Нұрмахан Оразбек: «АДАМ ҮШІН ЕҢ БАСТЫСЫ – ӨЗІНІҢ АБЫРОЙЫН САҚТАУ»
2015 ж. 19 қаңтар
6899
2
Газеттің бірінші бетіне «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында төңкеріс жасалды» деп, «ИӘ, БҰЛ – ТӨҢКЕРІС!» деген мәлімдеме-мақаламды орналастырдым. Содан Оралхан Бөкей оны көргендағы «Редактордың ерлігі» деп «Қазақ әдебиеті» газетіне жазып, жариялап жіберген. Келесі нөмірінде «Кеңес Одағының батыры» деген атаққа ұсыну керек» деген ұсыныстары да басылды.
«Бүкпесіз әңгіменің» бүгінгі қонағы шындықты ту еткен азамат,елге белгілі талантты қаламгер Нұрмахан Оразбеков осылай дейді1991 жылы сәуір айында Ново-Огаревода (КСРО, кейіннен Ресей Президентінің резиденциясы) М. С. Горбачев тоғыз одақтас республиканың басшыларымен келісім жүргізді. Бұл келісімде жаңа одақтық шарт туралы мәселе көтерілді. Келісімге қатысушылардың барлығы жаңарған одақ жөніндегі шартты қолдады. Шартта Тәуелсіз Мемлекеттердің Одағын құру көзделді. Сонымен қатар, өкімет органдарын және басқару құрылымын, жаңа Конституцияны қабылдау, сайлау жүйесін өзгерту белгіленді. Шартқа қол қою мерзімі 20 тамыз 1991 жыл болып белгіленді.
Жаңа одақтық шарттың жобасын жариялау және талқылау қоғамда жікке бөлінушілікті тереңдетті. М. С. Горбачевті жақтаушылар бұл құжатта қарама-қарсылықтың деңгейін төмендету және елде азамат соғысының орын алу қаупінен құтқару мүмкіндігін көрді. Бір топ ғалымдар бұл шартқа қарсы шықты. Жаңа шартқа қарсыластар КСРО-да қалыптасқан халық шаруашылығының кешенін ыдыратып, елде экономикалық дағдарысты тереңдетеді деп сескенді. Шартқа қол қоюға бірнеше күн қалғанда оппозициялық күш реформалық саясатқа қарсы шығып, мемлекеттің (КСРО) ыдырауын тоқтатуға әрекет жасады. Сөйтіп, 1991 жылы 19 тамызда КСРО үкіметінің жоғары билігіндегі аз ғана топ КСРО Президенті М. С. Горбачевті «денсаулығына байланысты қызметінен босатып», оның орнына вице-президент Г. И. Янаевтың «тағайындалғаны» туралы мәлімдеме жасады.
Мемлекетті басқару үшін 8 адамнан тұратын КСРО-дағы Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрылды. ТЖМК-ның басында КСРО вице-президенті Г. И. Янаев, премьер-министр В. С. Павлов, КСРО Қорғаныс министрі Д. Т. Язов және оның орынбасары О. Д. Бакланов, КСРО МХҚ-тің төрағасы В. А. Крючков, Ішкі істер министрі Б. К. Пуго сияқты жоғарғы биліктегілер тұрды. ТЖМК-ның мақсаты – КСРО-дағы ауыр экономикалық және саяси жағдайды пайдаланып, билікті қолдарына алу болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А. Лукьяновтың қолы қойылған ТЖМК-ге қолдау көрсетуге шақырған «Кеңес халқына үндеу» жарияланды. КСРО Президентінің «міндетін атқарушы» Г. Янаев елдегі төтенше жағдайдың 6 ай мерзімге созылатынын және БҰҰ-ға және мемлекеттер мен үкімет басшыларына түсінікпен қарау туралы мәлімдеме жасады. ТЖМК-ның бірінші қаулысы бойынша барлық қоғамдық-саяси қозғалыстардың қызметіне тыйым салынды. Бұл әрекет – мемлекеттік төңкеріс болатын. Қырымда демалып жатқан КСРО Президенті М. С. Горбачев бұл оқиғадан бейхабар болды.
ТЖМК-ның әрекетіне әлем жұртшылығының көзқарасы әртүрлі болды. Әскерлердің бір бөлігі халық жағына шықты. АҚШ Президенті Д. Буш КСРО-дағы Конституциялық басқаруды қалпына келтіру бағытындағы РСФКР Президенті Б. Н. Ельциннің әрекеттерін қолдады. Еуропа экономикалық Кеңесінің өкілдері М. С. Горбачевтің қайтып оралуын талап етті, талап орындалмаған жағдайда КСРО-ға берілетін көмекті тоқтататындығын мәлімдеді. 1991 жылы 20 тамызда Президент Н.Ә.Назарбаев республика халқының алдында жасаған Мәлімдемесінде ТЖМК-ны жақтамайтынын, бұл әрекеттің Конституцияға сәйкес келмейтінін айтты.
1991 жылы 21 тамызда М. С. Горбачев Мәскеуге келіп, билікті қолына алды. ТЖМК-ны құрғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сонымен, тамыз төңкерісі күйреді. 1991 жылы тамыздың 20-да жасалуға тиісті одақтық келісім-шарт жасалмады. Ново-Огарево келісімі сәтсіздікке ұшырады. Тамыз төңкерісі КСРО-ның күйреуін тездетті. Осыдан кейін Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақ КСР-інің Қауіпсіздік Кеңесін құру жөнінде», «Семей ядролық сынақ өткізу полигонын жабу туралы», «Қазақ КСР сыртқы экономикалық дербестігін қамтамасыз ету туралы» т. б. Жарлықтар шығарды. Мемлекеттік төңкерістің сәтсіз аяқталуы Кеңес Одағы Коммунистік партиясының беделін түсірді. 1991 жылы 23 тамызда Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев КОКП ОК-нің Саяси Бюро мүшелігі қатарынан шықты. 1991 жылы 7 қыркүйекте Алматы қаласында болған партия съезінде Қазақстан Коммунистік партиясын тарату туралы шешім қабылданды. Осылайша Қазақстан Коммунистік партиясы өмір сүруін тоқтатты. Сөйтіп, саяси жүйенің дағдарысы ел өмірінде қоғамдық-саяси және демократиялық өзгерістер туғызды.– Аға, редакциямызға қош келіпсіз. Көзіңізге мақтағаным емес, мен Сізді ұстаз тұтамын. Өйткені, ГКЧП кезіндегі (Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комитет) ерлігіңізге ерекше тәнтімін. Мен таңқаламын. Сол кезде басқа басылымдар әлгі ТЖМК дегеннің Мәлімдемесін үн шығармастан жариялап, саяси тиянақсыздық танытып жатқан тұста Сіз өзіңіз басқарып отырған газетіңіз арқылы халық алдында азаматтық биік ұстанымыңызды паш еттіңіз. Бір сөзбен айтқанда, ТЖМК басшыларының төңкерісіне қарсы шықтыңыз. Білейін дегенім, ТЖМК-ға қарсы мақаланы қалай жаздыңыз? Бұл қалай болды өзі? Түсінбеймін осыны. Таңқаламын. Әңгімені осыдан бастасақ.
– Ол былай болды. Мен журналист ретінде саясат, халықаралық жағдай туралы мәселемен көп айналыстым және өте көп жазып жүрдім. Теледидарда он жыл, радиода он үш жыл қатарынан саясат тақырыбында хабарлар жүргіздім. Бұл жерде бірнеше мәселе бар. Мен 1991 жылы 1 қаңтарда Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің маңдайында тұратын «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды алып тастап, ата-бабаларымыздың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөзін бадырайтып тұрып жазып қойғанмын. Сосын сол өңірдің обкомындағы жауапты қызметкерлер ренжіп «Мұныңыз қалай?» деп телефон шалды. Бірақ мен олармен сыпайы түрде сөйлесіп, диалектика мен догматика дегеннің не екенін түсіндірдім. Маркс пен Энгельстің бәленбай жыл бұрын тастаған ұранының ескіргенін жеткіздім. Қазіргі заман жағдайының өзгергенін, дүниежүзінде «жұмысшы табы» дегеннің азайып бара жатқанын айттым. Мысалы, Америкада сол кезде 23-ақ пайыз жұмысшылар болған екен. Ал қызмет көрсету саласындағы халықтың үлесі артып кеткен. Яғни, заман жағдайды мүлде өзгерткен. Тіпті, Н. С. Хрущевтің өзі «Біз жұмысшылардың ғана партиясы емеспіз, біз – бүкілхалықтық партиямыз» деген болатын 1961 жылы. Одан кейін М. С. Горбочев сәуірде басшы болған уақытта «Бізге бәрінен қымбаты адамзаттың құндылығы» деді. Сондықтан «күні өткен ұранды алып тастайтын уақыт болды» деп обком қызметкерлерін көндірдім.
Одан кейін, өзің сұрап отырғандай, коммунистер билеген Кремльден жік шығып, Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комитет деген құрылып, елдегі демократия құндылықтарына ауыздары енді жари бастаған зиялы қауымның ұнжырғасын түсіріп жіберді. Газетіме олардың басшыларының материалдары әлі түскен жоқ болатын. Сосын сағат 11-де радионы қойып, мұқият тыңдап қарасам ТЖМК басындағы бишікештердің көксегені баяғы заман екен. Бұғаудағы елдерге баяғыша бұйрық беріп отыру армандары бопты. Бір сөзбен айтқанда, ешкімге «Қызыл алаңсыз» қимылдамау керек сияқты. Арам пиғылдарын бірден түсіндім. Сосын ТЖМК құрамы да қанқұйлы саясатқа лайықты «тұлғалар» екен өңшең. Өйткені анау Бакланов дегенінен бастап барлығы әскери мәселемен айналысатын адамдар болатын. Әскери өнеркәсіп кешені дегенге билік жүргізіп келген бишікештер. Елдегі игіліктің бәрін соғысқа, әскери мұқтажға жұмсағандар. Міне, осының барлығын ойлай келдім де көршіме – орыс газетінің бас редакторына барып: «Давайте Эдуард, надо что нибудь написать» дедім. Сөйтсем, ол: «А, что мы можем?» дейді. «А, че? Почему мы не можем?» деп кеңсеме келіп, «лездеме» өткіздім де «ТЖМК туралы бірдеңе жазамыз» деп айттым. Сосын түсте үйге барып шәй ішіп келдім де, жаздым.
– Қолмен жаздыңыз ба?
– Иә, қолмен жаздым. Сосын мәшіңке басатын қызды шақырып алып жаздырып жатқанмын. Бір кезде елге белгілі азамат Жайық Бектұров келіп тұр…
– …Жайық Бектұров – өзіңіз қонақ боп отырған Жамбыл облыстық «Ақ жол», бұрынғы «Еңбек туы» газетіне бас редактор болған азаматтардың бірі болған.
– Сол ағаң «Ойбай, Нұрмахан, кезінде біз де осындай ерлікті жасаймыз деп «отырып» келдік қой, байқасаңшы» деді. Сосын мен айттым: «Онда ендігі кезек бізге келген шығар» деп. Өйтпесем болмайды. «Жәй, осындай маңызды өзгеріс болды» дей салсам болмас еді. Газеттің бірінші бетіне «Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында төңкеріс жасалды» деп үлкен шапка бергенбіз. Астына төңкерісшілердің Жарлығын жариялап, «ИӘ, БҰЛ – ТӨҢКЕРІС!» деген мәлімдеме-мақаламды орналастырдым.
Редакциядағы жігіттердің барлығы менің жазған мақалам теріліп жатқанын көрген ғой. Сөйтіп, Жайық ағаларымен хабарласып: «Жақа, Сіз барып айтып, түсіндіріп, тоқтатпасаңыз Нұрмахан аға бізді тыңдамайды» деп жіберген екен. Сосын «Жақа, осындай жағдай. Егер біз үндемей қалатын болсақ, онда газетіміздің маңдайындағы ұранды неге өзгерттік? Әрине, шындықты айту үшін өзгерттік. Әйтпесе, басқа жұрт секілді маған да «бір мәнісі болар, онда тұрған ештеңе жоқ» деп жүре беруге болар еді» дедім.
Көбісі енді саясатты біле бермейді ғой, санаға әбден сіңіп қалған баяғы сұрқай ой-пікірден шығуға жүрексінеді. Соны байқадым да мәлімдеме-мақаланың соңына «P.S.» жазуға тоқталдым. Өйткені, Янаевшылар арам мақсатына қол жеткізсе мені тұтқындайды, басқаларын да жұмыстан қуады. Содан «Бұл мәлімдемеге редакция қызметкерлері емес, мен өзім жауап беремін» дегенді жазып, өз аузыммен айтқан сөзімді өз мойныммен көтеретінімді алдын ала жария етуге тура келді. Өйткені, жұрттың көңіл-күйін байқайсың ғой, сондықтан осындай тәуекелсіз болмайтын еді. Міне, мәселе осы тұғын. Негізгі себебі сол.
– Ал, енді осындай кезде адамның ішкі жан-дүниесі арпалысады ғой. Бір ой: «Жаз!» дейді, бір ой: «Тоқта, бала-шағаңды ойла!» дейді. Сондай сұрапыл сезімдер болды ма бойыңызда? Сана-сезіміңізде, басыңызда «Ертең олай-бұлай болып кетсем, ертең олар жеңіске жетіп, ұсталып кетсем» деген ойлар болды ма?
– Мен ол мәселені ойладым. Болады ондай ой. Солай болуы да мүмкін еді. Бірақ амал жоқ жазуға тура келді. Біз анау ұранды өзгертіп, тіпті, газетімізде «Қазақ іздеп жүрмін» деген тақырыпты да көтерген кезіміз болған. Ал жаңағы ТЖМК Жарлығына қарсы мақаланың қалай жазылғанын редакцияның сол кездегі қызметкерлері, сосын Жақаң біледі. Ол кісімен сыйластығымыз жақсы еді. Бұрынғы-соңғыдан білмейтіні жоқ, бәрін басынан өткерген, азапты да шеккен адам.
– Неге? Сонда қазақтар аз болды ма, қазақша сөйлейтіндер аз болды ма?
– Кеңестік саясат әбден билеп алған екен. Тіпті, Суворов атындағы училищесін ашу үшін Қарағандыдағы жалғыз қазақ мектеп-интернатын жауып, ғимаратын тартып алмақшы болғанын да көз көрді. Сосын мен телефонды алдым да облононың сол кездегі бастығы Коменский дегенге: «Володя, не істеп жатырсыңдар? Сендерге жалғыз қазақ мектебі де көп көрінді ме?!.» дедім. «Нұреке, Сіз айттыңыз болды, барлық шешімді өзгертеміз» деді.
– Сонда қазақ мектебін жауып, оның орнына Суворов училищесін ашпақшы болды ма?
– Иә, сөйтпекші болды. Бұдан басқа қызметкерлердің тұрғылықты жері бойынша көршілерін үгіттеу арқылы 5 қазақ бірінші сыныбын аштырғанмын. Осының барлығын істеп отырып, ТЖМК төңкерісі тұсында тайқып шығу деген болмайды. Мен осының барлығын жауапкершілікпен түсіндім, сөйтіп өзім мойныма алам дедім. Өйткені, бір пендешілік айтайын. 1942 жылы мартта менің әкем әскерге кетіп, сол жылы қыркүйекте шешем дүниеден қайтқан. Мен 5 жыл әкемнің үлкен жеңгесінің қолында тұрғанмын. Біздің үйден төрт адам әскерге кеткен. Менің әкем және үлкен ағасының үш баласы. Мен 5 жыл бойы небір қиындықтың бәрін көрдім. Бірақ ешкімге мұңымды шаққан емеспін, көз жасымды көрсеткен емеспін. Мені тәрбиелеген – әдебиет. Мен латын әліпбиін бірінші сыныпта оқығанмын. Француздардың атақты классиктерімен кішкентайымнан таныспын. Сосын «Құрыш қалай шынықты?», «Жас гвардия» дегендердің барлығы, жалпы, партияның принципінде де «Шындықты айт» дейді ғой. Сондықтан мен ақиқатпен тәрбиеленген адаммын.
–Сонымен мәлімдеме-мақалаңыз жарияланды. Облыстық партия комитеті хатшыларының реакциясы қандай болды?
– Біреуі бірдеңе деп үндей алмады. Ешқайсысы бір ауыз сөз айтпады. Анау КГБ дегеннен ТЖМК-ны насихаттаңдар деген нұсқау болған екен. Екінші хатшы Құсайынов дейтін жігіт ол нұсқауды алып, сейфіне құлыптап тастапты.
– Ол да ер екен. Орталық Комитеттегі идеологияға жауапты хатшылар шақыртқан жоқ па?
– Олар мүлдем білмейді, кейін естіді. Онда да Сейітқазы Матаев айтыпты. Ол кезде Сейітқазы Матаев «Индустриальная Караганда» газеті бас редакторының орынбасары еді. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы қызметіне ауысып, сонда жұмыс істеп жүргенде «Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде осындай оқиға болған» деп мені мақтаған ғой Қуаныш Сұлтановқа. Ол кісі «дұрыс жасаған екен» депті Сейітқазыны қолдап. Партияны тарату жөніндегі съезге қатысатындарды облыстық конференцияда ұсынып жатқанда «соған құштар адам емеспін, бірақ мынау соңғы съезд болғандықтан қатысуға құқым бар шығар» деп айтқаным бар. Сөйтіп ем бүкіл обком мүшелері бірауыздан дауыс берді. Бірінші хатшы ғана қарсы болды. Съезде отырғанда менің артымда қазақтың үш мықтысы отырды. Аттарын атамай-ақ қояйын, солар бір-біріне сыбырлап «бүлдіріп жүрген, міне, осы» деп мені әңгіме ғып, күбірлеп отырды.
– Дауыстарын естіп отырып үндеген жоқсыз ба?
– Жоқ, олар тура менің артымдағы қатарда отырды. Ондайлардың «жұмысы» үру. Өйткені, олар «коммунистік партия бәрін басқарып, асырап отыр, коммунистік партия болмаса тәртіп те, түк те болмайды» деп қасаң ойлайды. Ал коммунистік партияның «тәртібіндегі» мақсаттың ар жағына, яғни түбіне бармайды.
– Сол кезде қанша жаста едіңіз?
– Елу төртке толатын жыл ғой.
– Керемет! Нағыз ердің жасы елу екен ғой. Сіз «Орталық Қазақстанда» қай жылдан бастап бас редактор болдыңыз?
– 1988 жылы қазанда бардым. Үш жылдан кейін, яғни 1991 жылы қазанда министрлік ашылып, соған қызметке шақырып алды. Қасым Аманжоловтың 80 жылдығын өткіземіз деп қарағандылық делегацияны Алматыға бастап келгенмін. Сонда Қуаныш Сұлтанов жолығып қалды да «Нұреке, осындай жағдай боп тұр, қызметке келіңіз» деді.
– ТЖМК-ға қарсы шыққан ерлігіңіз халыққа қалай тарап кетті? Қалай болды, кім жазды?
– Оралхан Бөкей жазды. Коммунар дейтін жігіт Жезқазғанға барыпты. Сол жақтан біздің газетті алып келген. Содан Оралхан оны көргендағы «Редактордың ерлігі» деп «Қазақ әдебиеті» газетіне жазып, жариялап жіберген. Келесі нөмірінде «Кеңес Одағының батыры» деген атаққа ұсыну керек» деген ұсыныстары да басылды. Жазып жүргендердің барлығы партшколдың бір кездегі тыңдаушылары.
– Ал журналистік жолыңыз қалай басталды?
– 1952 жылы жетінші сыныпта оқып жүргенде аудандық газетке кішкентай хабар жаздым. Алғашқы жолым сол.
– Қай аудандық газет?
– Ол кезде Оңтүстік Қазақстанда Фрунзе деген аудан болған. Бұл жерде айту керек. ХVІІІ партия съезі 1939 жылы «Үкіметті халыққа жақындату керек. Одан алыс болмау керек» деген саясат ұсынған. Соныменен ірі аудандар қысқарып, Түркістан ауданынан Фрунзе ауданы, Келес ауданынан Сарыағаш ауданы бөлініп шықты. Бір-екі аудандар қосылған. Сол ауданның газеті болатын. Оқта-текте жазып тұратынмын. Мектепте өзім қабырға газетінің редакторы болдым. Басқа да қоғамдық жұмыстарға араластым. Елу бесінші жылы, мен мектеп бітіретін жылы «Тың игеру» деген шықты ғой. «Мен сол «Тың игеруге» барамын» деп «Лениншіл жасқа» сәуір айында суретіммен мақалам шыққан. Бірақ соған барамын деп қанша жұлқынсам да, ешкім жолдама жазып бермейді. Райком жазбайды. Онда обкомнан рұқсат алу үшін Алматыға барасың. Сөйтіп Алматыға барып Дыхновтың қабылдауында екі күн отырдым. Ол да қабылдамады.
– Дыхнов деген кім еді?
- Бірінші хатшы еді. Кейін Роза дейтін ұшқыш қызымыз болды ғой. Михайл Иванович Есеналиев деген соның көмекшісі болған. Содан Сағындық Кенжебаев Сәбит Мұқановқа телефон шалып, «жазғандарын жіберемін» деді. Қайбір жазды дейсің, шатпақ қой. Сөйтіп ол келсін деді. Барған соң «Тыңда нең бар сенің» деді. «Саған оқу керек» деді. Сөйтсем, оның себебі тыңға баратын қазақстандықтарға ақша бермейді екен. Сырттан келгендерге береді екен. Райкомның жасырып отырғаны осы екен. «Өзіңнің қаражатыңмен істесең істей бер» деген сөзі екен. Сосын бәрібір кеттім. Соколов-Сарыбай комбинатының құрылысында істедім. Содан он тоғыз жасымда обком комсомолының «Құрмет грамотасын» алдым. Сосын кейін оқуға келдім.
– КазГУ-ге ме?
– Иә, КазГУ-ге, журналистикаға.
– Қай жылы түстіңіз?
– Елу жетінші жылы. Тура жиырма жасқа толатын жылым.
– Бес жыл оқыдыңыздар?
– Иә, бес жыл оқыдық қой.
– Одан кейін қайда бардыңыздар?
– Студент кезімде «Жетісуда», «Қазақ әдебиетінде» істегенмін. Диплом алғаннан кейін «Мен ауданға барамын» деп Жезқазғанның аудандық газетіне кеттім.
– Қай аудандық газет?
– Жезқазғанның екі ауданы болатын. Ұлытау мен Қарсақбай. Солардың біріктірілген аудандық газеті болатын. Сонда қызмет істейтін Тоқан Әбуғалиев деген жігітті Өскеменнен танушы едім. Сол шақырды. Одан кейінгі бір себеп, мен нағашымды көрмеген адаммын. Мүмкін нағашымды тауып қалатын шығармын деп ойладым. Сөйтіп жиырма бес жасымда туған нағашымды таптым. Шешемнің туған ағасын таптым. Шешем қырық екінші жылы қайтыс болып кеткен.
– Ал енді аудандық газеттен кейінгі өмір жолыңыз?
– Сосын Оңтүстік Қазақстандағы Түркістан аудандық газетіне ауысып, сонда бір жыл бес ай істедім де, Алматыға кеттім. Содан 1965 жылы «Лениншіл жасқа» ауыстым. Алдында Бақытжан Кәкімбаев шақырған «Жетісуға». Шақырғанда да «бірінші қыркүйекке дейін жетесің, жетпесең басқаны аламын» деп ескерткен. Мен екінші қыркүйекте бардым, ол бірінші қыркүйекте қызметке басқа біреуді алып қойыпты. «Ей, қызықсың» дейді. «Ең болмаса, "келе жатырмын" деп телефонмен айтсаң, болды емес пе?». Содан сол «Лениншіл жаста» анау Еркінбай Әкімқұлов деген демалыста екен. Сол келді. Келді де «Комсомолдардың Құрмет грамотасын алған сен бе? деп сұрады. Сөйтті де, «Онда сені қызметке өзім аламын» деді. Бір жылдан кейін бөлім бастығы болдым.
– Редактор кім еді?
– Шерхан ағамыз. Шәкең, күніне екі жүз жол материал дайындау керек деп тапсырма берді. Сосын мен: «Шәке, мен аудандық газеттерде үш-төрт жылдан астам уақыт қызмет істегенмін. Әрбір қызметкер күніне төрт жүз жолдан материал бермесе газет шықпайды» дедім. Нағыз журналист үшін аудандық газет пе, республикалық газет пе, бәрібір болу керек. Журналист журналист болу керек. Сөйтіп бір жылдан кейін бөлім бастығы, кейін алқа мүшесі болдым. Сөйтіп жүргенде Көрік Дүйсеев комсомолға шақырды қоймай…
– Мен таңқаламын. Сіз менің ойымша, мансап, бедел қумайтын сияқтысыз. Мысалы үшін Сіздің орныңызда басқа біреу болса «Тәуелсіздіктің таңсәрісінде Толағайдың ерлігін көрсеткен маған неге сенатор болмасқа?», «Маған неге депутат болмасқа?» деп, биік лауазымды қызметтерге де ұмтылар еді…
– Адам үшін ең бастысы — өзінің абыройын сақтау. Қалғанының барлығы жай сөз.
– Ғибратты әңгімеңізге рахмет.Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
www.akjolgazet.kz