Өскемендегі славяндық ұйымдар ресейлік БАҚ-қа алданып қалғанын айтады
2014 ж. 25 қазан
1974
2
Шығыс Қазақстан облысындағы славяндық ұйымдар Meduza.io сайтында шыққан мақалаға орай ашық хат жариялап, сөздерінің бұрмаланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Азаттық хабарлайды.
Өскемендегі бірнеше ұйымның атынан жазылған хатта авторлар материалды жазған журналист Илья Азаровтың "өздерінен шовинист жасамақ болғанын" айтып, айыптайды.
Олардың сөзінше, мақалада айтылғандай "Қазақстанда орыс этникалық топтарының құқықтары шектеліп отырған жоқ".
Жақында ресейлік Лента.ру-дың жобасы саналатын Meduza сайтында "Өскемен халық республикасы. Қазақстандағы орыстар "сыпайы адамдарды" күте ме?" деген мақала жарияланып, ол қоғам арасында теріс реакция туғызған еді. Оны әлеуметтік желіде "ұлтараздық жанжал қоздыру" үшін жазылған "арандату бағытындағы материал" деп атаған болатын.
"...Қазақстанда жер, тіл мен билікті тең емес, бөлді деп сендірмей-ақ қойыңыздар. Бізде барлығымыздың құқықтарымыз тең. Мемлекеттің экономикасы да соңғы орындарда емес. Ең бастысы – біз ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатырмыз, егер бізде проблемалар туындаса, ол ішкі мәселелеріміз және оны сіздердің кеңестеріңізсіз-ақ өзіміз шешеміз" делінген хатта.
Ашық хат иелері бұған қоса соңғы уақытта аймақта осы сияқты арандатуды көздейтін ақпарат құралдары көбейіп кеткенін, мұндағы жағдайды ушықтыруға тырысып жатқанын да айта кетті.
Хат авторларының бірі, "Русская община Казахстана" ұйымының Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің жетекшісі Олег Масленников Азаттыққа бұл хатқа бірнеше ұйым жетекшілерінің қол қойғанын айтты.
Оның сөзіне қарағанда, арандату сипатындағы материал авторы Илья Азаров өзін Ленту.ру тілшісі ретінде таныстырып, материалдың қай жерде шығатынын да айтпаған.