Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған тұлғалар 1 млн теңгеден астам сыйақы алды

Батыс Қазақстан облысында биылғы жылдың сегіз айында сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған тұлғалар 1 млн теңгеден астам сыйақы алды, деп хабарлайды BNews.kzоблыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді жүзеге асыру мақсатында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактілері туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлықпен күресте басқалай көмектескен тұлғалар онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 40 АЕК, орташа ауыр қылмыстар бойынша 50 АЕК, ауыр қылмыстар бойынша 70 АЕК, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 100 АЕК мөлшерінде бір реттік ақшалай сыйақымен марапатталып келеді», - делінген хабарламада. Биылғы жылдың 8 айында азаматтардың хабарлауы негізінде құқық қорғау органдары 18 қылмысты, оның ішінде 12 ауыр, 5 орташа және 1 онша ауыр емес қылмысты ашты. Барлық қылмыстық істер сотқа жолданып, айыптау үкімдері шығарылды. Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасау фактілері туралы хабарлаған және тергеу органдарына көмектескен 10 тұлға 1 111 200 теңге ақшалай сыйақымен марапатталды. www.bnews.kz