Келесі сайлау қалай өтеді?

0
1720

Жалпы, өткен жылдың тамыз айынан басталған, әуелі үкіметтік құрамның ықшамдалып, облыстық әкімдерді қайта іріктеу, президент әкімшілігі құрамын өзгерту, саяси талдау орталықтарының мазмұндық реңге көшіру, шетелдегі елшіліктердегі жаңа тағайындаулар, бүгінгі қауіпсіздік құрылымдарын жандандыру – келешектегі сыртқы һәм ішкі саяси науқандардағы түрлі сценарийлердің орын алуына дайындығы басталды. Яғни, билік мемлекеттік саясаттағы бағыттарды қайтадан анықтап, пысықтап жатыр, әрі сыртқы өзгерістердің келер талаптарына қарай әрекет етуде. Мұны Елбасының журналистермен кездесудегі сөзінен байқадық.

Біздіңше, парламенттік құрамды жаңалау немесе заң шығару органын нығайту мә­селесін қолға алу келесі қадам болуы тиіс. Қазір кейбір сарапшылардың президенттік сайлау мерзімінен бұрын өтуі мүмкін деген пікірлер де айтылып қалып жүр. Егер соңғысына мән берсек, әзірше ықпалы күшті биліктің мынандай дағдарыс меңдеген уақытта өтуі өзекті емес, әрі айтарлықтай қажеттілігі де жоқ.
Сондықтан, керісінше, Елбасы қарқынды индустриалдық, кәсіпкерлік, өндірістік экономиканы жеделдету үшін заңнамалық-нормативтік актілерді жасақтауды қолға алады. ЕЭҚ аясындағы проблемалық мәселелерге төтеп беретін, ішкі даму көрсеткіштерін күшейтетін бизнестің жаңа картасына мүмкіндік жасалады. Осы орайда логистикалық, макроэкономикалық үдеріс­тер мен инвестиция­лық ұсыныстарды енгізудің жаңа тетіктерін қарастыру маңыз­дырақ. Мұның бәрін Пар­ламенттік фракциялардың қажырлы әрекеттері алға жылжытады. Сол үшін де, осы бағытта сапалы ұсыныс пен бас­та­маларды көтеріп жүрген жұмысшы фракциялардың маңыздылығына билік тарапынан үлкен мән берілетіні анық. Бұл дегеніміз, сайлау науқанының ауылы да алыс емес деген сөз. Ал, сайлау бола қалған жағдайда, билік фракциясының үштен бір мандаттары нақты жұмыс істейтін фракцияларға, жаңа форматтағы, яғни солшыл бірақ социал-демократиялық бағыттағы партиялардың кіруіне мүмкіндік берілуі ғажап емес. Себебі, нарықтық талаптардың күшеюіне қарай, әлемдік тәжірибеде нақты осы социал-демократиялық бағыттар басымдыққа ие, мұны Еуропалық одақтағы фракциялардан көруге болады. Сол себепті, сайлау парламенттік болуы керек. Бірақ өткізу кезеңінде көбіне ауа райы мен саяси ахуал емес, биліктің халықтың алдындағы орындалған міндеттері мен нәтижелері алдымен ескерілуі шарт.

Мақсат ЖАҚАУ,
«Ақ жол» ҚДП төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз