-ба-ев... – Әсетке де осы бір күнгі Өкіммен «Халық әртісі» берілді. – Ойпырмай, ә! – деп онан сайын қуанып кеттім. Жүрегім тарс тарс етті. – М-м-менің мың мәртебе а-а-алғысымды а-а-айтып... б-б-барыңдар. – Қуансам, қиналсам, тұтығып қалатын әдетім. Кекештенбей композитор болмас! Желтоқсан айында беріліпті-ау бұл атақ?! Желтоқсан! Осыдан он бес жыл бұрын болған Желтоқсан көтерілісі! Бұл да кешегі Қаратаудың Созағындағы өткен тәуелсіздік үшін жан алып, жан беріскен көтеріліс тәрізді. Қашанғы бұға берсін қайсар қазақ! Қонаевты қорғады дейді. Қорғамай ше! Өз көсемін көтермеген халық – қорқақ, жалтақ халық. Батыр ел, жауынгер ел болмасақ, осынша жерді ұстап тұра алар ма едік! Айналайын, ата-бабалар! Сендердің қандарың ұрпақтарыңда! Сол ұрпақты бастап шыққан Ердің Ері – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оны баяғыда-ақ Қазақстан комсомолының он бірінші съезінде көрген кезде байқап, аман бол дегенмін. Ішімнен қуанышымды ағыл-тегіл, осылай білдіріп жатырмын. Бұл күндері Қазақстан ел Президентін сайлау үстінде. Инаугурация салтанатты жиынында халық ақыны, абыз ақсақалымыз Шәкір Әбенов бата берді. Ол – бәріміздің батамыз. Менен сәлем айтыңдар Желтоқ­санға. Желтоқсанға жастар, қазақ жастары «Менің Қазақстаным» маршын айтып, марқасқалық жасаған. Мен оны ұмытқам жоқ. Мерейлерің үстем болсын! Ешқашан етекбасты, тобанаяқ, жуас, жетесіз болмаңдар. Қуаныштан көңілім көтеріліп, бір серпіліп, осылай көп жақсы тілектерді үсті-үстіне айтып жаттым. Бұл алдымен Аллаға алғысым еді!.. Шүкір, шүкір! Құттықтаулар көбейді. Хат дегендеріңіз, бейнелеп айтқанда, қарша борады. Үйге, ауруханаға, Консерваторияға, Композиторлар одағына. Елдің қуанышында шек жоқ. Халық әртісі атағы маған емес, өздеріне берілгендей. Бұл – тілектестіктің түбірі ғой. Бұл ризалықтың ырымы ғой! Бұл – қазақтың ақпейіл, адал көңілі ғой! Денсаулығым да түзелгендей бақыт құшағына бөленіп, ауруханадан үйге шықтым. Отыз күн ойын, қырық күн той дегендей, өмірімізде қанша қуаныш, шаттық болса, бұл солардың алға шыққан айрықша дарабозы болғандай. Төлеген Айбергенов айтқандай: «Бір тойым болатыны сөзсіз менің!» деп сарғая күтіп жүрмеп пе едім! Рахмет, ағайындар! Халқыма рақмет! Мың жасадым мен! Мәңгі жасаймын мен. Өлмеймін мен!.. Жоқ, сен Қалдаяқтың баласы, бөсе берме! Аспа, тасыма, лепірме! Асқақтама! Білесің бе? Алдыңда көр бар екенін есіңнен шығарма! Немене, сен жан алғалы келіп тұрған Әзірейілсің бе? Жоқ, жоқ! Кет әрі, менің саған беретін жаным жоқ. Мен әлі елмен, жұртпен қоштасқаным жоқ! Бала-шағам, туысқандарым, достарым, мың сан таныстарым, жақындарым, жүрегім сүйген сұлуларым... солармен түгел қоштаспай кете алмаймын... Мен осылайша бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылы ақпан айының ортасында ауруханада кеселмен алысып шығасылы-кіресілі есім бар сандырақтап жаттым. Беу, жарық дүние-ай! Адамға берген өмір-ай! Осындай қысқа ма едің? Бір жыл, болмаса бір ай тұра тұрсаң нетті? Мен бар-жоғымды түгендеп кетейін бұл жалғаннан! Мәңгілікпін деп, Аллаға күнәһар болмайын! Мәңгілік Жаратушы бір Алла ғана. Соған ғана жалынсақ керек. Соған ғана жалбарынсақ керек... Қасымда қалған жалғыз Сабыр­ханға жалына бастадым содан соң. Жәмила, Әбілқасым, келінім Света, ұлым Мұхтар, інім Кәдір, қарындасым Раушан, Оразбегім, Еркінбайым... көпшілігімен қоштасып болғанмын. Енді бір-екі-үш аяулы жан бар, солармен арыздасуым керек. Халім нашар. Өлейін деп жатырмын. Сабырхан ара-арасында жанымда отырған Жәмиланы «демалып кел!» деп үйге жұмсап жіберіп, ол жоқта әлгілерді алып кіреді бөлмеге. Бірінші болып Үрниса келді. Дарылдаған ақкөңіл, ақжарқын әйел қой көздері мөлдіреп, мөлтілдеп жылай береді, жылай берді... – Қ-қ-қой! Үрниса, айналайын, жарығым, жұлдызым сол! Жылама-егілме! Мені кешір. Кеш мені. Саған бақыт бере алмадым!.. Рақат көрсете алмадым. Төлегеніңді жоқтатпайтын әмеңгерің боламын деп ем. Ол ойымнан ештеңе шықпады. Мен сені, балаларды өтірік алдаған сияқты болып шықтым. Еркінбайды тыңдамадым. «Қойыңыз, Шәке, болмайды ол. Бес баласы бар әйелді қалай асырайсыз!» деп еді. Бірбет, қырсықтығым бой бермей, бірер жыл дос, мұңдас, сырлас болдық. Қайдам, құдайға күнәһар бол­дық па! Тұра алмадық. Кеш, кеш! Жаным! Таусылма, балаларыңа ие бол! – Рақмет, Шәке! Алла өзі кешірсін. Менде еш гәп жоқ!.. Есіктен көздері жасқа толып, мөлдіреп, мөлтілдеп, артына қарай-қарай, қимай шығып бара жатты. Үрниса, Үрнисажан! Сабырхан енді Сағынышты алып кірді палатаға. – С-с-сағыныш, жаным, келдің бе? – Ол құстай ұшып, құшағын жайып аймалай берді. Ернімнен, көзімнен, бетімнен, маңдайымнан шөп-шөп сүйіп, соншалық толғанды. Жүрегім езіліп, жаным балқып кетті. – Қ-қуанышым-ай! Махаббатым-ай! Бақытым-ай! Ақмаңдайлым сол! Іңкәрім, ынтығым. Ғашығым! «Сағынышым менің». Сол әндей сұлусың сен! Келгенің қандай жақсы болды! Жақсыгүл!.. – Ханның қызындай ғой, жары­ғым, алтыным. Жақсылап өсіру енді сенің қолыңда, Сағыныш! Сағы­ны­шым менің! Келші бері. – Әлсіз саусақтарыммен қою қолаң шашын, айнадай аппақ бетін, көздерін сипап, жұмақтың есігін ашқандай... «Қайран Сағыныш» деймін ішімнен. Сені де бақытқа бөлей алмадым ау! – Мен бақыттымын, ағажан! Еш өкінбеңіз, – дейді менің ойымды оқығандай. Ол мені Шәмші, Шәке, кейде «ағажан» дейтін. Ұзақ араласа алмадық, көңілін таппадым ба?.. Сонда да әр кездесуіміз – мереке, әр жүздесуіміз шалқар шаттық, береке еді! Қайтейін, маңдайға жазғаны сол болса! Уһ! Аһ! – Айналайын, Сағыныш – сен менің Қорланымсың! Естай өмір бойы Қорланды қалай сүйіп өткен болса, мен де сені ғұмырымдағы жалғызым деймін. Сенің бейнең сол әнде, сенің жаның, жүрегің – сол әнде. Менің барлық әндерімнің шыңы ол! «Шәке, өнеріңізді көрсетіңізші!» деп сұрап қоймағанда, өзің білесің мен «Қорланды» айтушы едім. «Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын, Табиғат берген екен күн мен айын, Мұратқа... мұратқа...» – әрі қарай ентігіп, дауысым бітіп, айта алмадым. – Жақсы, жақсы, Шәке! Білем ғой, мазаланбай-ақ қойыңызшы. – Кереуеттегі жастық, төсегімді жинап, онан сайын жақын отырды. – Тәуір боласыз, Шәке! Қайғырмаңыз. – С-с-Сағыныш! Сағынышым, менің! Бүгін сенімен қоштасқалы жатырмын. Тоқта, жаным. Тыңдап ал бәрін... М-м-мен о дүниеге аттанарда қасыма кел, қысылма! Құшақтап қоштас! «Бақыл бол, ағажан!» деп бір уыс топырақ сал? Сенің салған топырағыңмен, халықтың топырағымен пейішке барайын. Сен анау Жамбылдағы өзің көрген, бірақ салынып бітпеген үйге, Ақ Сарайымызға ие бол! Оны Жақсыгүл екеуіңе арнап салғыза бастаған едім. Бітіре алмай барамын!.. – Жоқ, жоқ, ағажан! Маған, бізге ол жерді, ол орынды көру – ауыр. Өткеннің бәрін еске түсіреді... Балаларыңыз бар ғой, солар тұрғы­зар... Оны ойлап неғыласыз!.. – Келесі тапсырмам: Жақсыгүлді Қасым мен Мұхтарға таныстырып қой. Все-таки ағалары ғой. Жиі-жиі келіп, жағдайымды біліп тұр... Ол көз моншақтарын төгіп ауыр емен есіктің ар жағына сіңіргенше мөлтілдеп, қас қақпай қала бердім... Е-ей, медбикелер, қуат-күш беретін бір пәс... наркоздарыңды салыңдаршы, ш... с... Шәмшіден сәлем! Білесіңдер ме? Қыздарға қатты бұйрық беріп қойған. Дереу, жалма-жан жетіп келеді... Еңсем көтеріліп, бойымды тіктедім. Сабырхан жиырмалардағы жұтынып тұрған жас қызды ертіп кірді ішке. Бұл кім? Есіме түсіре алмадым. Аққудың көгілдіріндей. Ұялып, сызылып келіп амандасты. Бетін тосты. Сүйдім. Бұл кім? Қайдан көрдім, қашан көрдім? Алланың періштелері ме? Әй, Сабырхан-ай! Таппайтының жоқ сенің! – К-к-кел, айналайын құша­ғыма! Осы сөзді айта бола бергенде, Жә­мила есік қақпай палатаға жұлқынып жетті. Арсың-гүрсің!.. – Кто она такая?! – деді бірінші сөзі. Сабырхан сасқан жоқ. – Жәке-ау, не болды сонша саған дүрлігіп?! Қоштасып келіп-кетіп жатқан көп әнші қарындастардың бірі емес пе? Одан да анау тамақ толған қоржын-қосқалағына қарасайшы! Алсаңшы, ұят қой, келіп тұр ғой... – Ладно, ондай болса, көрейін! Таранша! – Отыр, қалқам, жағдайың қалай? Менің әндерімді айтасың ба? – Айтам, аға. Жақсы көрем. Жастар түгел шырқайды! – Міне, айттым ғой, жеңеше! Жәкетай-ау, бұлар сенің несібең ғой. Кешікпей бұдан соң бір топ, әнші композитор, әртістер сау ете қалды. Наркоздің күшімен сергіп, серпіліп, көңілденіп жатқанмын. – Қош келдіңіздер, бауырлар! – Ойбай-ау, Шәке! Шалқыған Шәуілдір-ай демекші, көңіл күйіңіз тамаша! Шалқып жатырсыз ғой!.. – Бұл – Нұрғали! Шымшып, әрқашан әзілдеп сөйлейтін Нұрғали Нүсіпжанов. Қайран інім. Консерваторияда бірге оқығанбыз. Үнемі жараулы арғымақтай арық, жайсаң, мұртынан күліп, жымиып тұрады. Әзілі жақсы. Мен оларға бәрінің басы қосы­лып тұрған, күшім барда мынандай сыр шерттім. Ақтарылдым. – Б-б-бауырларым, көкетайларым. Ағаларыңмен, Қалдаяқов Шәмшімен қ-қ-қоштасқалы келдіңдер ғой, шамасы. Рақмет! Алла разы болсын! Мен қимас адамдарыммен қоштасып, арыздасып жатқан жайым бар. Санаулы күндерім, сағаттарым қалды. Әзірейіл келіп күн сайын түнде бір есік қағып кетеді. «Тоқтай тұр!» деймін. «Мен халқыммен қоштасып алайын. Асықпа, шыда!» деймін. Ал, ол итің шыдайтындай түр көрсетпейді. Сонымен, былай: аз ба, көп пе, Құдайдың берген жасы – Пайғамбар жасына тақадым. Бүкіл тіршілігім сендерге айдан анық. Халқым бақыт құшағына алды. Артық-кемі жетпей жатса, ол – өзімнен. Құдайдан көрмеу керек. Барлығы адамның өзіне байланысты. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бірі бос» –деген Абай. Мен Абайды көп оқыған, өлеңдеріне ән жазған адаммын. Бірнеше ән жинағым шқты. Оны да жақсы білесіңдер. Ең мощный әндерімді нақты-нақты санайын, тыңдаңдар! Шығармаларымның шыңы деп есептейтіндерім: «Қайдасың?», «Ана туралы жыр», «Сағынышым менің», «Ақмаңдайлым», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Қайықта», «Сыр сұлуы», «Бақыт құшағында», «Сыған серенадасы», «Тамды аруы», «Еркежан», «Ақсұңқарым», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Өмір – өзен», «Дүңген қызы», «Байқоңыр», «Жақсыгүл», «Көк көлдегі кештер», «Әнім сен едің», «Шынарым», «Мойынқұмда», «Қуаныш вальсі», «Бәрінен де сен сұлу», «Теріскей», «Отырардағы той»... Сексенге тарта ән шығарған адаммын. Оның бәрі бірдей шедевр емес, әрине. Екі жүз... Үш жүз ән азған деген алған сөз. Өтірік. Ал, енді барлық әндерімді бастап тұрған – «Менің Қазақстаным!». Ол – марш ретінде жазылған. Сөйтсе де ол қазақ музыкасының пірі болар-ау деймін! Көріңдер де тұрыңдар, ол мені өлтірмейді, мені шыңға сүйрейді. Маршта бір құдірет бар: ол жігерлендіреді, асқақтатады. Мақтанышқа толы асау асқақ сезімдер оятады. Жыласаң – уатады. Қамықсаң – қайрат береді. Нұрғиса ағам айтқан: «Халық аузында он-он бес әнім айтылып жүрсе, армансызбын» деп. Ал, менің сексен әнімнің кемінде елуі ауыздан түспес! Солай, мінайдар әкебас, көкебас­тарым! Көкжалдарым, арғымақтарым, асылдарым, достарым!..            Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ