Адамжегіш Жұмағалиевтің құрбаны болған қыздың ағасы сұхбат берді

Адамжегіш Николай Жұмағалиевтің 1990 жылы Ақтөбеде жеп қойған құрбаны туралы дерек қанды оқиғадан 24 жыл өткен соң, 2014 жылы ашылған болатын.

 Адамжегіш Жұмағалиевтің құрбаны болған қыздың ағасы сұхбат берді Жақында каннибал жауыздықпен өлтіріп, жеп қойған Айнагүл Ақбисенованың ағасы Жәрдем Ақбисенов жергілікті aktobetimes.kz басылымына  сұхбат беріп, атышулы оқиғаның өз отбасыларына қалай әсер еткенін айтып берді.

"Қарындасым айуандықпен өлтірілген кезде мен Алматыға іссапарға кеткен едім. Оқиғаны естіп, дереу оралдым. Горький көшесіндегі (қазіргі Асау Барақ) үйге келіп, оның бөлшектелген денесін көргенде, жынданып кететін шығармын деп ойладым. Тіпті, қылмыскер оның қанын ішкен кесені де тастап кетіпті", - деп еске алды Жәрдем. Ол сол оқиғадан соң 3-4 ай бойы ұйықтай алмай, қорқынышты түстер көргенін, ал қарындасын мұсылманша киізге орамай, табытқа салғанын айтты. "Табытқа салуға тура келді. Өйткені, оның басы денесінен бөлектеніп қалған. Бұл жағдай бәрінен бұрын әкеме қатты ауыр тиді", - дейді ол. Жәрдемнің айтуынша, қызының ауыр қазасынан соң әкесінің көзі көрмей, соқыр болып қалған. Ақыры қайғысы ішіне түсіп, көз жұмған. Ал қарт анасы бүгінге дейін Ойыл ауданында тұрып жатыр. "Біз 11 балалы отбасыдан едік. Мен үлкенімін. Қарындасым ақкөңіл, жайдары болатын. Көздері үлкен әрі көгілдір, сұлу еді. Әдебиет пен көркемсуретті сүйетін. Мектеп кезінде оның артынан талай жігіттің жүгіргенін көрдім. Кейін медицина факультетіне түсіп, ауруханада қосымша жұмыс істеп, отбасымызға көмектесіп жүрді", - деп еске алады Жәрдем Ақбисенов. Жәрдемнің айтуынша, сол түні қарындасы түнгі ауысымға түсуі керек болған. Алайда, құрбысы қонаққа келетін болғасын, сұранып кетіпті. Үйден 200 метр жердегі аялдамаға құрбысын шығарып салған кезінде оны адамжегіш Жұмағалиев байқаған да, түн ортасында Айнагүл тұратын үйге басып кірген. "Біз талай бақсы-балгерге барып едік. Соның ішінде біреуінің ғана болжамы келіп отыр. Ол қызды қандықол адам өлтірді, алдағы уақытта кім екенін білетін боласыздар деп айтқан", - дейді Жәрдем. Сол оқиғадан кейін Жәрдем Ақбисенов Алматы қаласына көшіп кетіпті.

Источник: NUR.KZ