Теңізге тамған сәуле

Зулхия мен Нэлли Қазақтың алғашқы экран патшайымдары туралы сыр Сонау 1958 жылдың көктемінде Алматыда тұңғыш рет көгілдір экран арқылы көрерменмен жүздесіп, қазіргі республикалық «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тұңғыш хабарларын бастаған алғашқы дикторлар Зұлхия Жұматова мен Нелли Омарованы бүгінгі жас ұрпақты былай қойып, үлкендердің өзі жыға тани бермеуі мүмкін. Алайда халық Ұлттық арнаның осынау қос қарлығашын кезінде әлемге әйгілі эстрада жұлдыздарынша әспеттеп, хан көтере құрметтеген. Сол ардагерлерден өздерінің кейбір өмір белестері туралы сыр тартқан едік. – Телевизия әлеміне алғаш қалай тап болған сәттеріңізді еске түсіріп көресіздер ме? Зұлхия Жұматова: – Менің негізгі мамандығым – мұғалім. Бұған қоса шығармашылықпен де айналысқан едім. Өлең, әңгіме жазамын, көркем аудармамен шұғылданамын. Сондықтан, бастапқыда дикторлық жөнінде ойламаппын да. Тек балалар хабарларына редактор болсам ба деп талаптанғанмын. Үлкен конкурстың үстінен түсіппін. Кейін білсек, сынаққа 750 үміткер қатысыпты. Байқағаным, соған келген қыздардың көбі ана тілін жетік білмейді екен. Бір-екі күн келіп жүргеннен кейін мен де бағымды сынап көрейінші деп ұйғардым. Жиырма шақты адамнан құралған комиссия жетекшісі Шәкен Айманов маған кезек келгенде пульттен: «Кәне, бірдеңе айтыңыз!» деп дауыстады. Мен: «Өзімнің өлеңімнен үзінді оқып берейін» дедім де: – Кімнің сөзі, мақсат не ол жырдағы? Түсінбеп ем, жас едім ол жылдары. Абай атам Пушкин болып жырлаған, «Татьянаның әні» екен ол қырдағы – деп саңқ ете қалдым. Шәкең: «Орысша білесіз бе?» – деп сұрады. Өз-өзімнен қанаттанып алған мен әлгі шумақты қолма-қол жобалап орысша айтып жіберіппін: – Чьи были слова? В чем суть тех строк была? Не знала, наивно молодая, что Абай ата, став Пушкиным Нам песню Лариной, Потомкам степи подарил... Шәкең қатты риза болып, қол соқты да: «Бірауыздан қабылданады!» деді сонадайдан айқайлап. Өз құлағыма өзім сенгенім жоқ. Әрине, қуандым. Бірақ үйде балаларым көп. Отбасым үлкен. Ай, күйеуім мұндай жұмысқа жібермейді-ау деген уайыммен үйге қайттым. Бірақ кейін бәрі жақсы шешілді. Нелли Омарова: – Телевизиядағы жұмысты өте кездейсоқ бастадым. О кезде жаңадан құрылған Химия-биологиялық институтында сот сарапшысы болып қызмет ететінмін. Кандидаттық диссертация жазып жатқанмын. Бір күні телевизия ғимараты жанынан өтіп бара жатыр едім, әлдебір әйел: «Қызым, сіз конкурсқа келе жатқан боларсыз?» деп тоқтатты. Мен таңырқап: «Қайдағы конкурс?!» деймін. Әжептәуір қызметім бар. – «Дикторлар конкурсына!». – «Жоқ, о не дегеніңіз! Мен мүлде басқа саланың адамымын!». «Сіздің орныңыз телевизия ғой. Сіздей көрікті болсам, тек сол жерде жұмыс істер едім!». Міне, әлгі адаммен арамызда осындай диалог болды. Қалай дегенмен, о кісінің соңғы лебізі құлағыма жаққан болуы керек, неде болса қатыса кетуді жөн көрдім. Сөйтіп өттік қой. Кейінірек білсем, ол бейтаныс әйел – бірінші арнаның алғашқы еңбеккерлерінің бірі Күләш Әшкеева екен. – Ұстаздарыңыз кімдер еді? Зұлхия Жұматова: – Мен Әнуар Байжанбаевты ұстазым деп білемін. Кездескен сайын: «Жақсы келе жатырсың. Тек мынандай сәтте бүйт, анандай жағдайда өйт» деп ақыл-кеңес беруден жалықпайтын. Бізден кейін Ләскер Сейітов, Сауық Жақановалар келді. Бұлардың да әрқайсысын өз саласының бір-бір мектебі десек артық емес. 1958 жылы Мәскеудегі ірі арналарда жұмыс істеп қайтудың да сәті түсті. Онан да көп нәрсе алғаным анық. Нелли Омарова: – Ол кезде тәжірибелі телевизия қыз­меткерлері бола қоймайтын. Сондықтан, театрдан, киностудиядан келетін режиссерлерден, газет-журнал редакторларынан, қысқасы, шығармашылыққа қатысы бар үлкеннен де, кішіден де үйрендік десек артық емес. Мәселен, режиссер Ләйла Ғалиева маған жымиюды үйретті. Бұл бір қарағанда жеңіл-желпі нәрсе көрінгенімен, әжептәуір қиын шаруа болатын. Алпысыншы жылдары Мәскеу мен Ленинградтың білім жетілдіру курстарына баратынбыз. Жылына екі реттен дикторлар семинарлары деген өтетін еді. Оған бүкіл Одақтың жүргізуші-дикторлары жиналатын. Көп нәрсеге үйренесің, әрине. Жетекші мамандар сөйлеу техникасына, актерлік шеберлік техникасына баулитын. Мен де Ленинградта екі айдай жұмыс істеп қайттым. Журналист Игорь Саввин, режиссер Юрий Сацуктермен әріптес болдық. Владимир Рапопорт қандай ғажап редактор еді! Екі-үш сөздің орнын ауыстырса бүкіл сөйлем құлпырып кетеді. Бізге Мәскеуден Юрий Левитанның өзі келген кезінде! Міне, солардың бәрінен үйрендік. Мен өзім кейінірек консерватория жанынан режиссерлер факультеті ашылды да, соған түстім. Одан соң, әрине, көп жағдайда екеумізге де алғашқы жоғары біліміміздің көп жәрдемдескені анық. – Ол кездегі жағдай мен бүгінгі ахуалдың арасы жер мен көктей ғой. Нелли Омарова: – Иә, онда қазіргідей суфлер деген түсімізге де кірмейді. Мәтінмен даярланатындай бөлмеміз де жоқ. Дәлізде жүріп әзірленген боламыз. Кейде қолжазбаны қарауға да шамамыз келмей, экранға бірден шығатынбыз. Онда камералар екі жүз келілік. Өте ауыр және қолайсыз ғой. Не бұра алмай­сың, жылжыту да оңай емес. Ал қазіргі техниканы көргенде таңдай қақ­пасқа лаж жоқ. Бұрын алдын-ала таспаға жазып алу деген де болмайтын. Ылғи тек «тірідей» шығасың. Әрі аңдатпаны да, бағдар­ламадағы соңғы жаңалықтарды да өзіміз оқитын едік, концерт, кинофильмдерді де өзіміз хабарлайтынбыз. Дегенмен, іске тез дағдыланып кеттік. – Көгілдір экран арқылы көрерменді елдің небір айтулы азаматтарымен таныстырдыңыздар ғой. Сол секілді олар да өздеріңізді жақсы таныды. Ерекше есте қалған кездесулер бар шығар? Зұлхия Жұматова: – Мысалы, Нелли екеумізге де зама­ны­мыздың заңғар перзенті Мұхтар Әуезовпен бірнеше рет сұхбаттасудың сәті түскен. Оған қандай жүрек керек екенін сезінетін шығарсыз! Сол сияқты қазақтың өзге де небір марқасқа ұл-қыздарымен сұхбаттасып жүрдік қой. Әрине, ондай жүздесулер естен кетер ме! Нелли Омарова: – Бірде құрбымыз екеуміз Үкімет үйінің қасынан өтіп бара жатыр едік, қарсы алдымыздан Димаш аға... кәдімгі Дінмұхамед Қонаев шыға қалды. Мені танып сәл аялдады да: «Сәлеметсіз бе, Нелля!» деді. Мен де күліп амандастым. Бірақ ақымақтықтан шығар, қасынан жедел басып өте шығыппын. Сонда адамға ұқсап амандасып, қабылдануына сұрансам ғой! Барып жағдайымды айтпас па едім. Одан соң қазақтың белгілі бір азаматы маған сүйіспеншілік сезімін білдіріп, соңымнан екі жылдай жүрді. Бұл сырды алғаш рет сізге ғана ашып отырмын!.. – Сол бір тұстарда сіздердің атақ-даңқ­та­рыңыз ел арасында алғашқы ғарышкер даңқынан кем болған жоқ. «Жұлдыз» дертіне шалдыққан сәттеріңіз жоқ па? Зұлхия Жұматова: – Адам ең алдымен бос дақпыртпен емес, еңбегімен, адамгершілігімен танылады. Өз басым күні-түні еңбектендім. Күмпиіп, мардамсуға уақытым да болмаған сияқты. Одан соң менің бір әдетім – көбінесе өз ісіме қанағаттана қоймаймын. Өлең жазып отырсам да өз-өзіме риза болмайтын сәттерім көп. Дәптерді біраз жауып қойып, сәлден соң жазуды қайтадан бастап көп әуреленемін. Адам өз ісіне тоқмейілсісе кім болғаны! Әр уақытта іздену керек. Ұдайы қарапайым болдым. Нелли Андреевна екеуміз де басты атақты халықтан алып, құрметке бөлендік. Ел күні бүгінге дейін көшеде танып, тоқтатып жатады. Халықтың ықыласына ықыласпен жауап беру керек. Әрдайым кішіпейіл болған жөн. Нелли Омарова: – Диктор, жүргізуші деген қатардағы ғана қызмет қой. Осыны жақсы түсінетінмін. Ешқашан кеуде көтерген емеспін. Қазіргі кейбір жүргізушілердің әрекетіне қарап отырып өз-өзіңнен қысыласың. Біліксіздіктері бадырая көрінеді. Тындырған еңбектері де шамалы. Ал асқақтап, қоразданғанда, кеуделері аяққаптай. Біз ісімізді керемет жақсы көрдік. Кәсіптің қыр-сырын жатпай-тұрмай игеруге ұмтылдық. Соның арқасында теледидар көретін әр үйдің отбасы мүшесіндей болып кеттік. Кейде көшеде жүре алмайтынбыз. Магазинге кіру мүмкін болмайтын. Әсіресе, әйелдер қауымы көре қалса: «Ой, біздің Зулечка, біздің Нелечка! Көйлегіңнің түсі мынандай екен ғой!» деп қаумалай кететін. О кезде телевизия түрлі-түсті болған жоқ қой. Ел бізді шын жүректен жақсы көрді. Хаттың астында қалатынбыз. – Күйеулеріңіздің қызғанған кездері болған шығар? Зұлхия Жұматова: – Жасыратын несі бар, болды ғой ондай жағдайлар. Бірде жұмыс бастан асып, үйге түнгі сағат 12-ден аса қайтуға тура келді. Онда көлікпен жеткізіп салатын да тәртіп жоқ. Әрқайсымыз бет-бетімізбен жаяу қайтатынбыз. Сол себепті, бізде фотосуретші істейтін бір жігітке: «Айналайын, сен менің туған інім сияқтысың ғой. Түн ортасы ауып кетті. Үйге дейін жеткізіп салшы мені!», – деп шығарып салуын өтіндім. Өзі менен әлдеқайда жас, балалары көп, жүдеубастау азамат еді. Мені ылғи апалап, сыйлап жүретін адам-ды. Күйеуім балконда отыр екен. Келе жатқан екеумізді көре қалды да: «Е, дұрыс-ақ! Өзің кейінде кавалермен жүретін болыпсың ғой!» – деді. Бірден аңғарасың ғой, даусында кәдімгідей зіл бар. «Ой, кавалер емес, контролер бұл!» деппін сасқанымнан. Нелли Омарова: – Менің күйеуім Мақсұт Омаров танымал боксшы еді ол кезде. Өте талантты адам-тын. КСРО Халықтары спартакиадасының алтын медалін иеленген кісі. Бірде ол: «Бұрын ел сені Мақсұт Омаровтың әйелі деуші еді, енді мені Нелли Омарованың күйеуі келе жатыр дейтін болды!» деп қалғаны бар. Яғни, қызғаныш сезімі болмай қалған жоқ дегенім ғой. – Қазір теледидарға қарап отырғанда бүгінгі жас дикторларға нендей ақыл-кеңес бергілеріңіз келер еді? Зұлхия Жұматова: – Ылғи байқаймын, кейбір жас дикторлардың басты кемшілігі – біреу қуып келе жатқандай сөзді үтір, нүкте дегенге қарамай судыратып, тоқтамай соғып шығатындары бар. Жаңалықты жедел жеткізудің тәсілі осылай деп ойлау – үлкен қателік. Ал бірінші өзің ұғып алмаған ойды өзгеге қалай түсіндірмексің?! Жас жүргізушілерге «сөздеріңнің аяғын жұтып қоймаңдар. Сендерді миллиондар аудиториясы көріп, тыңдап отыр. Оның ішінде қарт адамдар да, жастар да көп. Көрерменді сыйлаңдар» дегім келеді. Сөздің мағынасын білу керек алдымен. Соқыр көргендей, саңырау естігендей етіп жеткізуге тырыс. Әнуар Байжанбаевтар тура көкейіңе құйып беретін еді ғой. Нелли Омарова: – Бұрын цензураның қатал болғаны белгілі. Кеңес өкіметінің саясатына қайшы деп есептелетін жәйттерді айтып қалудан қатты сақтанатынбыз. Сол секілді белгілі шенеуніктердің аты-жөндерін дұрыс айтуға мән берілетін. Жаңылыссаң, опық жейсің. Қазір ондай талап жоқ. Сондықтан, жас жүргізушілерге әрі қызыға, әрі қызғана қарайтын сәттер жоқ емес. Дегенмен, еркіндікте де шек бар. Қандай жағдайда да өзіңе қаталырық қарау керек. Тілді біл. Сөйлеуді үйрен. Кейбір жастардың қарапайым қағидалардан қаперсіз екенін аңдап, аяп отырасың. Кәсіби біліктілік өз-өзінен келе қалмайды. Көп нәрсе адамның жалпы мәдениеті, туабітті парасаты арқылы келеді. Кейбір дикторлар ылғи күлімсіреп отырады. Ол да орынсыз көбіне. Саяси хабар жеткізіп отырған адамға жөнсіз жымыңдай беру жараса ма! Базбір жүргізуші өзін көрсетуге тырысады. Көрерменге өзіңнің түр-сипатыңды байқатудан бұрын алдыңдағы ақпаратты жеткізуге ұмтыл! Диктор көтерілген тақырыпты жақсы білуі шарт. Ал қазіргі кей жүргізушіге қарасаң, көзі бозарып, айтқан нәрсесін өзі де түсінбей отырады. – Жұмыстан бос уақытта нендей іспен әуестенесіздер? Зұлхия Жұматова: – Жүрегіңді жарып шыққан поэзиядан... Өлеңнен өткен әуестік бола ма! Одан соң менің отбасым үлкен еді. Бала-шаға көп... Сонда да жазуға уақыт табатынмын. Жазу дағдымды әлі күнге дейін қоймай келемін. Менде үлкен махаббат болды. Мен өзі, кейде ойласам, махаббат үшін туған әйел сияқтымын. Арманым жоқ. Маған үлкен сүйіспеншіліктің мәнін ұқтырып кеткен азамат болды. Тағдырыма ризамын. Жолдастарым қатты қадірледі. Қазір балаларым да мәпелеп, күтіп ұстап отыр. Бақытты әйелмін.. Қазір соның барлығын кітапқа түсіріп мемуар жазып жүрмін. Адам баласы сүйе білуі керек. Отаныңды сүй! Жарыңды сүй! Балаңды сүй! Сүйе біл! Сүйген адам ұзақ жасайды. Нелли Омарова: – Мен өз-өзімді мақтағаным емес, әуел бастан үй шаруашылығына бейім әйел болдым. Тамақтың түр-түрін әзірлеп, үстелді жайнатып қоюды жақсы көремін. Андрей Миронов, Александр Ширвиндт, Михаил Державин, Спартак Мишулиндер Алматыға келген сайын менің саяжайыма баруды ұнататын. Олар мен пісірген бәлішті сүйіп жейтін еді. Одан соң тәуір тігінші болдық. Оған өмірдің өзі итермеледі. Бұрын бүгінгідей фирмалар кездеспейді. 110-120 сом ғана айлық алдық. Сондықтан, қайсыбір киім түрлерін өзіміз ойлап тауып, өзіміз тігіп алуға мәжбүр болатынбыз. * * * Қазір аяулы Нелли апайымыз бұ дү­ние­де жоқ. Өмірден озғанына үшінші жылға ауды. Ғасырға жуық ғұмыр жасаған Зұл­хия тәтемізді ұрпақтары ардақтап күтіп отыр. Дегенмен, әлгінде айтқанымыздай, бұл кісілердің кескінін елдің біртіндеп ұмыта бастағаны да жасырын емес. Осындайда «Жарық жұлдыздар да сөне ме?!» деп толғанады екенсің. – Айналып келді батқан күн, Жығылды түннің жалауы. Алауын бақпай ақ таңның, Жұлдыздар сөніп барады. Адамның бағзы арманы – Жұлдыздар қайда манағы? Аспанның лағыл маржаны Мұхитқа батып барады, – деген ақын жыры тілге оралады екен. Сөйткенде: «Жоқ, нағыз жұлдыздар ешқашан өшпейді. Олар, расында да, теңіздер тереңінен сая табады!» дегің келеді. Құлтөлеу МҰҚАШ