Тасмағамбетовтің жаңа қызметке келуі ғаламторда қызу талқылануда
2014 ж. 22 қазан
2247
3
Астана қаласын бірнеше жыл басқарған Иманғали Тасмағамбетовтің Қорғаныс министрі болып тағайындалуы әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.
Бұл туралы "Сайгез" сайты хабарлайды.
"Басқасын айтпағанда соңғы он жыл ішінде еліміздің республикалық маңызы бар екі бірдей шаһарын басқарды. 4 жыл ғана еңбек етсе де, алматылықтарды сағындыртатындай етіп жұмыс істеді. Астананың әлпетіне әр беріп, бас қаланың гүлденуіне тікелей ықпал етуімен де оның соңғы қызметі туралы ұмытылмайды", - деп жазады сайт авторы.
Ал халықтың қабылдауы ерекше. Қорғаныс министрі болып тағайындалуымен құттықтап жатқан халықта қисап жоқ.
"Менің ойымша, Тасмағамбетовты президент үнемі белгілі бір салаларды немесе қаланы дамыту үшін, қордаланған проблемаларды шешу үшін жіберетін сияқты. Оның әбжіл екені, шаруашылықты жақсы жүргізетіні бірнеше мәрте сынақтан өткен", - деп саясаттанушы Рахат Мамырбек пікір білдірген.
Еске сала кетейік, бүгін Иманғали Тасмағамбетов Астана қаласының әкімі қызметінен кетіп, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Астана әкімі қызметіне бұрынғы мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбековкірісті.
Бүгінге дейін Қорғаныс министрі қызметін атқарған Серік Ахметовтың енді қандай салаға бас-көз болатыны белгісіз.