"KAZSport" арнасы Диас Ахметшәріпті жұмысынан заңсыз қуған

Қазақстан" телерадиокорпорациясына қарайтын "KAZsport" телеарнасында дау басталды. Эфирге шыққанына бір жылдан сәл-ақ асқан телеарна директоры Диас Ахметшәріп қызметінен алынып тасталып, директордың міндетін уақытша атқаруға Павел Цыбулин тағайындалды.

Бұл туралы Серке хабарлайды.

Бірақ, Диас Ахметшәріп қызметінен кетпейтінін, егер бұл мәселе оңды шешілмесе, онда ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арызданатынын мәлімдеді. "Қазақстан" телерадиокорпорациясының төрайымы Нұржан Мұхамеджанова Диас Ахметшәріпті "KAZsport" директоры қызметінен шеттету жөніндегі шешімді 29 қазанда қабылдаған. Аяқ астынан оның мұндай шешім қабылдауының себебі түсініксіз.

Ол өзінің шешімін негіздеп қою үшін Диас Ахметшәріпке бір күнде әрі бір мезгілде үстемелетіп екі сөгіс жариялаған.

Сөгістің бірі спорт жаңалықтарындағы титрдан кеткен қателік үшін жасалды. Дегенмен, мұндай қателікке жауапты телеарна директоры емес, бас редактор болатын. "KAZsport" директоры Диас Ахметшәріптің алған екінші сөгісінің себебі тіпті ақылға қонбайды. Сөгіс түсіндірмесінде айтылғандай, 2014 жылдың 12 қазанында Монако қаласында әлдебір келісімшарт жасалыпты. Бұл келісімшартқа "KAZsport" телеарнасының атынан Диас Ахметшәріп қол қойыпты" деген ақпарат интернетте жария болады", - деп жазады сайт. Шындығында, бұл күні "KAZsport" директоры телеарна қызметкерлерімен бірге Астанада өтіп жатқан дзюдо жарысын түсіріп жатқан. Шынайы жағдай осылай болғанымен, интернетте жарияланған әлгі ақпараттың шығуына Диас Ахметшәріптің қатысы бар деп айыпталып жатыр. Қазанның 31-і күні Бигелді Ғабдуллин басқаратын "Радиоточка" сайтына Диас Ахметшәріптің осы мәселе бойынша сұхбаты жарияланған болатын. Онда ол өзінің қызметтен заңсыз алынып жатқанын айтқан еді. Бұл ақпаратты тағы бірнеше басылым көшіріп басты. Бірақ, бірнеше сағаттан кейін "Радиоточкадағы" және басқа сайттардағы ақпарат жойылды.

Сондай-ақ, "KAZsport" телеарнасының қызметкерлері Диас Ахметшәріпті жақтап, Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешевке, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинге үндеу жазған.

Даулы мәселе шешілмесе де "Қазақстан" телерадиокорпорациясы өзінің сайтында "KAZsport" директоры қызметіне байқау жариялады. Телерадиокорпорациядағы құпия дереккөздің айтуынша, "KAZsport" директорлығына кім тағайындалатыны шешіліп қойған. Байқауда спорт журналисі Амангелді Сейітханов "жеңіске" жетеді. Ал бүгін Диас Ахметшәріптің Фейсбуктағы парақшасы ашылмай қалды. Еске сала кетейік, арна ашылар кезде директорлыққа тағайындалған Есей Жеңісұлын да белгісіз себеппен басшылықтан кетірген болатын.

Источник: NUR.KZ