
Павлодар қаласының тарихында алғаш рет Ертіс өзенінің күні тойланады. Бұл туралы фестивальді өткізу бастамасын көтерген «Павлодарлық география үйі» қоғамдық бірлестігінің көшбасшысы Александр Вервекин хабарлады.
Мерекені тойлау 6 қыркүйекте Айтым ауылының маңындағы өзен жағалауында басталады. Бұл жерде қайықтар керуені суға шығады. Павлодарға қайтар жолда қатысушылар өзен мен оның жағалауын қоқыстан тазартады. Бұл күні Павлодардағы автожол көпірінің маңында да сенбілік өтеді.
7 қыркүйекте Павлодардың төменгі жағалауында «Ертiс күнi-2014» фестивалі өтеді. Фестивальға арнап «Ертіс біздің мақтанышымыз әрі мәселеміз» буклеті шығарылады. Онда экологтар павлодарлықтар неліктен Ертіс өзенін мақтан тұтатынын және өзен суына қандай қауіп төніп тұрғаны жайлы баяндайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мереке бағдарламасында түрлі байқаулар, павлодарлық белгілі суретшілердің суреттерінің бәссаудасы т.б. шаралар өтеді. Фестиваль Павлодар облыстық жастар саясаты басқармасы мен балалар және жастар ұйымдарының қауымдастығының қолдауымен өтеді.