«Экспо»-ға қатысқан ең алғашқы қазақ Әміре әнші

100-851Отандық телеарналардан «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ тапсырысымен Әміре Қашаубаевтың орындауындағы «Балқадиша» әнін лейтмотив еткен шағын бейнероликтер көрсетіле бастағанын көзіміз шалып жүр. Онда Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақожаева сынды өнер майталмандары бастаған отандық сахна жұлдыздары Әміренің әнін әуезін бұзбай, жаңаша шырқайды. Ал 1925 жылы дәл осы әнді әнші Әміре Парижде өткен «ЭКСПО» көрмесінде әуелеткенін біріміз білсек, бірімізге ол беймәлім. Араға ғасыр салып, қайта жаңғырған бұл оқиғаны ұрпақ сабақтастығы, дәуір үндестігі десек, қателеспеспіз, сірә. 1-15.jpg-04-08Белгілі музыка зерттеушісі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Сазген» ансамблінің негізін салушы Жарқын Шәкерім қазақтың маңдайына біткен біртуар перзенті, қайталанбас талант иесі Әміре Қашаубаев жайында құнды деректерді ұсынған. Ол Әміренің орындауында фонографқа жазылған «Ағаш аяқ» пен «Балқадиша» әндеріне реставрациялық тазарту жұмыстарын жасаған. Музыка зерттеушісі әншінің 1925 жылы Парижге қалай барғаны жайында былай дейді: «Сол жылы Парижде өтпек «дүниежүзілік декора­тивтік өнер көрмесіне» қатысу үшін Кеңес Одағындағы әр респуб­ли­каның маңдайалды әнші, күйші, бишілерін шақырту басталады. Шетелде КСРО имиджін көтеру үшін Сталиннің өзі сондай тапсырма береді. Оны ұйымдастыру сол кездегі РСФСР Халық ағарту комиссары А.Луначарскийге жүктеліпті. Соған байланысты Луначарский Семейге арнайы жеделхат жібереді. Хабарды алысымен Әміре маусым айының ортасында жолға шығады». Иә, бұл кезде Мәскеуде Париждегі дүниежүзілік декоративтік өнер көрмесіне қатысу үшін әзірлік қызу жүріп жатқан-ды. Үміткерлердің барлығы «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар – украиналық О.Федеровская, өзбек бишісі Тамара ханум, әнші Кари Якубов, Әзербайжаннан келген Шевкет ханум Мамедова, Армениядан Сукиясов, Харибекишвили, Кахуров, башқұртстандық теңдессіз қурайшы Жұмабай Есенбаев және Әміре Қашаубаев. Парижде өтетін концерт бағдарламасын дайындау орыстың әйгілі қаламгері Владимир Маяковскийге жүктелген екен. Осы жерде айта кетер бір жайт, Әміре мен В.Маяковскийдің арасында жақсы сыйластық байланыс болған көрінеді. Франциядағы «ЭКСПО» көрме­сіне арналған алғашқы концерт 1925 жылғы 20 шілде күні декоративтік өнер шарасының КСРО павильонында басталады. Кеңес әртістері Париж театрларында барлығы 11 концерт береді. Әміре барлығына да қатысып, «Бесқарагер», «Балқадиша», «Смет», «Дударай», «Ағаш аяқ», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Қараторғай», «Қы­зыл бидай» әндерін орындайды. Бір айта кетерлігі, қияндағы Францияға қазақ топырағынан тек Әміре ғана барған. Сол тұста Парижде жүрген ұлт қайраткері Мұстафа Шоқай Кеңес елінен келген делегацияны көріп, айрықша қатты қуаныпты. Тіпті, Әмірені көріп, көңілі босап, көзіне жас алған көрінеді. М.Шоқайға Кеңес өкіметі жау болғанымен, халқы жау емес, ол әртістердің басы-қасында жүріп, көп қолғабыс тигізген. Парижді аралатып, қыдыртып жүріп, Әміреге ағалық ниетін танытып, су жаңа костюм кигізген. Мұстафа Шоқай әнші інісін Отанына шығарып салып тұрып, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтарға хат жазып жібереді. Алайда, табиғатынан адал, өнер адамына тән аңғалдығы бар Әміре ол хатты жолда ұрлатып алады. Париж2 Елге келгеннен кейін оның Францияда ұлт қайраткері – Мұстафа Шоқаймен кездесуін, одан сый-сияпат алуын тоталитарлық билік теріске санап, тергеп-тексеріп әуреге салады. Әміре туралы көп айтыла бермей­тін тағы бір әңгіме бар. Әнші­нің ескерткішін тұрғызуға жетпісінші жыл­дардың ішінде Дінмұхамед Қонаев­тың өзі тәуекел етіп, 7 мың рубль бөлгізген екен. Осынша қара­жатқа Т.Андрющенко деген мүсінші биіктігі 7 метр болатын еңселі ескерт­кіш тұрғызады. Бұған ел қатты қуан­ған. Ол уақытта әнші ресми ақтал­ғанымен, әлі де болса қатыгез жүйенің тас құрсауы жіби қоймаған кез. Сол сұрқия сая­саттың кесірі болса керек, ескерткіш ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Бір тәубе дейтініміз, еліміз тәуел­сіздігін алғаннан кейін ұлты­ның атын айдай әлемге алғаш та­нытқан Әміреге арнап Семей қала­сының төріне ескерткіш орнатты. Әміренің әншілік өнерін, біре­гей талантын Ромен Роллан, Анатолий Луначарский, Әлкей Марғұлан, Сә­бит Мұқанов, Мұхтар Әуезов сынды қаламы қарымды азаматтар жазып кеткен. Сахна шебері Қалибек Қуанышбаев ол жөнінде былай дейді: «Оң жақ алқымында мойнының қал­тасы бар еді. Соған бар демді толтырып ап, үнемдеп шығарып, көпке дейін дем алмайтын». «Париж апталығы» газетінің 1925 жылғы 24-31 шілде аралығындағы сандарында «Ғажайып дауыс иесі Әміре Қашаубаев ұлт аспабы домбыраның сүйемелдеуімен өз елінің жан-жүйені балқытқан әндерін салып берді» деп ерекше таңдана жазған мақалалар басылған. Әміре қайтыс болғанда күллі қазақ күңіреніп жоқтаған. Ол күні республикалық басылымдарға көпте­ген қазанамалар, көңіл айтулар шы­ғады. Жазушы Сәкен Сейфул­лин «Казах­станская правда» газе­тіне: «Шыр­қаған әнімен әлемді таңдан­дыр­ған, Анри Барбюс пен Ромен Роллан тә­різді көрнекті мәдениет қайрат­кер­лерін шын көңілмен сүйсін­дірген әнші Әміре дүниеден озды» деп аһ ұрады. Әнші Әміренің дауысын 1974 жылы алғаш тапқан Жарқын Шәкерім құнды материалға қалай кезіккені туралы кеңірек әңгімелеген еді. Ол кісінің айтуы бойынша, сол жылдары Қырғызстанның бірінші хатшысы Т.Үсібәлиев деген кісі Д.Қонаевқа «Компартияның 50 жылдығы болғалы жатыр, соған орай Қырғызстанның Саяқбай Қаралаев, Естемес Тұрсынәлиев, Ұрқаш Мәмбетәлиев, Туғанбай Әбдиев секілді манасшыларының және әйгілі қырғыз орындаушы­ларының күйтабағын шығаруға көмектессеңіздер» деген мазұнда хат жазып, өтініш жасайды. Ол кезде күйтабаққа жазу студиясы Орта Азия бойынша Алматы мен Ташкентте ғана болатын. Содан кейін Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен Алматы күйтабаққа жазу студиясының директоры Сейілхан Құсайынов музыка зерттеушісі Жарқын Шәкерімді шақыртып, мән-жайды айтады. «Жұлқынған жас кезім, ә дегенше Қырғызстаннан бір-ақ шықтым. Бішкекте жарты жылдай жүріп, көлемді күйта­бақ шығару үшін Қырғыз радиосынан біраз шығармаларды жазып алдық. Енді қалғанын Мәскеуден қоспақшымыз. Онда сапалы жазбалар өте көп. Орталық Мемлекеттік мұрағаттың фоно-фото құжаттар және дыбыс жазу бөлімінде сақталған қырғыз қорын ақтарып, манасшыларды іздеп жүрген едім. Қалың шаңның арасында жатқан қоңыр кітап қолыма түсіп, ондағы Әміренің есімі, ол орындаған әндердің тізімі, сондай-ақ фонографқа жазылған дауыс таспасының нөмірі көзіме оттай басылды. Қуанғанымнан көзімнен қалай жас шығып кеткенін де білмей қалыппын» деп ағынан жарылды Жарқын аға. Қызығы сол, қазақтың маңдайалды әншісінің мұрасы сонау Мәскеу мұрағатының қырғыз бөлімінде жатыр. Кейбір тұстары өшіп кеткен. Оны көпшіліктің тыңдауына лайықтаған қазақ музыкасының жанашырлары Қазақ КСР Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбековтің тікелей тапсырмасымен Әміренің әндері жазылған күйтабақты шығарады. Мұнымен қоса ғалым былтыр Мәдениет және ақпарат министр­лігінің тапсырмасымен Мәскеу мен Санкт-Петербургке аттанып, екі айға жуық мұрағат қопарып, қазақ өнерпаздарының 200-ден астам дауысын алып келген еді. Олардың ішінде Жамбыл Жабаевтың өз орындауында отызыншы жылдары жазылған, бұрын-соңды ел естімеген бір толғауы, Кененнің, Қалқа Жапсарбаевтың, Қайып Айнабековтің, Маясар Жа­пақовтың үнтаспалары, басқа да жәдігерлер бар. Осы тізімнің ішінде Әміре Қашаубаевтың Париждегі өткен дүниежүзілік «ЭКСПО-1925» көрмесінде шырқаған әндері де бар. Бұл – қазақ мәдениеті үшін теңдесі жоқ, ұшан-теңіз байлық екені рас. Мәскеуден жеткен дыбыстық жәдігерлер негізінен 1930-1950 жылдарда жазылған. «Сорбонна университетінің екі ғалымы – доктор Шрамек пен профессор Перно қазақ әншісінің дауысын Парижде жүрген жерінде фонограф аппаратына жазып алған екен. Сол жазбалар университет мұрағатында болуы мүмкін», – дейді Жарқын Шәкерім. P.S. Енді Әміренің Парижде салған әндері болашақта Астанада өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің Қазақстан ұлттық павильонында шырқалып тұрса қандай ғажап! Мақсат ӘДІЛХАН. egemen.kz