Өскеменде мыңдаған тұрғын қою түтінге тұншығып отыр
2014 ж. 10 қараша
2264
1
Өскеменде тұрғындарды "экологиялық таза ауданға көшіру" бағдарламасы орындалмай жатыр. Соның салдарынан 5 мыңнан астам тұрғын зауыттардан шыққан қою қара түтінге әлі тұншығып жүр.
Қала әкімі оларға 6 жыл бұрын ауасы таза ауданнан жаңа пәтер сыйлауға уәде беріпті. Алайда металл өндейтін зауыттардың дәл іргесінде тұратын өскемендіктер, қанша жыл өтсе де, басқа жаққа көшірілмеген.
Қою қара түтінді будақтатып шығаратын алып зауыттар тұрғын үйге таяқ тастам жерде орналасқан. Сондықтан мұржадан шыққан түтін бірден баспанаға бас салады екен. Осының кесірінен мұндағылар жаппай ауруға шалдығып жатыр.
"Тыныс алу жолдарымызға бірден зақым келеді. Ауырып қаламыз. Мен өзім гайморитпін.Кішкентай балаларға обал. Дәрігерлер тек дәрі-дәрмек жазып берумен шектеледі. Олар осы зауыттардың кесірінен ауырып жатқанымызды растамай отыр", - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Наталья Фролова.
Осы ауданның 5 мыңнан астам тұрғынын улап отырған металл өңдейтін үш зауыт пен жылу электр станциясы.Тұрғындарды түтінімен тұншықтырғаны аздай, қалдықтарын да осы жерге тастайды екен.
Ал одан бөлінген күшән, күкірт, қорғасын және мырыш адам ағзасына өте қауіпті.
"Экологиялық таза ауданға көшіру" бағдарламасын 2008 жылы қала әкімінің өзі ұсынған.Сол кезде Темірбек Қасымжанов жұрттың денсаулығына алаңдап, жаңа пәтерге көшесіңдер деген екен. Алайда 6 жыл уақыт өтсе де, әлі ешкім қоныс тойын тойламапты.
"Енді әкімдіктегілер бізге нақты жауап қатпай отыр. Біресе кезектеріңіз келген жоқ, біресе ақша жоқ дейді. Қазір бізге арналған үйді енді салады деген әңгіме жүріп жатыр. Бірақ ол салынғанша түтінге уланып өлмесек болды", - дейді Наталья Журкина.
Қала атқамінерлері бұл мәселеге қатысты ештеңе айтқысы келмей отыр. Өйткені олар үшін бұл енді маңызды емес сияқты. Үй салуға жер бөлінген. Құрылыс жүріп жатыр. Бірақ олар енді коммерциялық бағамен беріледі. Демек, тұрғындар әлі де түтінге тұншығып отыра бермек.