Американың Коннектикут штатындағы компаниялардың бірі Эбола вирусының айналасында туған шуға қарсы тұрудың тиімді жолын ойлап тапты. Енді жұрт одан қорықпай, керісінше бірге ойнайтын болды.
Giantmicrobes компаниясы Эбола вирусын бейнелейтін жұмсақ ойыншықтардың алғашқы партиясын шығарып үлгергендері сол еді, жұрт оны талап әкеткен, деп хабарлайды Aldianews порталы. Өндірушілер өз тауарларын «түрлі жастағы балаларға арналған оқу құралы» деп отыр. Себебі өнімдерінің басым бөлігін медициналық мекемелер мен мектептер сатып алған, деп мәлім етті CNBC телеарнасына берген сұхбатында компанияның маркетинг жөніндегі вице-президенті Лаура Салливан.
Жалпы, Giantmicrobes компаниясы оба, тұмау, АҚТҚ, сібір жарасы, безгек және басқа да көптеген вирус қоздырғыштарының жұмсақ матадан жасалған ойыншық үлгілерін жасап шығушы компания ретінде танымал. Аты қаншалықты қорқынышты әрі денсаулыққа қауіпті болғанымен, ойыншық түрінде олар мейірімді әрі күлкілі көрінеді. Көңіл қаласа, колекция жинастыруға да болады. Тұтынушыларының көптігіне байланысты, Эбола вирусы ойыншықтарының екінші желісі сатылымға осы аптада шығады деп жоспарлануда.
Айта кетсек, адам өміріне қауіп төндіретін вирус осы жылдың ақпанында Гвинеяда тіркелген болатын, кейіннен Эбола безгегі Сьерра-Леоне, Либерия, Нигерия, Конго Демократиялық Республикасы мен Сенегалда тарай бастады. Вируспен ауыру фактілері АҚШ пен Еуропада да тіркелді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде қауіпті індеттен 4477 адам көз жұмған.
Сібір жарасы
Безден тиетін оба
Гангрена
Құс тұмауы
BNews.kz