АЛМАС ҚЫЛЫШ. Рыжий Алмаз» – Несіпбай Нәсенов туралы сөз.
2014 ж. 04 қазан
50036
48

«Мен де ұлтшылмын. Қазақтардың жақсы киінгені, жақсы өмір сүргені, жақсы машиналарды мінгені, жақсы үйде жасағаны маған ұнайды. Мен бұған рахаттанамын. ...Мен өзіме де, басқаларға да Қазақстанда жақсы өмір сүру мүмкін ғана емес, міндетті екенін дәлелдегім келеді». Бұл – ұлтын сүйген жүректі ер Несіпбайдың сөзі.
Несіпбайдың әкесі Болатбек Нәсенов айтады: «Мен оны қылмыскер дегеннің біреуіне де сенбеймін. Ол бандит емес. Атасы Нәсен (37 жасында халық жауы деп Сахалинде НКВД өлтірген) сияқты халықтың жоғын жоқтаушы, елінің патриоты. 37 жасында бұл жауыздар қолынан қаза тапты». Кім баласын жамандыққа қисын, әкесі ғой дерсіз. Сотта да куәлік ете алмайтыны сияқты бұл сөздерді есепке алмасаңыз – алмаңыз. Ал 2009 жылдары ҚР Парламентінің депутаты болған айтулы азамат Бекболат Тілеухан: «Унитарлық мемлекетте бір ғана ұлт болады. Бір мысал айтайын: егер мен шешен болсам, Қазақстанға қаңғырып келген шешен боламын. Мен азулылығымнан, мықтылығымнан Ақтаудың портын тартып аламын. Кез келген шенеуніктің баласын ұрлап әкетемін деп қорқытып, тендерді тартып аламын. Бұған ешқандай қазақ қарсы келмейді. Қарсы сөз сөйлейтін қазақтың басы баяғыда қырқылған. Талғат Атабаев, Сары Алмас, Қара Алмас секілді мықты жігіттердің бәрі өлген. Бұл жерде ылғи құлдың тұқымы қалған. Үйіне кіріп алып бауыздап жатсаң, ара түсетін ешкім жоқ!» - дейді.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы, генерал-майор Молдияр Оразалиевтің ойынша, бұл әркімге бұйыратын қабілет емес. «Атаба» (Талғат Атабаев), «Адай», «Төрт ағайынды» сияқтылардың барлығы «Сары Алмастың» қол астында болған. Бұрынғы Кеңес Одағы деңгейінде мызғымас жүйе құрған. Ол құрған империя қалай дегенде де ақылдың белгісі. Барлық құрылымдарда – прокуратурада, милицияда, сотта оның өз адамдары болған. Мәселелерін тікелей жоғары деңгейде шешіп отырған.
Жоғарыда аты аталған Жұмагелді Нәдірбеков: «Рыжий Алмаз» - өте мәдениетті, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеуде ізеті мол жігіт. Ұлттың бағына біткен азаматы. Өз көзіммен көрген адам ретінде айтарым: ол – қазақтың ғажайып тұлғасы. Мұндай рухы биік, ірі жігіт елде некен-саяқ болады, оны қаралап, тұқырта бергеннен гөрі мақтаныш етіп айта білуіміз керек деп білемін».
Шарафаддин Әмір: «Қылмыс әлемінде абырой мен атаққа кенде болмаған Несіпбайдың кейбір ойлары таңғаларлықтай. Мәселен, оны қазақ тілінің тағдыры толғандырады. «Қазақ тілінің өркендейтініне сенімдімін, - дейді ол өз ойымен бөлісе отырып. – Сондай-ақ Қазақстанды Отаным деп сүйетіндер қазақ тілін үйренулері шарт» дейді».
Төреғали Тәшенов: «Не десек те, қылмыс әлемінде дәл Несіпбай Нәсеновтың деңгейіне жеткен қазақ жігіттері болған жоқ. «Сары Алмастың» арқасында көптеген қылмыстық билік қазақтардың қолына көшкенін мойындағанымыз жөн...»
Ежелден ер халық қазақта жүректі ұлдар көп. Олардың батырлығы да кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бірақ осындай оғландарымыздың қадір-қасиетін әлі дұрыс бағамдай алмай келе жатқан сияқтымыз. Бұрындары өзге елдің көзқарасына сай, ол бабаларымызды «бандит», «қарақшы», «ұры» деп бағаласақ, ендігі жаңа кезеңде, тәуелсіздік елге айналған шағымызда ақты ақ, қараны қара дегізерлік нақтылыққа жетуіміз шарт емес пе. Сондықтан аты аталған ұлттың ержүрек ұлдарының аты жаңғырып, даңқы артуына біз – бәріміз мүдделіміз. Есіміне тіркелетін анықтауыштардың түзетіліп, шынайы жазылып, лайықты бағасын алуы – қазақ тарихына, қала берді тұлғатану саласына деген жаңаша көзқарастың қажеттілігін танытады.
Заңғар Кәрімхан