Ауылшарауашылық өнімдерін астаналықтар нарықтық бағадан 10-15% арзанға сатып алуда.

 жәрмеңке астана әкімі 4 қазанда  Астанада Қарағанды және Ақтөбе облыстарының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков пен Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты.  Астанадағы жәрмеңкеде Қарағанды және Ақтөбе облыстарының үздік тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынды. Өңірлерде жасалған жоғары сапалы тауарларды астаналықтар нарықтық бағадан 10-15% арзанға сатып алуда.  «Астанадағы қалыптасқан дәстүрлі жәрмеңкеміз жалғасуда. Бүгін барша мұсылмандар үшін қасиетті Құрбан айт күні Қарағанды және Ақтөбе облыстары өзінің жәрмеңкесін елордада өткізуде. Байқағанымыздай алаңға ел қаумалап келіп жатыр. Екі облыс аумағында өндірілген өнімдер астаналықтарға ұсынылуда. Бұл тұрғыда ең бастысы - ауыл мен қаланы жақындастыру мәселесі ескеріліп отыр, яғни елдің бірлігін көрсетуге негізделген. Жәрмеңкені ұйымдастыру мақсаты - ауыл-аймақтарда қызмет етіп жатқан диқаншылардың жаз бойы атқарған еңбегін елге паш ету», - деді Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов. Ақтөбе облысы кәсіпкерлерінің тірі бекіре балықтарын әкелуі, Қарағанды өңірінің бауырсақ және қымыз фестивалін өткізуі кезекті жәрмеңкенің ерекшелігі болды.   Атап өту керек бүгінгі жәрмеңкеге Қарағанды облысынан 828 тонна, Ақтөбе облысынан 326 тонна өнім әкелінді. Тауарлар Астана қаласында қалыптасқан нарықтық бағадан 10-15% арзан бағаға сатылды.   Астана қаласы әкімінің аппараты баспасөз қызметі