Жаны жайсаң,жақсы аға еді!..

0
4078

Ақылгөй, асыл ағамыз еді…

Қадірлі көпшілік! Ағайын, бауырлар!       

Туған туыстарының, бәріміздің қабырғамызды қайыстырып, арқа сүйер ағамыз, білгір де білімді  ақылшымыз, аяқты шалыс бассақ тура жол көрсетер жанашырымыз, сана-сезімі жоғары, ой-өрісі өзгеше, асыл ағамыз  Жаңбырбек Салықбайұлы дүниеден озды.

Иә, өмір солай екен! Өмір жалған, өлім шындық деген осы екен де!

Бүгін бәріміздің көңіліміз  пәс. Себебі  біз бірімізге сүйген жар, бірімізге әке, бірімізге ақылгөй аға, бірімізге ілтипатты іні, бірімізге дос, бірімізге сырлас сыныптас, енді бірімізге ақылгөй әріптес болған ардақты жан, аяулы азаматтан айырылдық.  Жұмысында тиянақты, туған жер, өскен ортаның қамын ойлаумен жүріп, бір тыным таппайтын Жаңбырбек ағамыздың әлі де үйретер, атқарар жұмыстары көп еді. Өкінішке орай, арамыздан ерте кетті.  Адами тұлғасы зор жан еді. Адамгершілігімен, бауырмалдығымен, қарапайымдылығымен ерекше еді. Алла тағалам өз әмірімен өз аманатын өзіне қайтарып отыр.

30 жылдан  бері Шардара ауданында түрлі қызметтерді өз мамандығы бойынша абыроймен атқарып, 2008 жылдан бүгінгі күнге дейін «Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Шардара филиалының директоры қызметін атқарды.

Ауыл шаруашылығының ащы, тұщысын қатар татқан, қолдан келгенше  оның өркендеуіне өзінің сүбелі  үлесін қосқан жан еді ағамыз!  Жаны жайсаң, інілері  бізді көрсе іші жылып, жаны жадырап ақылын айтып отыратын еді. Амалымыз қанша, өмірден ерте өтіп бара жатыр. Артында елі қалды, кең-байтақ жері қалды, бала-шағасы, ағайын – туыстары қалды!

Бергенде Алла, алған да,                                                                                                 

Не өкпең бар жалғанға.                                                                                                  

Пендесі үнсіз көнеді,                                                                                                        

Жаратқан басқа салғанға!                                              

Жаныңды қинаса да Тәңір ісі,                                                                                        

Демегін бұл Алланың жәбірлі ісі.                                                                                              

Шыдамды бол, бауырым сабырлы бол,                                                                                       

    Алланың сүйіктісі – сабырлысы!

     Жаңбырбек Салықбайұлының жарқын бейнесі әрқашан жүрегіміздің төрінде сақталады. Марқұмның қайғысын бөлісіп жеңешем Сізге, ұл-қыздарына, немерелеріне, туған-туыстарына,  Сіздерге ағайын, бауырлар қазаның арта қайырлы болғай деп, жұбаныш білдіремін. Қуаныш бөліссе артады, қайғы бөліссе азаяды дейді дана халқымыз. Қайғыларыңызға ортақпын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай! Алла иманын жолдасы еткей, жанын жәннатта, тәнін рахатта еткей!

Ұл-қыздарына жаратқан иеміз ұзақ өмір беріп, немере, шөберелер сүюді нәсіп еткей!

Алланың сүйіктісі сабырлысы – дейді, сабырлы болайық, ағайын!

 

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы

Министрлігі Су ресурстары Комитетінің төрағасы           Ислам Әлмаханұлы Әбішев

«Қазақ су шаруашылығы»   РМК  Бас  директоры                    Өмірбек Жампозов

«Қазсушар» РМК ОАКәсіподақ комитетінің төрағасы              Сенбек Шынтаев    

 

06 желтоқсан 2014 жыл,  Астана қаласы

 

Жаны жайсаң,жақсы аға еді!..

Елден  суық хабар жетті… Ер көңілді ағамыз, жаны жайсаң, жақсы ағамыз Жаңбырбек Салықбайұлы өмірден өтіпті…

Жаңбырбек Салықбайұлы ел ағасы болып, елдік, халықтық шаралардың басы-қасында жүретін абзал азамат еді. Түздегіні түгендеп, ауылдағыға ақыл-кеңесін беріп, айналасына доспен қоршаған көпшіл болатын… Ер көңіліне сай екпіні ерен, зеректігі терең зерделі жан еді… Сөздің атасын өлтірмей, шындықты бетке айтатын, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар еді.. Ауылшаруашылығының білгір маманы ретінде туған өңіріне көп еңбек сіңірді.

Жаңбырбек Салықбаев 1953 жылы мамыр айында, Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданына (бұрынғы Киров ауданы) қарасты Арбақалды елді мекенінде дүниеге келген.

1974 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді Ауыл шаруашылық институтына бітіріп,  ғалым-агроном атанады.

Содан бері 40 жыл бойы ауыл шаруашылығында тер төккен Жаңбырбек ағамыз 2008 жылдан күні кешеге дейін «Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Шардара филиалының директоры қызметін атқарды.

Тәуелсіздіктің іргесі бекемделіп, елдің етегін жауып, бойын тіктеуінде халықты бірлікке, тірлікке шақырып жүретін Жаңбырбектей ағалардың да үлесі мол деп білеміз.

Ауыл  зиялысы, ел ағасы ретінде  біздің «Қазақ үні» газетіне де жанашырлық танытып, қолдап жүретін.

Өткеннен өнеге алып, болашаққа қанат қағуда қайраткерлігін таныта білген еді. Белгілі мемлекет және  қоғам қайраткері, Қазақстаннан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі, Қазақстан Жоғарғы Сотының төрағасы, 1943 жылдан Қазақ КСР Заң Халық комиссары, министрі лаузымдарын атқарған, ұлы ақын Қасым Аманжоловтың досы болған Мырзақадыр Нұрбаевтың атын мәңгілікке қалдыру шараларын ойластырып жүретін… Енді, міне, Алла ісіне амал жоқ, ана дүниеге аттанып барады…

Жаңбырбек ағамыздың артында қалған отбасына, жалпы Салықбай әулетіне, ағайын-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Жақсы ағамыздың жарқын бейнесі есімізде  сақтала береді.

Алла алдынан жарылқап, жатқан жері жайлы болып, топырағы торқа болсын! Алды пейіш, арты кеніш болып, иманы салауат болсын деп тілейміз.

Қазыбек ИСА,

«Қазақ үні» газеті

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз