Билік Арон Атабекті камерада да емдеуге боларын айтты
2014 ж. 21 тамыз
2573
0
ҚАЖК түрмеде отырған диссидент Атабекті ауруханаға жатқызып емдеудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Ал тұтқын құқық қорғаушыға жазған хатында денсаулығы нашарлағанына шағымданады.
Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина тұтқындағы диссиденттен «денсаулығым нашарлап кетті» деп шағымданған кезекті хат алғанын хабарлайды.
2007 жылы қылмыстық сипаттағы айыптар бойынша 18 жылға сотталған Арон Атабекті соңғы жылдары бір тергеу абақтысынан екіншісіне ауыстырылып, «режим тәртібін бұзғаны үшін» айып абақтысына да қамалған. Атабек «соның салдарынан денсаулығым нашарлап барады» деп шағымданады.
«МАМАНДАРДЫҢ ҮЗДІКСІЗ БАҚЫЛАУЫНДА»
ҚАЖК төрағасының орынбасары Жанат Кешубаевтың жазуынша, Арон Атабекті Павлодар қаласындағы тергеу абақтысына (АП-162/1 мекемесі) биыл сәуірдің 7-сінде әкелген.
Жанат Кешубаевтың хатында: «Мекемеге келген соң оны медицина бөлімі мамандары тексеріп шығып, диспансерлік есепке алды. АП-162/1 мекемесі медициналық бөлімі мамандары оның денсаулығын үздіксіз бақылап отырады» деп жазылған.
ҚАЖК төрағасының орынбасарының жазуынша, шілденің 17-сі күні Арон Атабектің сол аяғының тізе буынына компьютерлік томография жасалған.
Жанат Кешубаев жауап хатында травматолог-дәрігер «сол аяқтың тізе буынының 2-дәрежелі остеоартрозы» деген диагноз қойғанын хабарлап, дәрігердің Арон Атабекті «ауруханаға жатқызып емдеудің қажеті жоқ», «қабынуға қарсы дәстүрлі препараттармен консервативті жолмен емдеуге кеңес беремін» деген ұсынысын келтірген.
Ресми тұлғаның жазуынша, «қазір тұтқынның жалпы жағдайы бір қалыпты, медициналық бақылауға алынған, емдік шаралары толық көлемде жасалады, дәрігер мамандардың ұсынысы бойынша консервативті жолмен емделіп жатыр».
«АУРУХАНАҒА ЖАТҚЫЗУ КЕРЕК»
Тұтқынның баласы Асқар Айдархан Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған ресми хаттың фотокөшірмесіне: «Әдетте тұтқынның туыстары біржақты пікір ұстанады деп есептеледі. Дәл сол сияқты мен де мекеменің медициналық бөлімі ұйғарымын біржақты деп санаймын. Денсаулығын одан әрі нашарлата түсу үшін әрі сыртқы дүниемен байланысын шектеу үшін Атабекті карцерде қалдыру мақсатын көздеп отыр» деген комментарий жазған.
Диссиденттің туыстарының айтуынша, түрмеде билікті сынап жазған өлеңдері мен пьесалары үшін Арон Атабектен кек алғысы келеді. Ресми ведомстволар мұндай тұжырыммен келіспейді.
Ал құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-парақшасында Арон Атабектен денсаулығына шағымданған хат алғанын жазады.
Құқық қорғаушы Арон Атабектің хатынан: «Аяғым қатты мазалап жүр. Компьютерлік томографияның дискісін, дәрігер қойған диагнозы мен ұйғарымын жіберуді сұрап ресми сауал жолдауыңызды өтінемін. Алматыдағы буын аурулары мамандарына көрсетуді сұраймын. Сүйектерім бір-біріне қажалып, қатты сықырлайды. Қажалып-қажалып ақыры сына ма деп қорқамын. Балдақ бермей қойды, салмағым 80 килограмм, буынға көп салмақ түседі» деген сөздерін келтірген.
«Бұл адамды азаптау емес пе?!» деп сұраған Бақытжан Төреғожина пікірін Татьяна Чернобиль, Евгений Жовтис және Зәуреш Батталова сияқты белгілі құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер де құптайтынын мәлімдейді.
Сегіз жылдан бері түрмеде отырған 61 жастағы Арон Атабек екі мәрте «түрме ішіндегі түрмеге» қамалып жазаланған, яғни хат-хабар алу және жіберу мен кездесу құқығынан айрылып, ұзақ уақыт бір кісілік камераға қамалған. 2013 жылдың желтоқсанынан бері оны бір тергеу изоляторынан екіншісіне ауыстырумен келеді. Атабектің өзінің сөзінше, оны «әр жолы жағдайы ең нашар жерге ауыстырып отырған». Арон Атабек хаттарында жазуынша, Павлодардағы тергеу абақтысында оны көбінесе айып абақтысында немесе камерада қамап ұстайды, бұл оның денсаулығын күрт нашарлатып жіберген.
Қазис ТОҒЫЗБАЕВ,