Мүсіндегі музыка
2014 ж. 15 желтоқсан
4715
3
Халқын шексіз сүйген мүсінші Төлеген Досмағамбетов хақында
Қазақ еліндегі монументтік-мүсін өнерінің классигі саналатын Төлеген Досмағамбетовтің есімі сырт мемлекеттерге де ерте танылды. Алайда кейбір шетелдік өнер сыншылары оны тек өз ұлтының аясындағы шебер ретінде бағалауға тырысқанын да білеміз.
Қазір қарасақ, сол пікір аса негізсіз де емес секілденеді. Айталық, оның «Ақан сері – Құлагер», «Біржан сал» сынды бірқатар туындылары немесе қазақтың ардақты ұл-қыздары – Шоқан, Абай, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ілияс Жансүгіров, Әліби Жангелдин, Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Бибігүл Төлегенова, Тоқтар Әубәкіров, т.б. портреттері әлгіндей бағаға тікелей негіз болатындығы да даусыз.
Ақан Серінің мүсіні
Дегенмен, кейбір әлем танитын аузы дуалы сарапшылар Төлегеннің айшықты қолтаңбасы арқылы ұлттық деңгейден шырқау биікке ерте көтеріліп, дүниежүзілік мәдениетке елеулі үлес қосқанын лайықты бағалайды. Мәселен, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Игорь Светлов: «Төлеген Досмағамбетов өзінің әу бастағы ұлттық образдары арқылы көрерменін жалпыадамзаттық идеалдарға бастай білді. Жалпы, оның басты ерекшеліктерінің де бірі сонда еді. Ол өз қаһармандарының күрделі, кейде тіпті, драмалық өмір тарихын ашуға ұмтылды. Әр кейіпкерінің қайталанбас жеке болмысын ашуға күш салды. Мұның бәрі, сайып келгенде, әлемдік мәдениетке қосылған зор үлес еді» деген болатын.
Кезінде аса беделді басылымдар санатынан көрінген «Советская скульптура наших дней» (Мәскеу, 1972 жыл) кітап-альбомы да: «Төлеген Досмағамбетов – Қазақстандағы болашағынан үлкен үміт күттіретін ең дарынды жас мүсіншілердің бірі» деп жазған екен.
Бұл үміттің артығымен орындалғаны мәлім: Төлеген көп ұзамай-ақ еліміздегі мүсін өнерінің көкжиегін айтарлықтай кеңейткен, өз заманының аса ірі өнер тұлғасына айналады.
Шоқан Уәлихановтың мүсіні
Төл мәдениетімізге жетіктігімен қатар, әлемдік өнер тарихымен жақсы таныс Төлеген Досмағамбетовтің энциклопедиялық білімі оған өте терең мағыналы шығармалар туғызуға жәрдемдесетінін байқаймыз.
Туған елін шексіз сүйген шебер, әсіресе, өзінің көптеген монументтік дүниелерінде жеке тұлғалардың тағдырын Отанымыздың тағдырымен, сондай-ақ өткен тарихымызды бүгінгі күн тынысымен ұштастыруға ұмтылғанын аңдаймыз.
Білікті сыншылар Төлегеннің әр шығармасында шалқар шабытпен бірге асқан ұстамдылықты, қарапайымдылықты және үлбіреген нәзіктікті қатар беретін қырына баса тоқталады.
Олар Төлеген туындылары энергетикасының айрықша тартымдылық сырын, қолтумалар мазмұнында Құрманғазы мен Тәттімбет күйлеріндегідей алма-кезек ауысып отыратын адуындылық пен сыршылдықты шебердің ерекше талант құдыретімен байланыстыратынын да білеміз.
Әлбетте, өнердегі кез келген жетістік ең алдымен асқан ізденімпаздық пен ерен еңбекте жататыны әлімсақтан мәлім. Әуелден өз мәнерін талмай іздеген мүсіншінің белгілі шеберлік шыңына ұзақ жылдар төккен маңдай терінің арқасында жеткені даусыз.
Төлеген Досмағамбетовтің шығармашылық тұрғыдағы «екінші тынысы», көбінесе, еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы 1991 –2000 жылдары кең ашылғаны да аян. Ежелгі мәдениеттің бастау көздері мен бертінгі тарихымыздағы кезеңдерді сәтті ұштастырған ол «Томирис», «Адам», «Алғашқы түркі», «Барыстар», «Рейхстаг төбесіндегі ту – Р.Қошқарбаев», аталатын еңбектерін жасады. Бұл кезеңде суреткердің шығармашылық ойы мейлінше байып, кеңейе түскендей әсер қалдырады.
Өз дәуірінің адал перзенті еліміздің жаңа астанасы ірге көтерген сәтте асқан белсенділік танытады. Бүгінгі басты көпірдегі «Барыстар» мен «Еуропалас» мейманханасы алдындағы – «Арыстандар» мен «Қыран» – Астанадағы ең алғашқы монументті-декоративті композициялар.
Әлемдік мүсін тарихында өз орны бар Төлеген Досмағамбетовтің шығармашылық жолы Қазақ елі өнерінің жай ғана құрамдас бөлігі емес, мәдениетіміз дамуындағы қайнар көздей сезіледі.
Тек, ұлттық мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан осынау асқар тұлғаны кейінде өнертанушы мамандардың да, журналистердің де көп еске ала қоймайтыны ғана аздап өкінтіп қоятыны жасырын емес.
Құлтөлеу МҰҚАШ