Қоғамның дамуында журналистиканың рөлі зор

image003   Журналистиканың қоғамдағы орны туралы – Еліміз тәуелсіздігін жа­риялағаннан кейін журналистика функциясын нақты айқындай алған жоқпыз. Қазір мұны әркім өз ыңғайына қарай бұрмалап жүр. Ел Парламенті журналистер бізге қызмет етуі керек деп санаса, Үкімет те сондай ойда. Әкім-қаралар бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін өз қоластындағы қызметкердей көреді. Мұның барлығы демократиялық құндылықтарға, дамыған елдердің тәжірибесіне өте қайшы келмекші. Сон­дықтан, осы мәселені көпшілік талқысына салатын мезгіл әлдеқашан жеткен. Әлбетте, журналистиканы зерттеуші ғалымдарға ешқандай «Америка ашудың» қажеті жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет–халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген. Бұл – теория. Дамыған елдердегі журналистердің функциясына қайшы келмейтін қисын. Яғни, журналистика әлеуметтік дербес институт ретінде халыққа қызмет етуі тиіс. Ел ішінде және әлемде болып жатқан жағымды-жағымсыз оқиғаларды баяндап, халықты құлағдар етіп отырады. Жақсыдан үйренуге, жаманнан жеріп, бойды аулақ ұстауға ой салады. Халықтың сенімді бір өкілі ретінде билік пен бизнестің әр қадамын бақылауда ұстау керек. Егер, билік пен бизнес халыққа пайдалы қызмет етіп жатса, оны көпшілікке жеткізіп, ісінің нәтижелі болуына болысу керек. Интернет-журналистикаға қатысты – Иә, кейінде интернет-журналистика қатты дамып келеді. Бұл өткен ғасырдың 60-жылдары АҚШ-та пайда болды. Олар мұны өзінің қарулы күштері саласы бойынша пайдалануға шығарған еді. Осының өзінен біраз сыр түюге болады. Қазіргі жаһандану кезінде интернет-журналистика ақпарат алмасудың күшті құралына айналды. Төрткүл дүние интернеттің арқасында «бір ауылға» айналып барады. Әйтсе де, интернет-журналистиканың жетістігімен қоса, бүлдіретін жағы да жетіп-артылады. Сондықтан, бұған тым әуестеніп те кетпеуіміз керек. Яғни, интернет-журналистиканың пайдалы да, зиянды да тұстарын дөп басып, тек тиімді жағын қолдансақ қисынды болмақшы. Қазіргі жас­тарымыздың санасын интернет жаулап алып, оларды көзге көрінбейтін әлдекімдердің мүддесіне қызмет етуге мәжбүрлеп жатқан жағдайлар да, өкінішке қарай, орын алып отыр. Сондықтан, біз ұлттық контентті толтыра отырып, өзіміздің мемлекеттік мүддемізді ойлағанымыз жөн. «Қазіргі уақытта баспасөздің керегі жоқ» деген де пікір туа бастады. Шындығына келсек, мұндай пікір өткен ғасырда бастау алған. Телевизия шыққан кезде газет-журналдардың күні қараң дегенді айтушылар болған еді. Одан бері де бір ғасырға жуық уақыт өтті. Оның бәрі құр сәуегейлік екенін өмір өзі дәлелдеп шықты. Дәл қазір интернет-журналистиканың отаны саналатын Американың өзінде дәстүрлі баспасөз бұрынғыша жұмысын жалғастырып жатыр. Олардың өзінде интернет-журналистика баспасөзді алмастыра алған жоқ. Өйткені, екеуінің қызметі екі бөлек. Бұлар қоғамда қатар әрі бәсекелес өмір сүре алатынын көрсетті. Сол жағдайды терең түсінбей, қазір газет-журналдарды жауып, оның орнына онлайн басылымдар шығару керек деген қиялға ерік бере бастаған секілдіміз. Американың өзінде ол жүзеге аспай жатқанда, біз олардан озып кетеміз деп ойламаймын. Бұл жерде аяғымызды байқап баспасақ, ертең опынып қалуымыз әбден мүмкін. Демек, Міржақып Дулатов айтқандай, «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» екені айдан анық. Қазіргі журналистердің бет-бейнесі жөнінде – Журналистика бүкіл әлемде құрметке ие және елдің көз алдында бақылауда болатындықтан да, сынға көп ұшырайтын мамандық. Басқа кәсіп иелерінің қателіктерін халық көп біле бермейді, ал журналистің олқылығы бірден жария болады. Себебі, оның айтқандарын миллиондаған адам тыңдап, көріп, оқып отырады. Бізге үлгі-өнегені алыстан іздеудің қажеті жоқ. Кешегі Алаш азаматтары нағыз идеал болуға әбден лайық. Олар халыққа қалтқысыз қызмет етудің нағыз үлгісін көрсетті. Кейінгі кезеңде журналистика табыс көзіне де айналып келеді. Біз оны дұрыс емес деп те айта алмаймыз. Бірақ журналистика тек пайда табудың құралына айналып кетсе, онда қоғамда үлкен қақтығыстар туғызуы мүмкін. Оған жол бермес үшін журналистика қоғамның бейбіт дамуына қызмет етуге тиіс. Яғни, қазақ журналистикасы, ең алдымен, халықтың білім-білігін, талғамын арттыруға қызмет еткені жөн. Бұқаралық ақпарАт құралдарының қызметі төңірегінде – Кейінде басқа сала маман­дарының журналистикаға жиі келе бастауын жетістік емес, керісінше, кемшілік деп санаймын. Себебі, кез келген бағытта кәсіби маман жүрмесе, ол саланың жұмысы міндетті түрде ақсайды. Әр салада өзінің кәсіби маманы болғаны дұрыс. Ол сапалы өнім шығарады, сонда ғана бәсекеге қабілеттілік артады. Қазір БАҚ-та тарихшылар да, аграрлар, әртістер де жүр. Олар БАҚ технологиясын, техникасын білсек, жұмыс істеп кете береміз деп ойлайтын шығар. Бірақ, журналистиканың функциясын, жауапкершілігін, жанрларын, тілі мен стилін, олардың ерекшеліктерін терең білмей, қалай журналист болып жүргеніне таң қаламын. Соның салдарынан бұқаралық ақпарат құралдарында жанр деген жойылды. Қойыртпақ дүниелер көбейіп барады. Әр жанрдың өз ерекшелігі бар. Жанрлардың көп болуы БАҚ-тың шырайын келтіреді. Оқырмандары мен көрермен, тындармандарының қызығушылығын арттырады. Ал оның жұтаңдығы БАҚ-тың тартымдылығына айтарлықтай нұқсан келтірмекші. Жаңа замандағы журналист қызметі хақында – Бұл біздің елімізде ғана емес, шетелде де пікірталас тудырып отырған сұрақ. Жалпы, журналистің университеттік білімі болғаны дұрыс деген түсінік қалыптасқан. Себебі, журналистика жауапкершілігі өте зор. Осы саланың тізгінін қолына ұстаған мамандар жұмыстарының қоғамдағы орнын терең түсінбесе, көптеген ереуілдерге, төңкерістерге себепші болуы мүмкін. Төңкерістер адам баласын еш уақытта жақсылыққа әкелмеген. Оны болдырмауға бірден бір кепіл – журналистика. Қоғамның эволюциялық дамуына әсер ететін үлкен әлеуметтік институт болып отырғаны да осы себептен. Келелі мәселелерді қоғамдық пікір мен санаға ықпал ету арқылы шешуге болады. Ол үшін журналистерімізде кемел білім болуы қажет. Ондай болмаған жағдайда журналистиканы әртүрлі күштер өз мүдделеріне пайдаланып кетеді. Саналы түрде шешім қабылдауына оның білімі көмектеседі. Сондықтан, университеттік білім оның мамандығын терең сезінуге мүмкіндік береді. Журналистика машық па, мамандық па? Егер техниканың тілін меңгеріп жұмыс істесе, онда бұл машық болады. Ал біз қадірлейтін журналистика шығармашылық пен талантты ұштастыра білетін мамандық екені даусыз. Аталмыш мамандықтың терең болмысын сезінген адамдар ғана журналист бола алады. Маман бойындағы дарынын кемел білімімен туған халқының игілігіне жұмсай білуі тиіс. Қазір Қазақстанның журналистикасын өрге сүйреп жүргендер БАҚ басшыларының дені журналистика факультеттері мен бөлімдерінің түлектері екенінің өзі біраз жайдан хабар береді деп ойлаймын. Болашақ журналистердің шеберлігін шыңдау барысында – Біз бірінші курстан бастап студенттеріміздің теория­лық білімдерін тәжірибемен ұштастыруларына аса мән береміз. Яғни, шәкірттеріміздің дені оқи жүріп, сабақтан тыс уақытта БАҚ штатында жұмыс істейді. Біз бұны қуана құптаймыз. Бастысы, оқуларына зияны тимеуі керек. Олар біріншіден, теория мен практиканы ұштастырып, кәсіби тәжірибе жинақтауларына, екіншіден, азды-көпті табыс табуға мүмкіндік алуда. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кейінгі екі жыл қатарынан тәуелсіз ұлттық рейтинг агенттігінің сараптауы бойынша елімізде бірінші орын алуына байланысты бізде оқығысы келетін талапкерлердің саны да, сапасы да еселеп артуда. Осы үрдіс ашылғанына небәрі үш жыл болған Журналистика және саясаттану факультетінде де анық байқалады. Бір ғана санды сөйлетсек, оған көз жеткізу қиын емес. Факультет жаңа ашылған жылы студенттеріміздің жалпы саны 200-ден сәл артық болса, биылғы оқу жылында қабылданған бір ғана курс білімгерлері 200-ге таяу. Сан мен бірге сапа да артуда. Қазір факультетімізге тәлімгер мықты мамандарды тартудамыз. Олардың дені елімізге белгілі жетекші журналистер. Солардың ішінен, шын мәнінде, Қазақстан журналистикасының маңдайалды мамандары қызмет атқарады. Сондай-ақ, радиожурналистика мен тележурналистиканың аса қажетті студиялық сабақтарын студенттеріміз озық техникамен жарақталған, елімізде ғана емес, ТМД-да теңдессіз саналатын Астанадағы 20 қабаттық Медиаорталықта өту мүмкіндігіне ие болуда. Қысқасы, шәкірттеріміздің кәсіби тәжірибе жинақтауына барынша жағдай жасаудамыз. Сапалы мамандар дайындау мәселесіне орай – Журналистика және саясаттану факультетінің құрылғанына үш-төрт жыл ғана. Осыдан 5-6 жыл бұрын БАҚ басшылары ЕҰУ-дың студенттерін тәжірибеге қабылдамайтын. Өйткені мұнда­ғы журналистикаға күмәнмен қарайтын. Енді шәкірттеріміз тәжірибе жинақтаумен қатар, жұмысқа да алынатын болды. Бұл тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде қол жеткізіп отырған олжамыз. Бүгінгі таңда заман талабына сай жұмыс істейтін білікті журналистер мен қоғаммен байланыс мамандары жоғары сұранысқа ие болып отыр. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінде пайдаланылуға берілген бұл оқу-тәжірибелік телестудиясы болашақ жас мамандардың ақпараттандыру техникасын жан-жақты меңгеріп, білімдерінің ұштала түсуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Сонымен қатар, ТМД елдері мен Еуропа және АҚШ-тың университеттерімен байланыс орнатылған. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттеріміздің шетелде білімдерін жалғастыруына мүмкіндік жасалған. Осының бәрі сайып келгенде, студент­теріміздің бәсекеге қабілетті маман болып шығып, ел сеніміне бөленуіне апарар жол деп білеміз. Жазып алған Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ