Қазақстандағы өмір сүру деңгейі қайыршылықтан сәл ғана жоғары!..
2014 ж. 04 тамыз
3345
4
Статистика агенттігі зерттеуі бойынша, үй шаруашылығы иелерінің 76 пайызы, ал ауылдық жерде олардың 77 пайызының тұрмысына көңілі толады. Ал халықаралық рейтингтердің мәліметі сәл басқаша.
Жуырда жарияланған ресми хабарда статистика агенттігі сауалнамасына 12 мың үй шаруашылығы басшысы қатысқаны айтылған. Құжатқа қарағанда, үй шаруашылығы басшыларының 45,5 пайызы "кедей емеспін" деп жауап берген (бірақ орташа тапқа да жатпайды).
Үй шаруашылығы иелерінің 50,7 пайызы өзін "орта тапқа", 2 пайызы – "тұрмысы нашар топқа", ал 1,8 пайызы "ауқаттылар табына" жатқызады. Өткен жылдың мәліметтерімен салыстырғанда, өзін "орта тап" санайтын үй шаруашылықтары өкілдерінің саны 8,8 пайызға көбейген. Бұл қарқын ресми түрде "сақталса", биліктің уәдесі бойынша, бес жылдан кейін орта тапқа жататын үй шаруашылықтарының саны 70-80 пайызға, ал ауқаттылар саны үш пайызға жетеді. Бұл еуропалық көрсеткіштермен шамалас.
Бірақ Алматыда тұратын ғылыми қызметкер Елена (өтініші бойынша аты-жөні толық көрсетілмеді) мұндай қорытындымен келіспейді. Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ол ғылыми салада жұмыс істейтін отбасылардың өмірінен мысал келтіреді.
Мемлекет баспанамен қамтамасыз етпейді, жатақхана бермейді, жалақыны өсірмейді. Өзімді орташа таптан төмен, қайыршылық деңгейінен сәл жоғары тапқа жатқызамын
"Меніңше, тұрмыс деңгейі нашар жандар көбейіп келеді. Мысалы, біздің ғылыми саланы алайық. Бұрын өзімізді орта тап деп есептеуші едік, енді олай дей алмаймыз. Жалақымыз мардымсыз, тұрмысымыз жүдеу. Біздің ғылыми институтта істейтін жастар әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған. Мемлекеттен еш көмек жоқ болғандықтан, ғылыммен айналысатын жастар азайды. Мемлекет баспанамен қамтамасыз етпейді, жатақхана бермейді, жалақыны өсірмейді. Өзімді орташа таптан төмен, қайыршылық деңгейінен сәл жоғары тапқа жатқызамын", - дейді ол. Үй шаруашылықтарының негізгі тіршілік көздері ретінде бұрынғысынша жалдамалы еңбек (83,2 пайыз), зейнетақы (29,3 пайыз) және жеке қосалқы шаруашылығынан түсетін азық-түлік (25,1 пайыз) көрсетілген. Былтыр Колумбия университеті World Happiness Report-2013 жасаған баяндамасында бақыт рейтингінде Қазақстан 57-орынды иеленген. Биыл әлеуметтік даму индексін зерттеген Social Progress Imperative жобасы рейтингінде Қазақстан 86-орында тұр.
Гэллап институтының жуырдағы зерттеуінде әлемдегі ең қамсыз елдер Қырғызстан мен Өзбекстан, ал екінші орында Қазақстан деп көрсетілген.
Бірақ қазіргі тұрмысына көңілі толмайтындар индексі алдыңғы екі елде ең төмен – 13 те, Қазақстанда – 16. Кейбіреулер "Халқы азды қанағат тұтуға үйренген елдерде мұндай зерттеулер жүргізудің қажеті қанша? Оның үстіне, бақыт деген нәрсені немесе халықтың әл-ауқат әлеуетін әлдебір рейтинг, индекстермен өлшеуге бола ма?" деген сұрақ қояды. Мысалы, Павлодар облысындағы Шарбақты ауылында тұратын батыр ана Светлана Калинина ауыр тұрмысына қарамастан, тағдырына налымайды. "Сегіз балам бар, күйеуімнің жалақысы - он мың теңге, өзім пошта тасимын. Тұрмысқа жайлы болмаса да, пәтерім бар, ал көлігім жоқ. Жалақым да мардымсыз. Бір жаққа барып демалуды айтпағанда, балаларымның туған күндерін дұрыстап тойлауға мүмкіндігіміз жоқ. Әрең күнелтіп отырмыз, балаларымызға жөнді білім де бере алмаймыз. Бірақ тұрмысым нашар деп шағынбаймын. Батыр ана ретінде 11 мың 200 теңге жәрдемақы аламын. Тоғыз баласы бар танысым бар. Жұрттан тұрмысы нашар отбасыларға әкімдік көмектеседі дегенді естиміз. Бірақ әлгі әйелдің сиыр сатып алуына көмектеспейді. Ауылда мұндай кедей жандар өте көп", - дейді ол.
