Жаңа заңды неге жатырқадық?

images Жол-көлік апатынан кісі өлімі көп болатын елдердің қатарында біздің еліміз де бар. Былтыр жол қауіпсіздігі рейтингінде Қазақстан 192 елдің ішінде 128-орында болған. Сондықтан тәртіпті күшейту мақсатында жолда жүру ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Осы жылдың 7 қаңтарынан бастап «Жол жүру ережесі» туралы заңға енгізілген түзетулер күшіне еніп те үлгерді. Заңның көліктің шамын күндіз жағып жүру, көлікте 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы жасалған орындыққа таңып тастау сияқты тұстары жұртшылықтың ашық наразылығын туғызып отыр. Кеше ғана Астана қала­сын­да брифинг өткізген Ішкі істер министрлігінің бас­қарма бастығы жаңа жол жүріс ережелеріне қатысты өзгерістер былтыр сәуірдің 17-сі күні енгізілгенін және бұл ұсыныстың қазанның 20-сында бекітілгендігін мәлімдеді. Яғни, осы уақыт аралығында ел тұрғындарының дайындалуға жеткілікті уақыты болды дегенді алға тартады. Жет­кілікті уақыт берілгенімен, құзырлы мекеменің тарапынан халыққа тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілмегендіктен, жүргізушілер арасында нара­зылық туындауда. Жаңа заң қол­данысқа еніп жатқан кезде барып, Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Қанат Сәдуақасов: «Күшіне енген жол қозғалысы туралы заңда жолаушыға арналған алдыңғы орында автокресло, ал артқы орында баланы бекітіп қоятын арнайы құрылғы немесе баланы қауіпсіздік белдігімен байлап қоюға ыңғайлы жабдық болуы тиіс» деп түсіндірді. Ойлап қарасақ, 12 жасар бала 5-6 сыныптың оқушысы. Атам қазақ 13-те отау иесі демеп пе еді? Естияр баланы байлап отырғызу кімге тиімді сонда? Олардың өмірін қорғау үшін қауіпсіздік белбеуінің өзі жеткілікті сияқты. Бұл заңды шығарғанда бәлкім, басты құндылығымыз болып табылатын балалары­мыздың амандығын сақтауды ойластырған шығар. Әйтсе де, баланы байлап қоятын арнайы құрылғылар мен автоорын­дықтар мектеп жасынан тө­менгі балаларға қолданылатыны жеткілікті болар... Қош... Не десек те, жаңа заң күшіне енді. Сондықтан да бар­лығымыз бағынуға мін­деттіміз. Аяқастынан ене салған адамның санасына сыймайтын мұндай заңдардан билік те, МАИ қызметкерлері де жапа шекпейді, әрине. Тек, еселеп өскен айыппұлды төлейтін де, зығырданы қайнап, жүйкесін жұқартатын да қарапайым халық. Бирифинг барысында Қанат Сәдуақасов: «Таксилерде бала­лардың автокреслоларының болуы міндетті. Бұл жерде бастысы коммерциялық мақсаттағы тасымалдарға жағдай жасау емес, негізгі мақсат - таксист болсын, жеке көлік құралы болсын, балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігін сақтау. Олар қауіпсіздік белбеулерімен жабдықталған көлік құралдарын пайдалануы тиіс» – деп кесіп айтты. Дәл қазіргі таңда Астана, Алматы сынды ірі қалалардың өзінде арнайы такси қызметімен айналысатын көліктердің өзі де автоорындықты орната қойған жоқ. Сондықтан да, таксистердің өзі балалы ананы қыстың көзі қырауда жолда қалдыруға мәжбүр. Дәл осы жерде билік басындағылар балалардың қауіпсіздігін сақтаймыз деп, олардың құқығын бұзып тұрғанын сезе ме екен? Уақыт өте келе бұл кемшіліктердің барлығының орны толатыны белгілі бірақ, әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылар әрбір баласына автоорындық алуға жағдайы келе бермейді ғой... Күні кеше ғана теледидардан қарағандылық жүргізушілер «Жол қозғалысы ережелері» туралы заңға енген өзгерістердің кейбірі ақылға сыймайтынын айтып, наразылық білдіріп жатты. Көлік жүргізушілерінің жанайқайы үлкен дау-дамайға ұласып кете ме деп сескенді ме, кім білсін қаланың полиция басшылығы әзірге айыппұл салуды қоя тұрып, ескертумен шектеле тұруды жөн санады. Әйтсе де халықты былайша алдарқату ұзаққа созыла қоймайтындықтан, халық ерте ме, кеш пе жаңа ережені орындайтыны сөзсіз. Ал, енді жаңа ережені орындай қояйын десе, қала дүкендерінде халыққа қажетті автоорындықтар мен арнайы тұтқыр құрылғылардың бағасы аспандап тұр. Алматы қаласындағы «Green» сауда орталығындағы «Балалар әлемі» дүкенін аралау барысында ең арзан автоорындықтың бағасы 20 000 теңге тұратындығына көз жеткіздік. Ал «Апорт» сауда орталығындағы «Балалар әлемі» дүкенінен 15 000 теңгеге қол жеткізуге болатынын білдік. Ал, Қазақстанда балалар автокреслосының бағасы Орал қаласында 7 мың теңгеден басталса, ең жоғарғы баға Қарағанды қаласындағы элиталық дүкендерде 100 мың теңгемен аяқталады. Бұл жақында ғана ҚазТАГ агенттігінің жүргізген мониторингі. Иә, «не жоқ болса, сол қат» деген рас болды. Бұрындары 4000 теңгеден алуға болатын арнайы тұтқыр құрылғыларды қазір қаладағы ешбір дүкендерден іздеп таба алмайсыз. Бағасы қолжетімді арнайы құрылғыларды ала қояйын десе, таба алмаған қарапайым халық баламен жол жүруді тоқтата тұруына тура келетін шығар... Онсыз да дағдарыстың қыспағында қалған халықты тығырыққа тірей бергеннен не ұтамыз? Гүлмира САДЫҚ