САРЫАЛА КҮЗДІ САҒЫНДЫРҒАН САЗДЫ КЕШ

иб Қасиеті мен қадіріне жете алмай жүрген Табиғат-анамыздың қай мезгілі болмасын ғажайып кереметтерге толы ғой. Кіршіксіз, ап-пақ қарлы қысы, гүлді көктемі, жазира жазы, сары алтындай жапырағы төгілген кербез күзі... бәрі-бәрі біздің жанымызға жақын, көзімізге ыстық көріністер емес пе?! Тек, көре білу керек, көңілге түйе білу керек... Жақында Алматыдағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, өнер қайраткері, көрнекті ақын Ибрагим Исаевтың 65 жылдығына орай ұйымдастырылған «Күздің де өз сәні бар» атты шығармашылық кеші болып өтті. Ақын шығармашылығын шынайы бағалайтын, поэзия мен сазды сағынған көрермен қауым бүгінгі заман талабына сай салынған ауқымды сарайды лық толтырды. Сондықтан да болар, жалындаған жастардан бастап, еңкейген қарияларға дейінгі өнерқұмар қауым ақын құшағы мен сахна төрін гүлмен көмкеріп, өздерінің шексіз ризашылықтарын білдірумен болды. Шараға берілген екі-үш сағат уақытта лезде өте шықты. Бұл қасқағым сәт кешке жиналған қалың көрермен көңіліне ұмытылмас қуаныш сыйлап, ұзақ сақталар жылы әсер қалдырғанына куә болдық. Жырсүйер қауымға етене таныс, қазақ жұртының жүрегін жылы лирикасымен жаулаған ақын шығармалары шынайлылығымен, тақырыбының әралуандығымен, айтар ойдың дәлдігімен ерекшеленеді. Кейбіреулер сияқты сөзді ойнатам деп  шым-шытырық шырмауға салынбайтын қарапайымдылығымен, өзгеге ұқсамас өзіндік өрнегі бар өлеңдері данадан бастап балаға да  дейін түсінігіне жеңіл, тым жақын көрінетіні де содан болар. Ақынның Сыр бойының түлегі екенін, жырларындағы дарияның жағасын жалаған майда толқынға ұқсас сыңғырдан-ақ байқауға болатындай. Бала кезден қаламы қолынан түспеген шайырдың қазір де шалқар шабытты шағында екеніне осы жолы да көрермендері тағы бір көз жеткізді. Бар ақынның басына бұйыра бермейтін,балаң жігіт Ибрагимнің алғашқы адымынан-ақ ақындығын аңғарған Мұхаметжан Қаратаев, Тұманбай Молдағалиев секілді әдебиет ақсақалдары ақ батасын берген екен. Ақ бата мен ізгі тілектері қабыл болып, жырсүйер қауымның сенімі ақталды деп бүгінгі күні толық сеніммен айтуға болады.Өйткені Ибрагим Исаев сол ел сенімін ақтау жолында жүрегімен қалаған бағытынан бұрылып көрген емес. Бақытын да, болашағын да бір поэзиядан ғана іздеді. «Қиыннан қиыстырар ер данасы» деп Абай атамыз айтқандай, қиындығы да, қызығы да мол ақындықтың ауыр жүгін жарты ғасырға жуық арқалап келеді. Сол ұйқысыз түндер мен мазасыз күндердің, төгілген тер мен есепсіз еңбектің жемісін өзінің кең пейілі мен жүрегіндей тұрақты жанашырларының, өнерсүйер қауымның алдына тағы бір жайып салды. Әрине, ақын өлеңдерін талдап, талай қырларын ашуға әбден болады. Ол бөлек әңгіме. Ақынның жыр әлеміндегі сол сансыз қырларының бірі – әнге арнап жазылған өлеңдері дер едік. Ол да өз алдына бір төбе, өз алдына бір дүние. Бүгіннің өзінде Ибрагим Исаев мыңнан астам әндерге өлең жазған екен. Әннің сазы мен өлеңін құстың қос қанатымен салыстырып жататынымыз бар. Осы теңеу түсіне білсек - айна-қатесіз шындық. Әуені немесе сөзі әлсіз ән қалықтай алмайды, тыңдарман жүрегіне жол таппайды. Бір-бірімен іштей үйлесіп,  міндетті түрде үндесіп жатуы керек. Бұл да сирек кездесетін құбылыс. Оған қоса сиқырлы саз бен өлеңнің табиғатын түсініп, шырқау шегіне жеткізетін жақсы әнші тап болса құба-құп, әннің бағы жанғаны.Өкінішке орай, қазіргі бірқатар әндердің ғұмырының қысқа болуы да дәп осы негізгі талаптардың бірі болмаса да, екіншісінің орындалмауынан болып жатады. Мағынасыз, салмақсыз, арзан мәтін әннің әрін кетіріп, әншінің де беделін түсіретінін көріп жүрміз. Ал Ибрагим өлеңдері әуенмен үндесіп, әнге қанат бітіретінін тыңдармандары жақсы біледі. Содықтан болар көптеген сазгерлер жаңа әнге өлең жазып бер деп  ақынға жиі қолқа салады. Әншілер де Исаев өлеңімен өрілген әндерді орындауға құлшыныс білдіріп тұрады. роза-рымбаева Шығармашылық кешті ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік және көптеген халықаралық сыйлықтардың лауреаты Роза Рымбаева ашып берді. Ақын ағасымен қырық жыл шығармашылық байланыста болып келе жатқанын баса айтқан атақты әнші өзінің халыққа кеңінен танымал болуына о баста Ибрагим Исаев өлеңдеріне жазылған әндердің әсері мол болғанын жеткізіп, ағынан жарылды. Қазақ халқының ыстық ықыласы мен зор қошаметіне ие болып жүрген Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова, Батырхан Шөкенов, Шахизада, Медеу Арынбаев, Сәкен Қалымов, Мақсат Базарбаев секілді танымал әншілермен  «Жігіттер»,  «Нұр-Мұқасан», «Жебе» топтары да ақын Ибрагим Исаевтың  өлеңдеріне жазылған әндердерді әуелетті. жигитт Макпал Әсіресе,ондаған жылдар бойы орындалып келе жатса да жалықтырып көрмеген, керісінше қайта-қайта тыңдауға тартып тұратын,қайталанбас дарын иесі, сазгер, «қазақ вальсының королі» атанған Шәмші Қалдаяқовқа арналған Қалдыбек Құрманәлиев пен Ибрагим Исаевтың шығармашылық бірлестікте жазған Сәкен Қалымовтың орындауындағы «Ән аға» әнін көрермендер толассыз қошаметпен қарсы алды. Сәтті ән – бағасыз байлық, ол ешқашан құнын түсіріп, қадірін жоғалnпайды. Оған ешқандай уақыт та бөгет бола алмайды, Шәмшінің өзіндей халық жүрегінде мәңгі жасайды. Шығармашылық кешке жиналған зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, өнер адамдары көп болды. Әрине олардың әрқайсысы ақын туралы өз ой-пікірлерін ортаға салса шараға берілген уақыттың әнге кезегі де тимей қалар еді. Сондықтан әріптестері атынан, қазақтың тағы бір көрнекті ақыны Бауыржан Жақыпов ақын ағасына арнаған жүрекжарды өлеңін оқып беру мүмкіндігіне ие болды. «Күздің де өз сәні бар»... Желтоқсанда өткен ақын Ибрагим Исаевтың бұл шығармашылық кеші қыстың да керемет, қуанышқа толы сәттері бар екенін көрсетті... Гүлмира САДЫҚ