Қазақстанда "алқаштар сектасы" пайда болды

Ел ішінде "Рухани астана" аталып кеткен Түркістан қаласындағы жастардың көбісі ащы суға үйір. Басқа аудандарын былай қойып, тек "Самал" мөлтек ауданын айтсақ та, әңгімемізге кейіпкер жетіліп жатыр деп хабарлайды "Замана" газеті.

Түркістанда Басылым редакциясына Түркістан тұрғынынан келіп түскен хат аймақтағы ер адамдардың араққа бой алдырғанын анық аңғартады.

"Түркістанды жұртшылықтың "Рухани астана" деп атайтыны белгілі. Дегенмен рухани қала болуы үшін ең бірінші оның тұрғындарының рухани тазалығы болуы керек. Менің Түркістанда тұрып келе жатқаныма 45 жыл болды. Қаладағы "Самал" мөлтекауданында тұрамын. Ал "Рухани астана" деп жүрген қаламыз біздің көз алдымызда тозып барады", - деп жазады хат иесі. Тұрғын "Самал" мөлтекауданында көпқабатты үйлердің, халық пен дүкеннің  көп екенін айтады.

Мас болып қал­са, көшеде жата салады. Қазір қа­тарлары көбейген, алқаштар сектасы сияқты

"Араққа құмар жігіттер күн өт­кен сайын көбейіп барады. Қай үйде кімнің ішетінін тұрғындар беске біледі. Үйле­рінде тыныштық жоқ. Ата-ана, әйел, бала-ша­ғаның қамқоры болар деген азаматтарымыз бір бөтелкенің құлы бол­ған. Олар көзге қасқырдың үйірін елестетеді. Көшеде бірін-бірі қажап, арақ ішіп отырады. Мас болып қал­са, көшеде жата салады. Қазір қа­тарлары көбейген, алқаштар сектасы сияқты", - дейді хат жазушы оқырман. Ол бір жолдың бойында жатқан мөлтекаудандағы әрбір үйден араққа құмар адамның табылатынын, олармен күресуге отбасы, ағайын-туыстың дәрменсіз екенін жазады. "Араққа салынған азаматтардың бетін бері қарату туыстарының қолынан келер емес. Молда мен дәрігерге көрсетуден еш қайран жоқ. Жақында алты баласы бар көршіміз араққа тойып алып анасына қол көтерді. Қарындасы ызаланып полиция шақырған, алайда, тәртіп сақшылары да бұл істен жалыққанын айтты", - дейді хат авторы Артықбаева.

Араққа салынған азаматтардың бетін бері қарату туыстарының қолынан келер емес. Молда мен дәрігерге көрсетуден еш қайран жоқ.

Маскүнемдерді 2 сағат қана ұстап, кейін қайта жіберіп қоюдан шаршаған полиция енді өздерінің ақылы қызмет ететіндерін айтқан. Ашуға булығып, өзі тұратын аймақтағы ер азаматтарға қынжылған хат иесі маскүнемдерге шара қолдану керектігін ұсынды. Атап айтар болсақ, оларды құрылысқа салып, жұмыс қолы жетпейтін жерлерге жіберу керек деген пікірде. Әйтпесе, ұрыс-керістен көз ашпай отырған отбасылар құрдымға кетуі мүмкін деп түйіндеген автор өз ойын.

Источник: NUR.KZ