Қытайдағы қазақ студенттері бұзылып бітті!

1780815_697609446948390_496470760_n

Мен Қытайда қазақ өлкесінде туып өстім. Бала жасымнан атам мен әжемнің тәрбиесін, әке-шешемнің қамқорлығын көрдім. Қазақ ауылында, қазақы тәрбиеде бойжеттім. Содан шығыр біз үшін қазақ қызының тәрбиесі бөлек, ар-намысы биік. Ауыл мектебін, кейін қаладағы орта мектепті бітіргенше құрбы-құрдастарымның бойынан жаман әдет байқаған емеспін. Жаман әдет- жат қылық.... 2010-жылы Шанхайға оқуға түстім. Хатқа себеп болған уақиға сол Шанхайда басталды ғой. Мен бұл хатты өзім өмірімде көрмеген, Қазақстандағы бейтаныс бір құрбыма бағыттап жазып отырмын (әрине қазақ қызы) сен өмірде барсың ба, жоқсың ба, оны білмеймін. Тіпті мына жазғанымды оқисың ба, оқымайсың ба, оған да күмәнім бар. Бірақ жадымда жаңғырған намыс пен ішімдегі қынжылыс қолыма қалам алмасқа қоймады. Сенің бейнеңді қиялымда жасап, атыңды Сандуғаш деп ойша қойдым.

Сәлем, Сандуғаш!

Біз бір-бірімізбен таныс емеспіз. Тіпті өзара түсінісе де алмаймыз. Өйткені мен Қытайда, сен Қазақстанда туған арусың. Менің тілім қазақша шықты, сен орысша сөйлейсің. Мен қазақтың жайлау-қыстауын көрген, аңыз-ертегісін тыңдап өскен қызбын. Ал сен жылдың 4 мезгілінде табаның Алматының асфальтынан басқаға тимеген. Тіпті сен екеуміздің ата-тегіміз, бойымыздағы қанымыз бір болғанымен, айырмашылығымыз жер мен көктей. Маған қазақтың ұл-қызының тәрбиесі, рухани дүниесі қымбат. Ал саған ондай ұғым мүлде таңсық. Мен қазақпын деп мақтана аламын, сен қазақ екеніңе қысылатын сияқтысың. Мен қазақша ойлап, қазақша жазамын. Ал сен орысша ойлап, орысша жазасың. Сонда да мына хатты саған арнаймын. Әсем шаһар Шанхайда қазақ елінен келген студент жастар өте көп. Өйткені бұл қала Қытай экономикасының алтын қазығы деп аталады. Қала көрікті де сәулетті. Еуропа қалаларынан кем емес. Сондықтан да шетелдіктер ғана емес, шамасы келсе, қытайлықтардың өзі Шанхайда түрғысы келеді. Сол үшін аты шулы шаһарға қазақ жастары үйір. Оқуым ақылы, он жұмыс істеп өзім төлеймін. Бірақ саған арнап жазған бұл хат менің оқуым жайында немесе Қытайдың хикіметті кәрі қаласының шырайы туралы емес. Сандуғаш, бұл саған жазған ішкі қынжылысым мен жанымды өртеген ар-ұждан. Құрбым, менің сөзімде мысқалдай мін немесе өтірік жоқ! Барым – шыным!……. естуімше, Қытайға келіп оқитын қазақ студенттеріңің дені сынақтан төмен нәтиже алғандар немесе қыдырып «тусовка» үшін келгендер екен. Ниеттері қандай екені қайдам, әйтеу бір тірлігі мен болмысы осыны көрсететіндей. 2010 жылдан бері мұнда мың тұрлі қандастарымды көрдім. Оғаш пікірімді жаңсақ деме, замандас! Әрине мінсіз ұлт, мінсіз адам болмайтын шығар. Алайда біздің қандастардың бойында мынадай ұятты қылық болады дегенге өз көзіммен көрмесем, сенбес едім. Бұл шаһарға келіп, алғаш рет оқу ордасының табалдырығын аттаған сәтімді әсте естен шығармаспын. Өйткені сол күні ұяттан өртендім. Ата жұрттан ат арытып жеткен бір топ қыз-жігітті көріп, қуанып амандасқанымда «чье, опять что ли эти казахи приехали» деді (орысша шала пұшық түсінемін). Бетім ду етті. Үндемей оқу залына қарай бұрыла бердім. Залға кірсем, тағы да қазақтар. Олар темекіні құшырлана сорып, бір – бірін құшақтап, сүйісіп тұр. Оны көріп төбемнен жәй түскендей болдым. Егер олардың орнында басқа ұлттың ұлы мен қызы болғанда, дәл сол сәттегідей бетіммен жер баспайтын шығармын, бәлкім? Өз қазағың болған соң ұялады екенсің. Әттең кірерге тесік жоқ. Олар маған қарап «мынау қайдан келген типа ангелочек?» – деп мазақтап күлді. Дәл сол сәтте әкем қоңырау шалды. Амандықтарын сұрап, қазақша қауқылдасып қалдық. Ал аналар «мамбетка» деп кекетіп, мазақтап тұр. Құрбым-ау, сенсең де, сенбесең де, жұрегімді қарыған бір шындықтың бетін ашқаным жөн шығар. Мен шетелдіктерге арналған жатақханадан қазақ қыздарының адам аузы бармайтын алуан тұрлі тұрпайы қылығын естідім. Оны маған Қазақстандағы Жансая деген құрбым айтып жүрді. «Түнде біздің қыздардың қасынан қазақтар түгілі, ауған, түрік, үнді, тіпті жатақханада қанша ұлттың уәкілі бар, соның бәрі жынды көбелектей үймелейді. Тектен –текке келмейді ғой. «Қыздың өзі үйде, қылығы түзде» деген рас шығар, егер біздің арулар тілі, діні, ділі, бөлек сол шетелдіктерді өзі дәндетпегенде, олардың несі бар? Күндіз сабаққа бармай ұйықтайтын, түнде араққа сылқыя тоятын маскүнем жерлестерімнің «концертіне» бәрі қарық. Олар жатақханадағы басқа студенттердің өтініші түгілі, қарауылдың қаһарынанда сескенбейді. Қарсы келгендерімен үнемі орысша боқтасып, қырылысып жатқандары. Қыздардың төбелесін бұрын кім көрген дейсің, олар бір-бірінің беттерін тырнап, жағасын жыртқанда, бүкіл жатақхана аяғынан тік тұрады. Қазақы тәрбие көрген менде көлгірсімей -ақ қояйын, дені дұрыс кез келген студент үшін біздің қыздардың «түнгі жортуылы», төбелесі, былапыт сөзі жиркенішті – ақ», – дейтін ол. Бай- бағыландардың қаласында екі жыл оқыған соң Бижиңге (Пекин) ауыстым. Бижиң – Қытайдың астанасы екенін айтпасам да білесің ғой. Ондағы қандастарымның дені дұрыс деп ойлағанмын. Оның үстіне оқу сапасы да Шанхайға қарағанда тәуір. Бірақ екі айдан кейін бәрі белгілі болды. Бір күні Шанхайдан Жансая қоңырау шалды. - Жұлдыз, Бижиңдегі бауырларың қалай екен? - Қазақ қайда жүрсе де, қазақ екен – дедім әзілге айналдырған болып. - Мұндағы қыздардан қылық, ұлдардан рух кетіп болды. Сен айтатын ар – намыс, абырой дегенің аяққа тапталды. - Қазақстанда бұған араласатын оқу-ағартуға жауапты орындар жоқ па? - …… Бижиңде де сол қазақ. сабақ оқымайтындар, сабаққа кешігетіндер, оқуға күнде емес, ай бойы бармайтындар – бәрі өзімнің қара көз құрбы-құрдастарым. Мен барғанда, қандастарымның «еркелігін» мұғалімдерім талай айтқан. Кейін өз көзіммен көрдім. Жігіттері мотоцикл алудан, қыздары әлем-жәлем киім киуден жарысады. Олар жұма сайын «бухаем по полный программе» деп тілек тілейді (өз сөздері). Мен көрген қытайдағы қазақ жастарының сөзіне ісі, ісіне мақсаты үйлеспейді, құдды бойларында екі адам бар сияқты: бірі өзі болса, екіншісі шайтан дерсің. Сандуғаш, шындықты айтқаннан түзелсе, саған ашып отырмын ғой. Темекі тарту, арақ ішу, түнгі клубқа бару, қыздармен жын ойнақ жасау қазақ жігіттерінің ғана ісі сияқты. Олардың бойында шайтан болмаса, қасиетті жұма күнін мазаққа айналдырама? Мысалы, жұма күні намазды сылтауратып сабаққа бармайды. Ал кешкісін жын –ойнақтан бірақ шығады. Құрбым, ата жұрттан барған студенттер иесіз емес, оларды қадағалайтын ұйым бар. «Жас қыран» деп аталады. Алайда олардың қағаз жүзіндегі «Love Kazakhstan» дегеннен артық ұлтжандылығын көрген жоқпын. «Жас қыранның» бір бітпейтін «казах пати» деген тойы бар. Онысын сондағы қазақ студенттерінің мәселесін талқылайтын жиын ба деп жүрсем, «арақты кім бірінші таусады?» деген сияқты жындының сандырағы екен. Әрине, ондай жарысты апта сайын өткізбейді, бірақ болғаны рас. Дені дұрыс бағдарламалардың өзі арақ-шараптың ар-жақ бер жағында. Мен көрген, арасында болған «казах пати» қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ұйым. Олар наурыз мейрамы болсын, Қазақстанның Тәуелсіздік күні болсын міндетті тұрде «казах пати» өткізеді. Пікір талас ұйымдастырады. Сондағы айтылғанның бәрі құрғақ сөз, қысыр кеңес. Мәселен, күнде арақ ішіп жүрген студенттер мінбеге шығып: «елді қалай дамытамыз, қазақты қалай құтқарамыз?» – деп аузы-басы қисаймай сөйлегенде, әртістер жолда қалады. Бәрі шетінен дүмше патриоттар.

Құрбым Сандуғаш, мұнда тәнін саудалайтындар қытайдың қыздары ғана емес, жат жұрттықтар мен төсекте басы қосылып жүрген қазақ қыздарының саны жылдан-жылға артып барады. Жын ойнақтарға барып мас болып жатқан аруларды құрбылары тастап кетіп қалады. Әр бұрышта бір-бір қазақ қызы жатады иленіп. Одан арғысын айтудың өзі ұят. Сол қаракөз сұлулардың таң атқанша әркімнің мазағына айналады. Өз ұлтының, өз құрбы-құрдастарының намысын төгіп жүргендеріне қарап жүрегім жылайды! «Қытайдағы Қазақстан елшілігінің бұл іспен шаруасы жоқ», – дейді Шанхайдағы құрбым бір жолы хабарласқанымда. «Олар бөлек, біз бөлек әлемдеміз. Дипломатиялық қарым-қатынас тек қана сауда – саттық пен саясатқа арналған сияқты. Студенттер тәртібі мен ісін, оқуын ешкім қадағаламайды. Елшіліктің ішіндегілердің кейбіреуі қытай тілі түгілі, ана тіліненде мақұрым. Тіпті өз жұмысының маманы да емес. Шаруаңмен барсаң, дөрекі сөйлейді»,- деп шағынды ол.

Сандуғаш, шетелдегі қазақ жастарын қадағалауға немесе бағадарламалар жасауға үкіметтеріңнен қаражат бөлінетін, бөлінбейтінін естіген бе едің? Бөлінсе, ақша қайда, қалай жаратылады? «Жас қыран» сияқты ұйымдар кімнің ақшасын шашып жүр? Бәрі жұмбақ. Құрбым, сен шетелдегі осы шындықтардың бірінде білмейсің- ау. Қытайда анашамен ашына болған, төбелеспен ұрлықтан істі болып, сотталған қазақтар өте көп. Араларынан елге келіп паспортын ауыстырып, «басқа» адам болып барғандарын да кезіктірдім. Қылмысқа шатылған қазақтар есірткіні көбінесе ұйғырлардан сатып алады дейді. Қытайдағы қазақ жастары бір университеттен екінші бір университетке ауысып жүреді. Себебі мұнда өзің үшін оқисың, сені ешкім қадағаламайды. Бірақ тәртіп бәріне ортақ. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақ шіртеді» деген бар ғой. Сондықтан милиарттардың елінде оқитын қазақ жастарының атына кір келтіріп, абыройын айрандай төккен замандасымызға тиым болса екен. Бұл мәселеден елдің қамын ойлап жүрген ағаларымыз хабардар болып, елшілік арқылы жастарды тәртіпке шақырса екен. Жасы жирмадан аспаған, оң – солын танып үлгермеген адамды шетелге оқытуды тоқтатса екен.

Сәлеммен , Жұлдыз Бижиң 01. 02. 2014 жыл.

namys.kz