Бұның артында кімдер тұруы мүмкін?

Митинг-Шаханов

Жуырда «Жалын» журналының редакциясына намысты адамды бей-жай қалдырмайтын бір хат келіп түсті. Осы уақытта түрмеде жатқан хат авторы Қалибек Қыдырбайұлы деген азамат, соңғы кездердегі, еліміздегі заңсыз мәселелерді тізбелей келе, көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың көзін құрту үшін, теріс ниетті кейбіреулердің жасырын тапсырмасына орай, оған қарсы қастандық амалдарының ойластырылып жатқандығын, ол іс автомобиль апатын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылатындығын мәлімдейді.

М.Шахановтың күнделікті жол кестелерін, кешкісін серуенге шығу-шықпауын қадағалап жүретін арнайы топ бар екендігін де тілге тиек етеді. Хат авторы тиісті орындардан түскен арнайы жасырын тапсырманың диктофонға жазылған нұсқасын, өзіне жақын бір адамнан тыңдағанын да жазады. Тіпті олардың аты-жөнін де, қызмет орнын да айқын көрсетеді.

Автор бұл хатты тек «Жалын» журналына ғана емес, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты – Қуаныш Сұлтановқа, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы – Нұртай Әбіқаевқа, Бас прокурор – Асқар Дауылбаевқа, Алматы облыстық ішкі істер басқармасының орынбасары – Нұрбол Назарбаевқа, Алматы қаласының әкімі – Ахметжан Есімовке де жібергенін хабарлайды.

М.Шахановтың бүкіл өмірі күреспен өтіп келе жатқандығын біз жақсы білеміз. 1986 жылғы Желтоқсан қасіретімен шұғылданып жүрген шағында да, кейіннен билік «Қазақстандық ұлт» идеясын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі» доктринасы арқылы ендірмекші болған сәтте де, М.Шахановтың оған ашық түрде қарсы шығып, аштық жарияламақшы болған тұсында да, оның  көзін құрту шаралары қарастырылғанынан да хабардармыз. Сонау Совет Одағының қылышынан қан тамып тұрған кезеңде, 62 жыл бойына мемлекеттік деңгейде тойлауға тиым салынған Наурыз мерекесін тірілткен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын айтуға, жазуға тыйым салынған тұста, Горбачевты алдап, Арал проблемасын айтамын деп,  Кремльдің Съездер сарайында Желтоқсан қасіретін бүкіл әлемге жариялаған, қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына тікелей септігін тигізген және де өзге де ұлттық мүдделердің басында тұрған осы Шаханов екендігі бүкіл елге аян. Егер М.Шахановқа бірдеңе бола қалған жағдайда, бүкіл халықтың көтерілетінін, мұндай жөнсіз істі жоспарлаудың өзі үлкен рухсыздық екенін, тағы да теріс ниетті кейбіреулердің есіне салғымыз келеді.

Мақсат НҰРЫПБАЕВ,

 «Халық  бірлігі» қоғамдық

 басқармасының төрағасы.

 Ғабиден ЖӘКЕЙ,

 Ғ.Мүсірепов атындағы

 қоғамдық қордың төрағасы.

Нұржан ОШАНБЕК,

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық

қозғалысының мүшесі.