Ақшаны әйелге беру болашағы жоқ инвестициямен бірдей!..

©Алаш айнасы иллюстрациясы

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Отбасы – шағын мемлекет болғандықтан оның өз «президенті», «қаржы министрі» болатыны анық. Сол мемлекетті басқару бір басқа да, оның қаржылық мұқтаждықтарын өтеу екінші мәселе. Кезінде Шортанбай ақын «Сауып ішер сүті жоқ, мініп көрер күші жоқ, ақша деген мал шықты» деген екен. Бүгінде мына ақша билеген заманда қаржысыз жүру мүмкін емес. Тіпті, ақша дегеніңіз отбасындағы кикілжіңнің шығуына бірден-бір себеп екені рас. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген тағы бар. Дегенмен бұл мақал кейде керісінше ықпал ететіндей. Бас құраған жұбайлар ақшаның кесірінен ажырасуға дейін барып жатады. Оған дәлел сол ажырасқандар ішінде мен де бармын. Сондықтан мен өз басымнан өткен оқиғаны әңгімелеп берсем деп шештім. Ондағы ойым кейбір жас отбасыларына біздің басымыздан өткенді қайталамаса екен..

Кейін ойлап қарасам менің алғашқы келіншегіммен айырылысуыма шаңырағымыздағы үзіліссіз ұрыс-керіс қаржыға байланысты болған екен. Сондықтан жанжалды болдырмас үшін, үйдегі қаржы мәселесін шешіп алу үшін ең алдымен, кез келген ерлі-зайыптылар өзара ақылдаса келе әмиян-ның егесін, яки үй есепшісін бекітіп алғаны жөн. Кезінде мен де келіншегіммен қосылғанымда жасым небәрі 21-де, ал жұбайымның жасы 22-де болғандықтан біз екеуміз отбасын сақтап қалуда өте көп қателік жіберген екенбіз. Өкініштісі, екеуміздің бетіміз ашылғаны соншалықты ортамыздағы екі ұлдың тағдырын ойлауға да шамамыз жетпепті. Балаларымның бірі 9-дан асса, ал екіншісі 7-де. Менің қырсықтығым, Жайнагүл есімді әйелімнің дарақылы, отбасы бюджетін жоспарлауда ойланбастан әрекет етуі отбасымның күл-талқанын шығарды. Осыдан 3 жыл бұрын келіншегім екеуміз ажырасқанымызда үлкен ұлым – Жалғасты жалғыз әпкем өз қарауына алса, ал кіші ұлым шешесімен бірге Талғарға /Алматы маңы/ еріп кеткен еді. Кіші ұлым Ерасылыммен 3-4 рет телефон арқылы сөйлескенім болмаса, оны көрген емеспін. Нақтырақ айтқанда, бұрынғы әйелім жиі телефон нөмірін ауыстырып, мені ұлыммен әдейі сөйлестірмей жүргені анық. Ол туған әпкесінің қолына бара салысымен оның дүкенінде сатушы болып жұмыс істеп жүріп, жуырда біреуден қыз тауып алды деп естідім. Сол себепті бұдан кейін екеуміздің қосылмасымыз анық. Мүмкін бұл тағдырым да шығар... Бар алаңдайтыным ертең екі ұлым бір бірімен тіл табыса алар ма, бір бірін сыйлап, түсінісе алар ма екен? Ал қалған мәселе мен үшін аса қиындық туғыза қоймас деп ойлаймын.. Иншалла жолымда жақсы адам әйел кезігіп жатса, екі ұлымды да қолыма алсам ба деген ниетім бар.

Мен шетелдік тәтті тағамдарды ірі көлемде алып, жекелеп сататын компанияда 20 жасымнан дистрибьютор болып жұмыс істеймін, әйелім екеуміз қосылған жылдары компания бекіткен жоспарды орындаған айларда айлығым 240 мың теңгеге дейін жететін. Мұндай көлемдегі ақша менің түсінігімде, әсіресе Тараз секілді қала үшін аз табыс емес. Өзегімді өртейтіні, жұбайым екеуміз алты жыл бірге тұрған уақыттарда сол ақшаның басын құрап көлік те, үй де ала алмаппыз. Үйлене сала әке-шешемнен бөлініп шыққан мен 7 жыл пәтерден пәтерге көшуге мәжбүр болдым. Ал қазір менде ақшаға таласатын әйелім болмағандықтан көлік те алдым, 5 бөлмелі үй де салып, кіріп алдым. Демалыс күндері уақытым болып жатса, тойларда асаба да қызметін атқарамын. Алғашқы екі жылда мен бар тапқан-таянғанымның бір тиынын қалдырмай, келіншегімнің қолына ұстатқаным үлкен қателік болғанын енді ғана түсініп жүрмін. Менің түсінімде ақшаны әйелге беру болашағы жоқ инвестициямен бірдей. Олай дейтінім, әйеліміз екеуміз екі жаққа кеткелі бері жағдайымның оңалып келе жатқаны байқалады. Ал ол ақшаны өзі таппағандықтан менің отбасыма тиесілі ақшаны оңды-солды шашумен болды. Айлық түскен күндері базарға бірге барайық десем, азық-түлікке өзім барамын дейді де базардан бар болғаны 3-4-кило картоп пен 2-3 кило қиярды сатып алады да, мәселе осымен шешілді деп ойлайтыны мені қатты қынжылтатын. Ал оның негізгі ойы Бақанастан келіп, Алматыда оқып жүрген жиендері, нағашыларының студент балаларына көмектесу. Сол жылдары оның туыстарының бір-екеуі оқуын бітіріп жатса, екіншілері келіп жататын. Тіпті ауылға баратын жолақыларын да біздің үйдегі «қаржы министрінен» сұрап жатқанына талай куә болғанмын. Солардың тамағы, жол шығыны, пәтер ақысын өтеу менің міндетім бе еді? Және ол балалардың ешқайсысы жетім де емес. Барлығының әкесі де, шешесі де бар. Бірақ олар балаларының қаржылық мәселесін шешуді маған міндеттеп қойғандай жүретін. Әйеліміз екеуміз неше мәрте осындай оқиғағаларға байланысты бет жыртысуға дейін барғанымызды білсе де оның төркіні ақша сұрауын қойған емес. Сеніңіз, сенбеңіз кей айларда айлығымды түгелімен соларға бөліп беріп, қарап отырған кездер де болған. Қайын жұртымның осындай пасық әрекетіне тойған мына мен арамызда екі бала болғанына қарамастан әйелімнен біржолата айырылысу керек деп шештім. Және олай істеу ол кезде маған да оңай болған жоқ. Ал алдағы уақытта келіншек аламын деп шешсем, ең алдымен адамның ақшаны қалай жұмсайтынына қарайтын боламын. Мұны маған өмір үйретті.

Жалпы үйдің «қаржы министрі», яғни есепшісі ақшаның мәнін түсінетін болуы тиіс. Сонымен бірге тұрмысқа қажетті заттарға, баланың керек-жарағы, азық-түлік, киім-кешекке бөлінетін қаржыны орынды жұмсап, қаржы үстіне қаржы қосып үйренуі керек. Ақша мәселесін мойны-на алған адам оның жауапкершілігін ұғынып, тұрмыстағы тепе-теңдікті ұстап тұра білсе, онда бұл жұмысыңның жеңілдей түскені болар еді. Ал, керісінше өз ісіне тиянақсыз, жауапсыз болып шықса, отбасы мүшелерімен де қарым-қатынасы ойдағыдай болмауы мүмкін. Әрине, отбасындағы барлық ауыртпалықты не бүкіл қаржы мәселесін бір ғана адамға артып қоюға болмайды. Жанұя мүшелері бірлескен түрде үй есепшісіне көмектесе отырып, ақша туралы да ашық әңгімелер айтылып тұрғаны дұрыс деп ойлаймын..

Сіз не ойлайсыз оқырман? Менікі дұрыс па, әлде бұрыс па?

Автор: Мұратжан ҚАСЫМБЕК, Тараз қаласы

Алаш айнасы