Жансарайы ар сарайына айналған жайсаң жаратылыс еді... (толықтырылды)
2014 ж. 28 қараша
3143
3
«Әшірбек ағаңнан айрылып қалдық» деген ауыр қазаны бүгін Ислам Әбішев ағамыз хабарлағанда аңтарылып қалдық… Иә, енді міне, жарқылдап, жарқырап, арындап, арқырап жүретін ақ көңіл де, ақеділ абзал ағамыз да қайтпас сапарға аттанып кетті…
Ұлттық сахнаның ұпайын түгендеп жүретін көрнекті сыншы еді… Қоғамдағы келеңсіздіктерге шыдамай, айтарын ақтарып салып тұра беретін қабырғалы қайраткер болатын. Театр мен өнер саласында қыруар еңбек етті. Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Мәдениеттің мәйегін ішкен марқасқамыз еді. Ардақты ағаларымен әдемі қалжыңдасып, ізетті інілерін айналып, толғанып, көтеріп жүретін. Отырған жерін думан етіп, әңгімені нәшіне келтіріп айтатын, әдемі дауысымен әсем ән де салып жіберетін… Кейінгі кезде «Хабар» арнасынан жалпы жұртқа ұнаған «Жансарайды» жүргізіп, талай тарланның жан сарайын ашып еді… Өзі де тағы бір қырынан жарқырап көрініп, шешендігімен, көсемдігімен, көркем көңілімен де, келісті келбетімен де, өзімен, сөзімен де эфирді толтырып отыратын. Ұлтының жоғын жоқтап, Алашқа болсын деген ардақты тұлға еді!.. Жансарайы ар сарайына айналған жайсаң жаратылыс еді…
Жұма күні кешке елодадағы Қазақ ұлттық өнер университеті алдында астаналықтар Әшірбек Сығайды Алматыға соңғы сапарға шығарып салды. Университет алдында Арқаның аязына қарамай, иіріліп тұрған ел алдында Мырзатай Жолдасбеков, Шота Уәлиханов, Айман Мұсаходжаевалар қоштасу сөзін айтты.
Үкімет бөлген арнайы ұшақпен Су ресурстары комитеті төрағасы Ислам Әбішев бастаған топ Әшағаңның денесін Алматыға кешкі онда жеткізгенде Алматының әдебиет пен мәдениет өкілдері әуежайда күтіп тұр екен. Жанына жақын тұтатын іні досының қазасынан еңселі бойы еңкіш тартқан тарланбоз Асанәлі Әшімұлы бастаған, қатар жүрген достары Темірхан Медетбек, Нұрлан Оразалин, Есмұхан Обаевтар қостаған бір топ зиялы қауым қарсы алды.
Сөйтіп, "Енді екі жылдан соң, 70-ке келеді екенмін, университетте алған класым да бітеді, сонда Алматыға қайтармын"-деген қайран Әшағаң, енді, міне, өмірінің бар қызығы өткен сүйікті Алматысына ... кілемге оранып келді... Алла ісіне амал жоқ! "Өзекті жанға бір өлім"-деген осы болар...
Қыстың күніне қарамай, М.Әуезов атындағы драма театрына халық толып кетті. Балконның өзінде екі-үш қатар болып тұрып қоштасты. Театр мен кино саласы өкілдері түгел көшіп келді десе де болады. "Қимайтын азамат еді"-деп күрсініп, тоқсанға таяған абыз ақсақал Тұрсынбек Кәкішұлы жүрді... "Ауруханадан кеше шығып едім"-деп Мұхтар Шаханов келіп көңіл айтып кетті...
Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов келіп, Әшағаңның отбасына келіп көңіл айтты. Астанадан ұшып келген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айтуын оқыды. Осы жерде Әшағаңның денесін Алматыға жеткізуге арнайы ұшақ бөлдіріп, қайрат көрсетіп, жүгіріп жүрген жаңа Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысымызды білдіреміз. Әйтпесе, қазақтың ұлы ақындары Қадыр мен Тұманбай қайтыс болғанда Мәдениет министрінің де, осындағы Алматы қаласының әкімінің де төбелері көрінбеген кез де болғанын білеміз...
Қанша қаламгерді соңғы сапарға шығарып салып жүрсе де, сыр білдірмейтін Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин бұл жолы қатар жүрген досы Әшірбек Сығайдың қазасына шыдай алмай, көз жасына ие бола алмай, қоштасу сөзін айтты... Әйгілі Асанәлі Әшімұлы да, белгілі ғалым Өмірзақ Айтбайұлы да тебіріеніп, толқып тұрып, толғана сөйледі. Ел ағалары Жексембек Еркімбеков, Түркістаннан келген Жарылқасын Әзіретбергенұлы да толғамды сөз айтты...
Кеңсайға да жұрт ағылып барды. "Жұлдыз" мейрамханасындағы асына тіпті, адам сыймай қалды. Бұдан Әшірбек Сығай ағамыздың тек театр сыншысы, өнер адамы ғана емес, қоғам қайраткері ретінде халықтық тұлғаға айналып кеткенінің куәсі болдық...
"Жұлдыздағы" аста сенатор Икрам Адырбеков, қаламгерлер Дулат Исабеков, Софы Сматай, Су ресурстары комитеті төрағасы Ислам Әбішев, Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Айман Мұсаходжаева және т.б. сөйлеп, ақын Иранғайып арнау жырын оқыды...
Сөйтіп, Алматыда қазақ елі ардақты ұлы Әшірбек Сығаймен қимай қоштасты...
Алаштың Әшағасының иманы салауат болып, пейіште нұры шалқығай! Отбасы мен туған-туыстарының, жалпы қазақ елінің қайғысын бөлісіп көңіл айтамыз!
Қазыбек ИСА,
«Қазақ үні» газеті.
Қазақ барда сен барсың!
Жалған дүние дейтініміз осы-дағы. Тағы бір қимас азамат мына алдамшы өмірде адамдықтың ұрығын үздіксіз шашып жүріп бір сәтте бақилық болды дегенге көңіл шіркін қалай сенсін. Таңға жақын жеткен суық хабардан есімді әрең жинап, Әшірбектің осы Алматыдағы үйіне жеттім. Үлкен-кішіні төңірегіне жинап, жүрегінен нұр төгіп отыратын қайран бауырымды енді бұл жерден тірі көре алмайтынымды сезіп, өмір жасым өксіп, ауыр ойдан арыла алмай жұмысқа беттедім. Бұл қаза ағайын-туған және менің ғана жанымды шайқалтқан жоқ. Өнер, мәдениет, ел, тіл, жер деп күңіренген бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырар ауыр қайғы деп білемін. Саналы өмірінің әрбір сәті қазақтың жоғын түгендеумен өткен есті жанның көз алдыңнан жоғалғанын ойға қалай сыйғызарсың. Ол әрбір адамның бойынан өзгеде кездесе бермейтін қасиет тауып, қастерлейтін. Оны бүкіл халықтық деңгейге көтеріп, ұлттық сипат беретін. Көргенді мінез, көреген көз оны рухани әлемнің биік шыңдарына жетелейтін. Қазақтың шешендік өнерінің өзгеше бір болмыс-бітімі тұла бойынан төгіліп тұрғандай әсер ететін. Қайран асыл інім-ай, абзалым-ай, азаматым-ай! Сен қалдырған ерен еңбектер әлі талай ұрпаққа азық болар-ау. Ал жоспарлап жүрген дүниелерің қаншама еді. Бір өкініштісі, соның көбі өзіңмен бірге келмеске кеткені. Бір жұбаныш сенің ойлы қазақтың бәрінің жүрегінің төрінен орын алғаның! Сондықтан да сен елің барда қазақ бар, қазақ барда сен барсың. Жаның жәннаттан болғай, қайран дос інім!Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ.
Қайраткер ретінде де орны ерекше еді...
Белгілі театр сыншысы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Төребайұлы Сығайдың өмірден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл білдіреміз. Әшірбек ағамыздың әрдайым қоғамдағы келеңсіздіктерге өз үнін ашық білдіріп жүретін қайраткер азамат ретінде де орны ерекше еді. Қазақ мәдениеті мен өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Әшірбек Төребайұлының жарқын бейнесі халықпен бірге жасай беретініне сенеміз. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, иманы салауат болсын!Азат ПЕРУАШЕВ,
"Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты
Жайсаң
Таңғы шықтай шырайлы, шынайы адам, Біздің жетім жүректі кім аяған?.. Қарашаның қазындай қанат қағып Сен де кеттің, Әшірбек Сығай ағам. Қанша күрес көргенің, қанша майдан, Қарға бойлы сары бала қаршадайдан. …Сені іздейміз біз енді мінбелерден, Күнде көрген және де «Жансарайдан». Сарайымды сол сарай ашатұғын, Асуларың бар еді асатұғын. Төребайдың төре ұлы сөз бастаса, Алқалы топ аптығын басатұғын. Алатаудың бас изеп бау-бағына, Таға байлап кетіп ең тарланыңа. Сен түстіктің мөп-мөлдір өзені едің, Ел қонатын ертелеп жан-жағына. Арманыңды айдында желкен етіп, Қайда кетіп барасың ертелетіп?.. Аға азайып барады анда-санда, Арқамыздан қағатын еркелетіп. Қайратты еді қайтейін, қайсар еді. Жайлауының жап-жасыл майса белі. Көзін көрген ағаның шырақшысы – Өзім көрген ағаның жайсаңы еді. Тумысыңнан қазақ ең нағыз кесек, Аңыз десек жарасар, абыз десек. Алда талай, ағатай, еске алармыз – Адал сөзін айтатын жан іздесек. Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.Тарихтың театры есік ашты...
Әшірбек Сығайға!
Бесін өтіп, бейсенбі жұмаға ауды, Қарашаның бораны тына қалды... Тарлан еді - Сығайдың Әшірбегі, Арты қайыр, ал болсын, жұмақ алды.
"Туған, өлмек"... қара жер төсін ашты,
Есі бардың, "жалғандап" есі қашты.
Тірліктің театры аяқталып,
Тарихтың театры есік ашты.
Қайтейік, сізбен бірге дәуір кетті,
Жылқы жылы: ауыр кеп, ауыр кетті.
Талғамды Таласбегім көкке ұшып,
Дүр ақын - Әмірхандай бауыр кетті.
Амал не?
Сыршыл жүрек, дамылдады,
Қаламгерлер кетуде қабырғалы.
Бір жақсы озды десе дүниеден,
Мен ылғи, сөгіп алам қабырғамды...
Ербол БЕЙІЛХАН
qazaquni.kz