СІЗГЕ ТАРТСЫН БАР ҚАЗАҚТЫҢ КЕЛІНІ!..

6
4009

Қазақтың мақтанышы, Иманғалидай айтулы атпал азаматты дүниеге әкелген Алаштың ардақты анасы Ділдә Матайқызы Тасмағамбет келінінің бүгін туған күні екен. Кезінде бұл кісінің «Айналайындарым, менің» атты тәлім мен тәрбиеге, өсиет пен өнегеге толы кітабын оқып риза болғаным бар. Сол ризалық сезімнен осы «Аналық» дейтін өлеңім жазылған еді. Аман болсын Анамыз!

Аналық

Алтын құрсақ Анада ғой даналық,
Сол Анадан туып жатар сан алып.
Жұмсақ сөзін жайып берген жұртына
Жүрегіңнен айналайын, Аналық!

Еппен басып ашатұғын есікті,
Бүгінгі қыз, ертең Ана – бесікті.
Іңкәр сезім, іңгәлаған сәбиге
Жарық нұрды жатырдан-ақ кесіпті.

Мейірім мен мейманасы тасыған,
«Әлди» болар өмірдегі асыл ән.
Тағдырдың да тауқыметін көп тартқан
Аналық-ай, айқаракөз жасынан!

Пенде бар ма тіршілікте тарықпас,
Абайша айтсақ, «ақырын жүр, анық бас».
Керегені кие тұтпас келіндер
Ертеңіне Ене болып жарытпас.

Тәңірінен болғанымен таңғы асы,
Аналардан бастау алар Ар басы.
Данышпанды дүниеге әкелген
Зерелер мен Ұлжандардың жалғасы.

Қамшы бойлы тіршілікте қас-қағым,
Бұлт басар көңілдің де аспанын.
«Білетінің қайсы» – дейді, Құранда
«Білмейтінін үйретпесең басқаның».

Ақылымен артып жатса бағасы,
Алқа топтың болмас сірә, таласы.
Сізге тартып бар қазақтың келіні,
Сіздей болсын Алашымның Анасы!

Әлібек Шегебай

14.01.2015 жыл

Фейсбук парақшасы

6 ПІКІРЛЕР

  1. Алаштың анасы деуге лайық аяулы жан болғасын Алаштың мұңын мұңдаған Иманғалидай ақберен тұлға туған ғой. Анамыз аман болсын! Имекең қияға самғай берсін!

  2. Иманғали қазақта дүниеге ілуде бір келетін азаматтардың бірі ғой. Име-кеңнің менімен құрдас екенін мақтан тұтамын. Анамыздың туған күні құтты болғай. Бар аналар сияқты жүзінен нұр жауып тұрған Ділдә анамыздың суретін көріп марқұм анам есіме түсіп сағыныш – шумақ жазылды. Менің анам суырып салма ақын еді жарықтық.
    Аналарды сағынбауға бола ма,
    Сәбиіме тұмау – сырқау жолама,
    Деп жүретін пәруана боп басыңда,
    Бәрімізді ер жеткізген сол Ана!

  3. «Алып – анадан» деп халық бекер айтпаған. Қалың қазақ үшін «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай», Алаш үшін ат үстінде жүрген, Тұранға тұлға боларлық Иманғали ағамыздай ардақты қайраткерді туған асыл анамыз жүзі жарқын күйде жүзге жете берсін! Әлібек әдемі жазыпты, бар анаға арналғандай жыр екен!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз