Ақиқаттан ауытқымаңыз, заңгер Әбішев!

0
4109

Республикалық «Қазақ үні» газетінде үстіміздегі жылдың 28-қазан күнгі №42 нөмірінде «Жетісайды жұрт неге «Техас» дейді?» атты тақырыппен Жәнібек Әбішев деген заңгердің мақаласы жарияланды. Онда автор маған жала жабады.

Әбішев мені бір жарым жыл ғана педагогикалық өтілі бар етіп көрсетіп, «аяқастынан директор бола қалды» дейді. Менің мектеп басшысы болғанға дейінгі еңбек өтілім – 7 жыл. Әуелі Жетісай қаласындағы №3 Ю.Гагарин атындағы орта мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі болып қызмет атқардым. Біліктілігім мен шығармашылық шеберлігімді, ұжымшылдығымды ескерсе керек, Мақтаарал ауданының Білім бөліміне қызметке шақырды. Аудандық Білім бөлімінде педагог кадрлар жұмысын үйлестірумен айналыстым. Менің еңбек жолымнан мүлдем бейхабар Әбішевтің бұл жазғанын қалай түсінуге болады? Әбестік не білместік, әлде жала дейміз бе? Заңгер О.Хайитжановтың әйелін жұмыстан қуды деп жазады. Ол бала күтімімен үйде отырған еден жуушы қызметшінің орнына уақытша қабылданған болатын. Бала күтімінде отырған жұмыс иесі өз орнына оралған соң О.Хайитжановтың әйелі жұмыстан заңға сәйкес босатылды. Бұл жерде ешқандай да заң бұзушылық орын алған жоқ. Заңгер одан әрі қарай тәжірибелі ұстаз О.Хайитжановты заңсыз түрде жұмыстан шығарды деп мені айыптайды. Білімді мұғалімнің үстінен ұжым арыз жазбайды, оқушылардан жазбаша арыз-өтініштер түспейді. Ораздың жасап жүрген құйтырқы, бұзық, арам ниеттегі пиғылы, әрбір қадамы, жан-жаққа жолдаған жалған арыздары ұжымның жүйкесін жұқартты. 150 адам жұмыс істейтін айрандай ұйыған тату ұжымның берекесін кетірген Хайитжановтан мұғалімдер түгілі оқушылар да қашқақтай бастады. Алайда ұжым кешірімшіл болды. Кеңшіліктің де шегі болады емес пе? Ораздың бір теріс қылығы бірнеше рет қайталанды. Хайитжановты жұмыстан босату туралы ұжымның өзі ұсыныс жасады. Ал ұжымның жұмыс жүргізе алмайтын адамды жұмыстан босатуға құзіреті бар. Еңбек қатынастары тек Еңбек Кодексімен реттеледі дейсіз. Мен оны жақсы білемін. Себебі менің екі бірдей жоғары білімім бар. «Ескерту», «Сөгіс», «Қатаң сөгіс» сияқты тәртіптік шараларды қандай жағдайларда қолдану керектігі бізге белгілі, оны бес саусақтай білемін. Сотқа келетін болсақ, барлық сот отырыстары ашықтық, әділдік процессуалдық жоғары деңгейде өтті. Оның әрбір отырысына қатыстым. Сіздің маған қойған барлық сұрақтарыңызға тиісті құжаттарды көрсету арқылы дәлелдеп бердім. Алайда мені қорқыта алмағаныңызға ашынып, сіз мені білімсіз, біліксіз деп жазғырасыз. Білімсіз, біліксіз болсам, менің әрекеттеріме сот әділ баға бермес еді ғой. Сіз соттың әділ шешім қабылдағанын толықтай мойындадыңыз деп ойлаймын. Өзіңізді тәжірибелі заңгер санағандықтан, «Қалайша С.Ахмедовадан жеңіліп қалдым?» деген жалған намыс пен өзімшілдігіңіз өзегіңізді өртеді. Сонан соң мені, яғни жоғары категориялы маманды, облыста мектеп директорлары сайысының 3-орын иегерін, олимпиада жеңімпазын білімсіз, біліксіз деп жалпақ жұртқа жар салдыңыз. Мұныңыз тіптен ұят. Мектеп жетістіктері туралы жақ ашпайсыз. Мектеп О.Хайитжановсыз-ақ екі «Алтын белгі» иегерін, 22 грант иелерін даярлады. Республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық додаларда топжарған талантты шәкірттеріміз тек біздің мектебіміздің ғана емес, бүкіл ауданымыздың мақтанышы болып отыр. Кезінде республикалық мұғалімдер олимпиадасында жүлдегер атанған ҚР Білім беру ісінің үздік қызметкері Жеңіс Байжанов осы мектепте қызмет атқарады. «Өнерлі ұстаз – 2012» облыстық байқауының жеңімпазы Ғазиза Шүкірбаева инновация жөніндегі менің орынбасарым. О.Хайитжановты кезінде алғыс хатпен марапат­тауға ұсыныс берген өзім болатынмын. Оған сенім артып, директордың орынбасарлығына дейін қызметтік сатыға жоғарылаттым. Өзіне бекітілген қызметті атқара алмағаны үшін орынбасарлықтан математика пәні бойынша мұғалімдікке ауыстырылды. Бұл 2011 жылы болатын.
Әбішев мырза, сіз соттың басынан аяғына дейін «бүйректен сирақ шығарумен» болдыңыз. Енді, міне, дүйім жұртты дүрліктіріп шындыққа мүлдем жанаспайтын жайларды жазасыз. Жетісайды «Техас» деп бірінші атаған адам сіз болсаңыз керек. Себебі 330 мыңға таяу халықтың арасынан Жетісайды «Техас» деп атаған адамды көрген де, естіген де жоқпыз. Еңбек Кодексімен қатар, мен күнделікті қызметімнің барысында Білім Заңын басшылыққа аламын. Адамды жұмыстан шығару үшін ешқандай да заң талаптарын бұзбадым. О.Хайитжановқа өзінің іс-әрекетіне орай тиісті тәртіптік шаралар заң аясында қолданылып келді, оған бүкіл ұжым куә.
Білімсіз, біліксіз адамдарды басшылық қызметке тағайындаудан арылу мәселесін көтеріпсіз, заңгер Әбішев! Сіздің ойыңызша білімсіз, біліксіз кім? Мұныңыз да маған тағылған қып-қызыл жала. Ораз Хайитжановқа көптің көзінше «шалбарыңызды шешіп, юбка киіп алыңыз» деп мен ешқашан айтқан жоқпын. Кісіге күйе жақпас бұрын, алдымен істің анық-қанығына көз жеткізу керектігін заңгер ретінде сіз жақсы білгеніңіз дұрыс, Жаңабек Әбішев!

Сәулеш АХМЕДОВА,
№119 мектеп директоры
Жетісай қаласы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз