Қазақтың ауызға түкіру салты талқыға салынды

Қазақтар ауызға түкірумен көптеген ырымдарды байланыстырған деп жазады gonzo.kz.

Қазақтың ауызға түкіру салты талқыға салынды

Фото: massaget.kz

"Қызуқанды, көп сөйлейтін адамды "аузына шайтан түкіргендей" деп атаса, үйдегі кішкентай балаға қонақтың көзі өтпеуі үшін одан жерге түкіруін өтінеді" деп жазады сайт. Одан бөлек, аспанға, айға, шаңырақ пен құдыққа түкіруге тыйым салады. "Алайда, бір қызығы адамның аузына түкіруге рұқсат еткен. Әрине, бұл жерде үлкен адамдар емес, кішкентай сәбилердің аузына көп түкіртеді. Бұдан жүздеген жылдар бұрын сәбидің ата-анасы танымал ақын, музыкант, батыр, би немесе абыройлы ақсақалдан баланың аузына түкіруді сұраған", - делінген сайттағы жазбада. Осы орайда ата-ана баласының да абыройлы, танымал болғанын қалаған. "Тіпті, баланың аузына түкірту үшін алыс жолда артқа тастап барған ата-аналар да бар. Кейін осы істерін айтып, қонақтарына мақтанған да. Осыдан соң, сәбиі дарынсыз болмайды деп ескертіп отырады", -  деп жазады сайт. Бұл дәстүр бұрынырақта жиі қолданылғанымен, біздің заманымызда да ұмыт қалған жоқ. Ғаламтордан танымал тұлғалардың да аузына түкіргенін білуге болады. "Танымал ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың аузына даңқты ақын Мағжан Жұмабаев түкірген. Атақты күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев қазіргі танымал әнші Мейрамбек Беспаевқа түкіріпті", - делінген сайтта.

Әнші Бағдат Сәмединова мен жазушы Мархабат Байғұт та өздеріне "ауызға түкіріп бер" деп жиі өтініш айтылатынын жасырмаған.

"Менің бір досым өз танымалдығын бала кезінде атақты әншінің түкіргенімен байланыстырады. Сіз де ата-анаңыздан осы туралы сұрап көріңіз", - деп ойын түйіндейді автор. Аталған материалға байланысты танымал журналист Ғалым Боқаш та әлеуметтік желіде өз пікірін білдірді. "Осында "баланың аузына түкіру" салтын жақтап я айыптап пікір таластырған достарым: "Біреудің сілекейі аузыңа түсіп кетсе, сол адамның ДНҚ-сы денеңе сіңіп кетеді, табиғатыңның бір бөлшегіне айналып кетеді" деген тұжырым айтып қалыпты. Еріксіз ойыма құмсағызды кезектесіп шайнаған, жалғыз "әтеш" мұз кәмпитті жабылып жалаған, Coca Cola-ны бір бөтелкенің аузынан бөліп ішкен және басқа да түрлі жағдайларда байқамай я байқап сілекей алмасқан замандастарым есіме түсіп кетті", - дейді ол. "Мен білетін ғылыми фактілер бұл мәселені кішкене басқашалау сипаттайды. Адамның терісінен бастап, ішегіне дейін белгілі бір уақыт аралығында клетка деңгейінде толық жаңарып тұрады. Былайша айтқанда жылына бірнеше мәрте физиологиялық тұрғыдан алғанда "жаңа адамға" айналамыз. Сол себепті "іштегі бір вагон адам" туралы ой жаңсақ, әрқайсысы шелектеп түкірген болса да", - деген журналист өзінің Facebook желісіндегі парақшасында.

Источник: NUR.KZ