Министр мал ұрлығы мәселесіне өзі араласпақ
2014 ж. 21 қазан
1646
0
Елдегі мал ұрлығы мәселесіне ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың өзі араласа бастады. Өйткені, қараша халықтың аймақтық полицейлерге сенімі жоғалған.
Тіпті ел ішінде "ұрыларды қыстық соғым үшін облыстық департамент басшылары қорғаштайды екен" деген сыбыстың тарағаны жасырын емес деп хабарлайды 31 арна.
"Олар өздері үлкен бір сыбайластық құрып алған. 1 табын жылқыны айдап әкетеді. Жоқ болады. Ешкім таппайды. Не полиция таппайды, не басқа таппайды. Бұл әлеуметтік үлкен дертке айналды. Мал ұрлығына тосқауыл қоятын қандай шаралар қарастырып жатырсыздар?", - деп сауал жолдады Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл.
Жалпы мал ұрлығына қатысты жеке заң қабылдансын деген ұсыныстар көп. Қолдағы 4 түлікті сауып, сойып немесе сатып күнін көріп отырған шалғай ауылдағы ағайын үшін үлкен түйткіл екені рас.
Алайда, министр айналып келіп бәріне қараша халықтың өзін кінәлі етіп шығарды. Қалмұхамбет Қасымов, азаматтар малы жоғалғанда бірден айтпай, ізін суытып алады дейді. Әйтпесе, дер кезінде хабарласа тауып жатқанымыз көп деп ақталып отыр.
Сөзінің соңында, министрліктің тікелей араласатынын айтып құтылды.
"Криминалдық полиция комитетінде тек мал ұрлығымен айналысатын арнайы топ құрдық. Мұндай жасақтар әр облыста болады. Тіпті қазіргі таңда авиакомпаниялармен келісімшартқа отырып, енді іздеу жұмыстарына тікұшақтарды пайданалатын боламыз", - деді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов.