Елбасы: Жаңа мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй бастапқы жарнасыз, 1-2 %-бен беріледі
2014 ж. 12 қараша
2598
10
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауында айтты. Тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту мәселесіне тоқталған Елбасы «Арендалық баспана құрылысы тұрғысындағы қадамдарды қайта қарастыру керек. Бізде қолжетімді баспана бойынша көптеген әдістер бар. Елімізде Тұрғын үй құрылыс жинақ, ипотека, арендалық бағыттар қамтылған. Енді бізге басқа қырынан қарау керек. Мемлекет әлеуметтік арендалық баспананы салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін болады. Қазіргі кезде қолданыстағы жүйе қомақты қаржыны талап етеді. Бастапқы жарнаны төлеткізеді, содан кейін банктер кабальды (кіріптарлық) пайыздарды бекітеді, яғни оның деңгейі 20 пайызға жетеді. Адамдар оны төлеуге қауқарсыз және проблемалар туындайды. Бұл бағдарламалар қалады, олар дәулетті адамдар үшін қалыпты. Ал жаңа бағыттағы бағдарламаны жас отбасылар үшін және баспанаға зәру азаматтарға жасап жатырмыз», - деді.
Президенттің сөзіне қарағанда, жаңа бағдарлама бойынша баспана еш делдалдарсыз, барынша төмен пайызбен беріледі. Несиелік қызмет ету 1-2 пайыз көлемінде болуы мүмкін. Осы бағдарлама аясында тұрғын үйді сатып алу құны төмендетіледі, бастапқы жарнаға тыйым салынады.
«Ипотекаға төмен пайыздар қазақстандықтар үшін баспананы елеулі қолжетімді етеді», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Осы орайда Елбасы арендалық баспана құрылысына 2015-2016 жылдары қосымша 180 млрд. теңге бөлінетіндігін жеткізді.
Қазақпарат