Мұрат Әбенов автокресло туралы жаңа заңға қарсылық білдірді

6
1538

Өткен аптада 12 жасқа дейінгі балаларды көліктерде арнайы автоорындықтарсыз алып жүруге тиым салатын жол қозғалысы туралы заң талабы күшіне еніп, жаңа заң халықтың наразылығын тудырды.

Мұрат Әбенов автокресло туралы жаңа заңға қарсылық білдірді
«Айқын» газетіне берген сұхбатында Мұрат Әбенов бұл ережені орындау үшін қазақстандықтар бір аптада 150 миллиард теңге жұмсауға мәжбүр болатынын айтады.

«Қазақстанда барлығы 4,5 млн автокөлік тіркелген. Олардың ең кемінде үштен бірі 12 жасқа дейінгі балаларды алып жүруге пайдаланылатын болса, онда 1,5 миллион автокөлікке арнайы балалар орындығын алу шарт. Егерде кемінде әр орындық ең арзаны 10 мың теңге тұратынын есептесек, онда кемінде бір аптаның ішінде қазақстандықтар осы өзгерістерді іске асыру үшін 150 миллиард теңге жұмсауы керек. Бұл – отбасылардың жоспарында жоқ шығын», – деді танымал саясаткер Мұрат Әбенов.

Сонымен қатар саясаткер сол 1,5 мил­лион орындықты сауда орындары қысқа мерзімде әкеліп үлгермейтінін айтқан.

«Соның нәтижесінде, миллиондаған балаларды көлікпен алып жүру заңсыз болып сана­лады. Қолдан жасаған проблема деп осыны айт!» , – деді Әбенов.

Ол өз  тәжірибесінде халық тарапынан жаңа заңға қатысты мұндай нара­зылықты бірінші рет байқап отырғанын жасырған жоқ.

Балаларын мектепке жеке көлікпен тасымалдау – жүргізушісі бар бай ата-аналардың ермегі емес, көп отбасы үшін мәжбүрлі қадам.

«Жаңа талаптар көптеген әлеуметтік қозғалмаған тұрғындардың мүдделеріне қарама-қайшы келіп тұр. Балаларын мектепке жеке көлікпен тасымалдау – жүргізушісі бар бай ата-аналардың ермегі емес, көп отбасы үшін мәжбүрлі қадам. Ал қоғамдық көлік тек, астаналарда ғана азды-көпті қызмет көрсетеді. Оларда мектеп автобустары қарас­ты­рылмаған. Әсіресе, қыс айларында жеке көліктерден басқа көлік түрлері тапшы», – деп өз ойын білдірді саясаткер.

Ол кейбір көпбалалы отбасылар қаражат­тарын үнемдеуіне байланысты балаларын мектептерге және балабақшаларға апару үшін ескі көлік сатып алатынын айтты.

«Мәселен, Қызылорда жақта ауылда тұратын туысқаным бар. Оның төрт баласының да жастары 12-ге толмаған. Соларды мектепке тасу үшін ескі көлік алған. Енді ол 50 мың теңге айлығының 30 мың теңгесін балаларының тамағынан жырып алып, арзан автоорындықтарға жұмсауға мәжбүр», – деді Әбенов.

Саясаткер автоорындықтарды елге кімдер алып келетініне, бұл бизнес кімнің қолында тұрғанына таңданыс білдірген.

Туысқаным 50 мың теңге айлығының 30 мың теңгесін балаларының тамағынан жырып алып, арзан автоорындықтарға жұмсауға мәжбүр

«Олардың артында кімдер тұр? Автоорындықтар үшін кететін 150 миллиард теңге үлкен нарықты білдіреді. Оған қоса бұл талаптарды асығыс, алдын ала түсіндірмей, үн-түнсіз келіп, жаңа жылда бір сәтте енгізу мұның барлығы біреулердің мүддесі үшін жасалғандай әсер қалдырады. Мұндай заңдар ашық, жариялы түрде қабылдануы керек еді. Осы заң даярланып жатқан 1 – 2 жылдың аралығында халыққа түсіндірілуі тиіс болатын», – деді ол.

Мұрат Әбенов жаңа ереженің асығыс, жасырын түрде, дайындықсыз жасалғаны халықты емес, жеке мүддені ойлаған болып көрінетінін де айтты.

«Бұл жерде жемқорлық көріністері бар. Сол себептен, осы заңды іске асыруды тоқтата тұру керек, тез арада оны өзгертіп, талапты кезең-кезеңмен іске асыруды қолға алу керек», – деді Әбенов.

Источник: NUR.KZ

6 ПІКІРЛЕР

  1. Уш баланыз болса, баратын жер!н!зге 3 рейс жасаныз. Сода 3 кресло алып керег! Жок. Бензин арзандады гой, ештене етпес. К! шкене шыдасак , акыл к!р!п, ол креслоларды да алып тастайтын шыгар. Казак халкы шыдамды гой.

  2. Автокреслога баланды отыргызып койып ед!м баратын жер!ме азер жетт!м.айкайлаганда дауысы кокке жетт! Отсылай кайталана берсе аварияга да тусу!м!з мук!н. Артык кыламыз деп тыртык кылмайык курметт! Кауым

  3. Иә, дұрыс айтады «Асыққан шайтан ісі» деген, депутат мырзалар заңды асықпай қабылдаңыздар! Сіздер қайдан шыққандарыңызды ұмытпаңыздар, сенім артып дауыс берген ел- жұртыңның сенімін ақтамасаң ел үшін құның көк тиын.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз