Бензин бағасы мемлекеттің ырқына бағынбай тұр
2014 ж. 10 қыркүйек
3058
0
Осы уақытқа дейін мемлекет жанар-жағармайдың шекті бағасын реттеп келсе, биыл осы саладағы жағдай түбегейлі өзгерді. Ресми министрлік «тамызда түк өзгеріс болмайды» деп еді, қайда-а-а-н, жанармай тапшы болды, ақыры бензиннің бағасын көтерді. Баға көтерілді, алайда тапшылық азайған жоқ. Аймақтарда кейбір жанар-жағармай құю бекеттері шекті бағаға қарамай, АИ-92 маркалы бензиннің бағасын 140 теңгеден асырды. Оның да өзіндік себептері бар секілді. Күні кеше ғаламтор арқылы Батыс Қазақстан облысы Федоровка ауылындағы «Москвичи» деген жанар-жағармай құю бекетінің фотосы тарады. Ол жерде дизельді отынның бір литрі – 120 теңге (шекті бағасы – 115 теңге), АИ-80 – 95 теңге (шекті бағасы – 89 теңге), АИ-93 – 145 теңге (шекті бағасы – 128 теңге), ал АИ-95 маркалы бензиннің бағасын 160 теңгеге дейін көтеріп қойған. Көлік жүргізушілері «шекті баға» мәселесіне қайран қалып, бензинің құнын көтеріп қойған бекет қызметкерлерінен түсініктеме де алып көрген. Бірақ олар тұщымды жауап бере алмады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай құбылыстың барлығы бензиннің көтерме бағасына байланысты болып тұр. Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарында жаңарту жұмыстарының атқарылып жатқанын ескерсек, әзірше бензиннің біраз бөлігін көрші Ресейден алып тұруға мәжбүрміз. Ал ол жақта АИ-92 маркалы бензиннің бағасы – 125 теңге. Бізде оны 128 теңгеден сату міндеттеліп отыр. Сонда кәсіпкерлер әрбір литрге 3-ақ теңге қосып, онымен тасымалдау, қызмет көрсету және тағы басқа шығындарын өтеуі тиіс. «Қазір бізде АИ-92-нің өз бағасы 160 теңгеден асады. Біздің жанар-жағармай құю бекеттері болса, барлығын 128 теңгеге сыйғыздыруы қажет. Ондай шығындарды кім көтереді?», - дейді мұнай саласындағы тәуелсіз сарапшы Сергей Смирнов. Бензин бағасының мемлекет ырқына көнбей жатуына тағы бір себеп бар. Бүгінде ресейлік бензинді сатып алу тиімсіз болғаннан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы жанар-жағармайдың біраз бөлігін өзі алып, министрлік оны әкімдіктер арқылы таратуы тиіс. Алайда бұл жұмыс та әділсіз атқарылып жатқанға ұқсайды. Мәселен, тамыздың соңында Гелиос мен ҚазМұнайГаз бекеттері АИ-92 маркалы бензиннің шамамен 18 мың тоннасын алса, қытайлық Sinooil-ға ең көп - 45 мың тонна бұйырды. «Бензиннің қалған бөлігі әкімдіктерге таратылды. Жалпы, 150 мың тоннадай бензин бөлінді. Енді 90 мың тонна бензиннің қайда кеткені белгісіз», - дейді Смирнов. Негізі, 150 мың тоннаның өзі аз болып тұр. Себебі Қазақстанда аталған маркалы бензинді тұтыну көлемі 300 мың тоннаға дейін жетеді. Айта кетерлік тағы бір жайт, Қазақстанда бензинді тарату жұмысы ашық жүргізілмейді. Соның салдарынан кейбір жанар-жағармай құю бекеттеріне бензин мүлдем жетпей қалып жатқан жайттар да орын алған. Осыған байланысты сарапшылар таратылған бензинге қатысты барлық ақпаратты әкімдік сайттарында жариялау қажет деп санайды. «Қазір ҚазМұнайГазға ресейлік бензинді 125 теңгеден сатып алуды міндеттелді. Енді үкімет ол компанияны міндеттей алады. Бірақ жеке кәсіпкерлерге ондай тапсырма бере алмайсың ғой», - дейді сарапшы. Оның болжамына сенсек, Қазақстандағы мұнай өнімдерінің тапшылығы қараша айына дейін созылуы әбден мүмкін. «Себебі қыркүйек-қазан айларында астық жинау науқаны жүреді. Оған қоса, қазанның басында Шымкент мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты жабылады. Ал қарашаның басында бензин тапшылығы азайып, бұл мәселе екінші кезекке түседі. Ауыл шаруашылығы жанар-жағармайдың біраз бөлігін тұтынуды қояды. Осының арқасында бензин нарығы бір қалыпқа келеді», - дейді сарапшы. P.S. Өкінішке қарай, әнеукүнгі бензинге қатысты энергетика министрі Школьник мырзаның бастамасы елге еріксіз езу тартқызғаннан ары аса алмады. Сосын бүгінде барлық көліктерді жаппай газға ауыстыру бастамасы да бензин тапшылығын шеше алмайтыны сөзсіз. Себебі бізде газдың өзі аз. Оған қоса, көлік жүргізушіге біраз шығындалуға тура келеді. Машинаны газға ауыстыру үшін де оның техникалық сипаттамасы сай болуы шарт. Ендеше, министр мырзаларға бензин мәселесі үшін басқа жолды іздеу қалып тұр.
Автор: Арман Асқар http://alashainasy.kz