Бағбан

нургали Әнші Нұрғали Нүсіпжановтың белгілі адамдардың дауысын жинаумен әуестенгенін білдік. Нақтырақ айтқанда, ол ел мәдениетін өркендетуге ерекше еңбегі сіңген Кенен Әзірбаев, Құрманбек Жандарбеков, Байғали Досымжанов, Бекен Жылысбаев, Асқар Тоқпанов сынды көптеген тұлғалармен қырық жылдан бергі жүргізген сұхбаттарын үнтаспаға түсіріп, сақтап отырған. Енді орайы туып жатса, осыларды сөйлейтін кітап қылып шығарсам ба деген ойда көрінеді (Кітап демекші, Нұрғали Нүсіпжанұлы өнер жолындағы алғашқы он-он бес жыл аралығында бір-біріне ұқсамайтын әр күн, әрбір кездесудің ерекшеліктеріне дендеп, жол дәптерін толтырған екен. Соңынан жазуды біртіндеп қойып кетіпті. Осынысы үшін өзінің аздап өкінетінін де аңдап қалдық). Бұ кісі де әуелгіде суретші болуды армандайды. Тіпті, қылқалам шебері болсам деген тілек тым ерте оянғандай. «Бала кезімде ағарған жер көре қалсам, дереу шимайлап, сызғылауға ұмтылатын едім» дейді өзі. Есейе келе аталған құмарлығы фотоәуесқойлыққа ұласады. Мұның бәрі әсем­дікке іңкәрліктен, айналадағы сұлу көріністерді өз қолым­мен кескіндесем деген құштар­лықтан басталатын секілденеді. Ал кейініректе осы Нұрекең туралы сөз қозғалса, Сайын Мұратбековтің «Кәментоғай», «Жабайы алма» деп аталатын белгілі шығармалары еріксізден еске түсер еді. Оның себебі – Нұрғали әнші бес-алты жылдан бері өзі туып-өскен Доланалы ауылында ауқымды бақ орнатуды қолға алған-ды. алма бак Бұл орын – аты алысқа жа­йылған «Алтынемел» қо­рығының теріскей беті. Сондағы Күреңбел елдімекенінің бір бүйірі. «Жетек ексең, арба өсіп шығады» дейтіндей өте құйқалы өлке. Салқын самалы лекілдеген асқар таулар арасы. Ағамыз осынау игі іске бел шешіп кіріскен сәттердегі әңгімеміз де әлі есте: – Ата-бабаларымыз тіршілік еткен қастерлі өңір ғой. Солардың рухына бағыштап бір бау-бақша отырғызсам ба деген ой көкейде көптен жүретін-ді. Енді, міне, соны бастап та кеттік. Бірақ аумағын сәл кеңдеу ойластырып қойғандай екем. Он гектар шамасы, – деп еді сонда танымал өнерпаз. Атамекені жер жәннаты Жетісу болғаннан кейін бе, осы аймақты мекендейтін аңдардан бөлек бүркіт, қаршыға, сұңқар секілді қыран құстар мен үкі, дуадақ сияқты қанаттылар тіршілігіне ерте қызығыпты. Әңгімешіміз: – Жан-жануарлардың жүріс-тұрысына, олардың айрықша жаратылысына көпшілік мән бере қоймауы мүмкін. Өзімнің бала жастан-ақ түрлі ін мен ұяларды жағалап, аң-құстың төлі мен балапанын асыраған кездерім де жиі болып еді, – деп алыстағы балалық бал дәуреннің елестеріне бойлай отырып сөз сабақтайды. – Тіршілікте көп нәрседен зерігесің. Белгілі бір нәрсеге үйреніп, машықтанып алғаннан кейін қызығы басылып қалады. Өз басым адам баласын өмірі жалықтырмайтын тек бір құбылыс – әрбір үңіліп қараған сайын әдемілігін жоймайтын, тұңғиық сыры таусылмайтын табиғат қана деп түсінемін... Осындай ынтызарлықтың ықпалынан да шығар, Нықаң аз уақыт айналасында жеті мың түптей тал отырғызып тастапты. Үш гектардай аумаққа алты жүз түп жеміс ағашын еккен. – Көбі жабайы ағаштар. Деко­ративтік тұқым делі­нетіндері бар. Бұлардың ішінде елу-алпыс жыл өсетіндері кездеседі. Бірнеше ғасыр бойы, тіпті, мыңдаған жылдарға дейін жайқалып тұратын емендер болады. Әлемде олардың түрлері көп. Бұларға қоса алманың бес-алты сортын, алмұрттың үш-төрт түрін ектік... Әр сөзінен ежелден жер еміп өскен өңірдің баласы екені байқалады. Маман агрономдай, қаракеттің қыр-сырын жілікше шағып тұр. Дегенмен, мұндай күрделі жұмысты жеке шығармашылық шаруасының өзі басынан асып жататын өнер адамының жалғыз игере қоюы екіталай. Егілген әр ағаш жаңа туған сәби тәрізді. Ерекше күтімді талап етеді. Бәрін де тамырын тереңге салып, қара жердің қуа­тын бойға сіңіретіндей дәрежеге жеткізгеніңше талай тер төгілмекші. Көптеген жұ­мысшы, көмекшілер ұстау керек болады. Қыруар қаржы қажет. Әйтеуір, Құдайға шүкір, қиындық жанашыр ағайынның жәрдемі арқылы ақырындап еңсеріліп жатқандай... Тағы бір аңғарғанымыз – әнші тек бақша салумен шектелмек емес-ау: – Бұл жерде гүл шөптер де көп өседі. Ептеп, омарта ұстаса артық етпейді. Және таудың сағасы. Теңіз деңгейінен 1500-2000 метр жоғарыда жатыр. Суы таза. Реті келсе, форель шаруашылығын құруға болар ма еді... Іс тетігін тапқан кісіге жұмыс көп. Тек күш-қуат берсін! Қарап отырсақ, жарты ғасырдан аса сырлы сазымен жұртшылық жанына шуақ сеуіп келе жатқан әншінің бағбан болмасақа лажы да қалмайтын сияқтанады. Өнер тарихында оның әншілік есімі әлдеқашан жазылып қойғаны анық. Ал мынандай еңбектен кейін «Нұрғалидың бағы» деген аттың бекитіні тағы даусыз. Ертең мұның да ризығын ел көреді. Ендеше нағыз бақыт деген сол емес пе.           Құлтөлеу МҰҚАШ