Тіркеуде жоқ тұрғындар енді айыппұл төлейді

Тіркеуде жоқ тұрғындарға айыппұл салынады Жаңа жылдан бастап баспанасы жоқ азаматтарға айыппұл салынатын болды. Атап айтқанда тұрғылықты мекен жайы бойынша басқа жерге тіркеліп, өзі бөтеннің босағасын сығалағандардың қалтасы қағылмақ.

Тіркеуде жоқ тұрғындар енді айыппұл төлейді Себебі, 2015 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске" жаңа өзгерістер енгізіледі. Алайда бұл құжатқа қарапайым халық қазірден ақ қарсылық білдіре бастады.

Алматыдағы компаниялардың бірінде көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін Фархат Карпишановтың қалаға келгеніне бес жылдан асыпты. Өзі Өскеменде туып-өскен жас жігіттің басында баспанасы жоқ. Тіпті оңтүстік шаһарда тіркеуге де тұрмаған. Сондықтан көлік жүргізіп күнін көрген ол жаңа ереженің жойылғанын қалайды. "Өйткені бұл құжат қарапайым халықтың қалтасын қағады", - дейді жас жігіт. "Кейінгі жылдары кез келген заңды қабылдап кетті ғой. Ойларына келген заңды. Дөңгелек тексереміз дейді, такси жүргізуге болмайды дейді. Енді ойлап тапқандары прописка. Алда не күтіп тұр тағы құдай біледі енді", - дейді Фархат Карпишанов. Фархат секілді Алматыға нәпақа іздеп келген азаматтардың көбі "Жетім бұрышты" жағалап жүр. Бұл жерден жалдамалы пәтер тауып, уақытша тіркеуге тұруға да болады. Бірақ бұл қызметтерді ұсынатын маклерлердің өзі жаңа құжаттың шикі екенін айтуда. "Себебі онсыз да баспана мәселесімен басы қатқан халықты тіркеуі жоқ деп тентіретуге болмайды", - дейді олар. "Ауылда жұмыс жоқ. Колхоз-совхоздарды таратпау керек еді. Халық нан жегісі келеді. Қайда барады? Астана, Алматы. Басқа жерден жұмыс таба алады деп айта алмаймын. Мен заңға қарсымын. Қазақтың төлейтін он мың теңге емес бір тиын ақшасы жоқ", деп пікірін ортаға салды тұрғындардың бірі. Десе де, әкімшілік кодекске енгізілген өзгерістер жаңа жылдан бастап жұмыс істей бастайды. Яғни 1-қаңтардан бастап әркім өзі тіркелген жерінде тұруы тиіс. Ал егер өзге мекен-жайда үш айға дейін тұрақтап қалсаңыз он мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Жақыныңыздың үйінде жылдап жатып алсаңыз, айыппұл көлемі де көбейе бермек. "Мұның барлығы қоғам қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр", - дейді сақшылар. "Алматы үлкен қала болғандықтан заңсыз қылмыстық жолмен нан табамын деп келгендер бар. Олар бірнеше айдың ішінде бірнеше қылмыс жасап, адам тонап, кісі өлтіріп із суытып жатады. Оларды бүкіл Қазақстан бойынша іздеу қиын болады. Сондықтан бұл қалаға келушілердің санын реттеу үшін жасалған шара" - деп түсіндірді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат  Әзірбек.

Источник: 7 канал