Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуына сенсек, 2014 жылдың қаңтары мен қыркүйегінің арасында 21 мыңнан астам адам елді тастап кеткен. Олардың 19149-ы ТМД елдеріне, ал 2142-і алыс шетелге қоныс аударған.
Шетелге кеткен 21291 адамның 652-і - қазақ, 14168-і - орыс, 6471-і - өзге этноc өкілдері. Яғни шетелге ауа көшкендердің арасындағы қазақ ұлты өкілдерінің саны 3 пайыздан аспайды деген сөз.
Сұрақ: елді тастап кетіп жатқан қазақтар кімдер? Елді тастап кетуіне не себеп? Олардың мамандығы, кәсібі не? Шетелге кеткен қазақтар қандай елдерді таңдап жатыр?
Ал енді дәл осы арада елге келген азаматтардың есеп-қисабы тіпті қызық.
Тоғыз айдың ішінде елге 12264 адам көгіп келген. Олардың 10736-ы ТМД елдерінен, қалған 1528-і шетелден. Яғни елден кетушілердің саны, елге келушілердің санынан 9127 адамға артық. Миграциялық сальдомыз ойсырап жатыр.
Осы жерде бір гәп бар.
Елге келген 12264 адамның небары 40 пайызы қазақтар, яғни - 4684 адам. Осы 12264 елге келген адамның 17 пайызы орыс, яғни - 2067 адам.
Сұрақ: сонда елге оралған 5231 адам қай этностың, ұлттың өкілі? Не үшін, не себепті келген адамдар? Елге келген соң қай аймаққа қоныстанып жатыр? Қандай кәсіппен айналыспақ? Қазақты алдыра алмай жатып, өзге этнос өкілдеріне неге басымдық беруіміз керек? Олардың барлығы академик пе, ғалым ба, инженер ме?
Осы 9 айдың ішінде елге көшіп келгендердің 88,3 пайызы мен елден көшіп кеткендердің 89,9 пайызы ТМД мемлекеттерінен. Қытайдан, Моңғолиядан көшіп келген қандастарымыздың санын еселеп қысқарған.
Сұрақ: сонда бұнымыз не саясат? Көшіп келгенін Қояндыдағыдай масқара қылсақ, елге кім көшпек? Шетелде жүрген қазақтың белсенділігін қалай арттырмақпыз?
Осыған нақты жауаптарыңыз болса, маған түсіндіріп беріңіздерші? Бәлкім, осы сауалдарды Статистика комитетінің өкілдері де байқап қалар. Солардан да нақты жауап күтемін.
Айдос Сарым, саясаттанушы
ЕЛДЕН КЕТКЕН ҚАЗАҚТАР. ОЛАР КІМДЕР?
2014 ж. 22 қараша
2422
1