Жезқазған тұрғыны Сирияға кеткен ұлын көріп қайтты

Сирияда жүрген баласын іздеп барған анасы "ислам мемлекетін құрамын" деген ұлының Қазақстанға оралуға көнбегенін айтады. Ол жігіттің елде қалған жұбайы ажырасуға арыз берген.

Жезқазған тұрғыны Сирияға кеткен ұлын көріп қайтты Бұл туралы Азаттық жазады.

Былтыр қазан айында YouTube желісінде "Сирияға қоныс аударған қазақстандық жиһадшылар" видеосы жарияланғаннан кейін Сирияға кеткен балаларын іздеуші ата-аналар көбейе бастады.

Соңғы айда Ирак пен Сирияның біраз территориясын басып алған, қазір Кобани қаласын шабуылдап жатқан "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы қатарында жүр делінетін қазақстандықтарды іздеушілердің бірі – Жезқазған қаласының тұрғыны Құралай Нұрмағамбетова.

"26 жастағы ұлым Бағлан Салықовты іздеп, Түркия арқылы Сирияға барып, қазанның 28-інде Қазақстанға оралдым"– деді жасы 60-тағы Құралай Нұрмағамбетов Азаттыққа.

Құралай Нұрмағамбетова биыл тамызда екі баласы мен әйелін тастап Сирияға кетіп қалған ұлы Бағланды іздеуіне "Кеңгір ауылының тұрғыны Мұхамбетқали Дәніханов Иракқа кеткен ұлын көріп қайтты" деген хабар қозғау салғанын айтады.

"Мұхамбетқали Дәніхановтан мені Сириядағы балама ертіп апаруды сұрадым. Бізге Кеңгір ауылының тағы екі адамы қосылып, төртеуіміз Түркияға жеттік. Бірақ шекарадан өте алмайтын болған соң ол үшеуі 10 күндей жатып Қазақстанға қайтты. Әрі біреуінің баласы хабарласып, "әуре болмаңдар, бәрібір қайтпаймын" деген екен" – дейді ол.

Құралай Нұрмағамбетованың сөзінше, Стамбулда жалғыз қалған оған бірер күннен кейін Сирияға кеткен балаларын іздеп шыққан кеңгірлік басқа екі адам қосылып, үшеуі Сирияға беттеген.

Өзін "мал шаруашылығында жұмыс істейтін қарапайым әйелмін" деп таныстырған Құралай Нұрмағамбетова Сирия аумағына қандай жолдармен жеткенін толық білмейтінін айтады.

"Стамбулдан әрі қарай 16 сағаттай жүрдік. Шекараға дейін таксимен бардық. Сол жерден балаларымыз автобуспен алып кетті. Қай қалада тұрып жатқанын да білмеймін, балам да ештеңе айтқан жоқ. Сирияда әйтеуір", – дейді ол.

Алпыстағы ана баласының Сириядағы қонысы мен тұрмыс салты туралы егжей-тегжейлі баяндағысы келмеді.

"Тұрмыстары жаман емес. Соғыс болып жатқанын көрмедім. Баламның жанында екі-ақ күн болдым. Мұхамбетқали Дәніхановтың баласы Ержан Дәніхановтың үйінде жаттық. Ол жақта Кеңгір ауылының тағы бірнеше жігіті жүргенін көрдім", – деп қысқа қайырды.

Бағлан анасына екі баласын аманаттап, елге оралмайтынын айтқан.

Источник: NUR.KZ