Отандық банктердің бірнешеуі теңгемен ипотека беруді неге тоқтатты?

Жергілікті және ресейлік банктердің бірқатары теңгемен беріп жүрген ипотекалық несиелерін доғарып, әлденеден қауіптенгендей болып отыр. Қаржы институттарының баспасөз қызметі ипотеканың тұралауын "қарызға беру шарттарын қайта қараумен" байланыстыруда.

Отандық банктердің бірнешеуі теңгемен ипотека беруді неге тоқтатты?

Әзірге, ұлттық валютамызға деген банктердің сенімін кімнің сейілткені белгісіз. Былтырғы жылы еліміздегі екінші деңгейлі банктер өздеріндегі активті қордың аздығын алға тартып, ипотекаға баспана беруді уақытша тоқтатқан болатын. Содан бері біртіндеп бой түзеген ипотекалық несиенің тынысы осы аптада тағы тарыла бастады. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Ресейдің үш бірдей банкі ("Сбербанк", "ВТБ Банк", "Альфа-Банк") әлемдік экономикадағы тұрақсыздықты сөзге тиек етіп, теңгемен берілетін ипотеканы тоқтатып тастады. Алғашқы үшеуінің бастамасын "БТА", "Қазкоммерцбанк" пен "Forte bank" қолдап, баспана қаржысын уақытша тек доллармен тарататын болды. Ырыққа әзер көніп тұрған ұлттық валютаға сенімсіздік білдірген салымшылар да банктерде сақтаулы депозиттерін доллар мен еуроға аударғанша асыққан екен. "Халық банкінің" дерегінше, бүгінде қаржы институтындағы депозиттердің 70 пайызы шетел валютасымен, 30 пайызы теңгемен сақтаулы.

Егер табысты салыстыратын болсақ, теңгелік депозиттер бойынша көптеген банктер, сонымен қатар "Халық банк" те жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін уақытына байланысты 10,6 пайыз көлемінде белгілеген.

Ал долларлық және еуролық депозиттер бойынша мөлшерлеме 4 пайызға ғана тең. Көріп отырғанымыздай, теңгелік депозиттер бойынша табыс 2,5 есе жоғары. Соған қарамастан өткен девальвацияның әсері бар, халықтың үрейі сейілмеген.

Источник: 31 канал