Қазақстанда қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру басталды
2014 ж. 01 қыркүйек
2237
0
Бүгін елімізде қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру акциясы басталды. Шара 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Айта кетерлігі, ақшадан басқа мүліктерді заңдастыру үшін құжаттар беру мерзімі де 1 қыркүйекте басталғанымен келер жылдың 30 қарашасында аяқталатын болады.
Жалпы, бұл акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат шетелде жасырын сақталып келген қазақстандықтардың қаражатын елге қайтару және жылжымайтын мүлікті заңдастыру екендігі аян. Мұндай қадамды еліміз есте болса бұған дейін де екі мәрте жүзеге асырған болатын. Яғни, 2001 жылы ақша қаражаттарын заңдастыру акциясы аясында еліміздің экономикасына 480 млн. АҚШ доллары тартылып, заңды айналымға түскен еді. Ал 2006-2007 жылдары аралығында жүргізілген қаржымен қатар жылжитын әрі жылжымайтын мүліктерді заңдастырудың нәтижесінде ел экономикасына 7 млрд. АҚШ доллары құйылған-ды. Бұл жолғы мемлекеттік органдардың күтіп отырған нәтижесі де өте жоғары. Алдын ала болжам бойынша заңдастырудың нәтижесінде еліміздің экономикасына шамамен 10-12 млрд. доллар құйылатын болады. «Бұған дейінгі жария ету науқаны барысында 7 миллиардқа жуық доллар алған едік. Бұл науқанда одан да көбірек түседі деген үміттеміз. Бюджетке шамамен 10-12 миллиард доллар түсуі мүмкін», - деген еді таяуда ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Сонымен бүгіннен бастап 1 жыл бойы азаматтарымызға ақшалары мен мүліктерін заңдастыруға жол ашып отырған бұл акция еліміздің экономикасын дамытуға өз септігін тигізетіндігі күтілуде. Бұл заңдастырудың экономикадан бөлек азаматтарымызға да тиімді болатындығы анық. Бұлай деуіміздің басты сыры мынада: ең біріншіден, заңдастырылатын ақша табыс болып саналмайды. Ал тапқан табыстан 10 пайыз мөлшерінде салық алынатындығы белгілі жайт қой. Демек, ақшасын заңдастырған кез келген азамат барлық қаржысын мұртын бұзбастан өзінде қалдыруға мүмкіндік алады. Есте болса, бұған дейін жүргізілген 2006-2007 жылдардағы ақша қаражаты мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру барысында 10 пайыздық мөлшерде табыс салығы алынған еді.
Сондай-ақ бұл жолғы акцияда азаматтарға қаржыны заңдастырудың бірқатар балама жолдары да бар екендігі белгілі. Атап айтқанда, ең біріншіден, қаржысын заңдастыратын кез келген азамат ақшасын 3 жыл ішінде екінші деңгейлі банктердің есепшоттарында ұстай отырып, нарықтық ставка бойынша сыйақы ала алады. Ал қазіргі уақытта еліміздегі банктердің пайыздық ставкасы біржама жоғары екендігі белгілі. Мәселен, еліміздегі кез келген екінші деңгейлі банктен депозит ашып, 36 ай мерзімге 100 млн. теңге салсаңыз, ол сізге 3 жылдың ішінде 20 млн. теңгеге жуық табыс әкеледі.
Екіншіден, қаржыңызды мерзімінен бұрын пайдаланғыңыз келсе, онда оны мемлекеттік бағалы қағаздарды, екінші деңгейлі банктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың, даму институттарының облигацияларын және «Халықтық ІРО» бағдарламасының аясында акцияларды, сонымен бірге Қазақстан қор биржасында орналастырылатын өзге де бағалы қағаздарды сатып алу жолымен экономикаға инвестиция жасауыңызға мүмкіндік бар. «Халықтық ІРО» жайында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Халықтық IPO» жүз мыңдаған қарапайым қазақстандықтарға ірі кәсіпорындардың акцияларын иеленуге мүмкіндік береді, сондай-ақ, инвестиция салудың және жинақ қорын арттырудың жаңа құралына айналады», - дегені есте. Шындығында да қазіргі уақытта «Халықтық ІРО»-ға шығарылған ұлттық компаниялардың барлығы дерлік табысты екендігі ешкімде де дау тудырмайтындығы анық. Мәселен, «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында ең бірінші болып «КазТрансОйл» АҚ компаниясының акциялары шығарылған болатын. Қазақстан Республикасындағы барлық магистралды мұнай жолдары және су жолдары құрылысымен айналысып, оған қызмет көрсететін компанияның 38 463 559 дана қарапайым акциясы сатылып, Қазақстанның 33 989 азаматы алғашқы халықтық акционерге айналған еді. Бүгінде компания акцияларының құны біршама көтеріліп, акционерлері де мол қаржы тауып отырғаны сөзсіз. Алдағы уақытта бұл бағдарлама аясында «KEGOC» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ сынды компаниялардың акцияларын саудалау жоспарланып отыр. Демек, ақша қаражатын заңдастыру мүмкіндігін тиімді пайдаланған азаматтар осы компаниялардың акцияларын сатып алу арқылы халықтық акционер атануларына толық мүмкіндіктері бар.
Үшіншіден, азаматтар жекешелендірудің екінші толқыны аясында нысандар сатып ала алады. Айта кетерлігі, жекешелендіру де 1 қыркүйектен бастап электронды аукцион арқылы жүргізілетін болады. Республика бойынша 853 ұйым сатылады. Оның 34-і - республикалық, 657-сі - коммуналдық меншік және ӘКК нысаны. Мұнан бөлек, холдингтер мен ұлттық компаниялардың қанатының астындағы 162 нысан да жекенің қолына өтетін болады. Ал ағымдағы жылдың ішінде республикалық 19 кәсіпорын мен коммуналдық меншіктің 126 нысаны сатылуға тиіс. Бұл нысандардың барлығы да таза табыс табуға мүмкіндік беретін нысандар екендігі анық.
Сонымен қатар банкке салған қаржыңызды мерзімінен бұрын алуға да мемлекет мүмкіндік жасап отыр. Алайда, мұндай жайтта сізге екінші деңгейлі банктер аталған ақшаны төлеу барысында одан 10 пайыз көлемінде алым ұстап қалады.
Тоқ етері, жоғарыда аталған барлық балама жолдар азаматтардың қалауымен таңдап алынады. Яғни, азаматтар ақшасын бірден алуға да, елдің экономикасына құюына да еркі бар. Ол таңдау - оның өзінде ғана.