Адам Мекебай, жазушы: «БИЛІКТІҢ СӨЗІ мен ІСІ САЙ ЕМЕС!?.»
2014 ж. 01 тамыз
3299
5
Таяуда Астана қаласында онкологиялық ауруханада белгілі жазушы Адам Мекебай ағамызды көріп қалдым. Қасына жақындап, амандық сұрасқаннан соң, ол кісі: «Айналайын Жұмамұрат, жасым 74-тен асып барады, денсаулығым сыр беріп жүргенге біраз болды, менен сұхбат алып қалсаң, айтарым бар еді,»- деді. Кейін жазушының шаңырағында сәті түскен сұхбатты «Қазақ үні» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.
ҚАЗАҚ ТАРИХЫН ҚАЛАЙ ЖАЗУ КЕРЕК?
-Қазақ халқының тарихы әлі күнге толыққанды жазылған жоқ. Өткен жылы сол кездегі мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің бастамасымен осы маңызы зор мәселені егжей-тегжей зерделеу басталып еді еді, өкінішке қарай жақсы бастаманың ғұмыры тым қысқа болды. Біздің тарихшы мамандар қаншама елдерге барып, қазақ халқына байланысты тарихи деректер мен айғақтар жинап алып келіп еді. Бұл тарихи ақпарлар Мәскеудегі лауазымды кісілерге ұнамай қалғанға ұқсайды, «жабулы қазан» күйінде қалғаны тиімді деп шешіпті. Оны жарыққа шығару үшін біздің билікте жігер болуы керек... Қазақ тарихы туралы екі кітап жаздым, біріншісі «Бір жарым мың жылдық қате» екіншісі «Түркістан», оқырмандарым талап алып кетті. Кейбір тарихшылар көптеген деректерді менің жазғандарымнан ұрлады, пайдаланды, оны несіне жасырайын. Адамзат тарихында талай империялар жер жүзінен жойылып кетті, өйткені өркениетке жеттік деп санап, өзінің шыққан тегін ұмытып, қазіргі қазақтар секілді ана тілін менсінбей, өзге тілде шүлдірледі, келесі ұрпағы үз-түзсіз өзгелерге сіңіп жоқ болды. Кезінде парсы мемлекеті де сондай дәуірде өмір сүрді. Фирдоуси ана тілінен мақұрым болып бара жатқан қандастарына, бірінен соң бірі ауыса беретін билікке таласа беретін билеушілерге арнап «Шахнама» деген дастан жазып Махмұд Газневиге сыйға тартады. Ащы саяси сатира жазып, билеушінің қаһарына ұшырап, Фирдоусиды елден қуып жібереді. Араға жылдар салып, «Шахнаманы» оқыған сұлтан өз қылығынан ұялып, ақыннан кешірім сұрау үшін оншақты түйеге өңгерілген сый-сияпат жібереді. Аңыз бойынша, ақын тұрып жатқан шаһардың қақпасынан керуен кіріп келе жатқанда, бір топ адамдар Фирдоусидың мүрдесін жерлеуге қақпадан шығып бара жатыпты дегенді бір кітаптан оқығаным бар. Сол Фирдоусидің «Шахнамасының» арқасында парсы елінің абыройы асқақтап, мерейі үстем болды, тарихы тереңде екенін әрбір парсы сезіп, елінің өсіп-өркендеуіне үлесін қосты.Қазіргі Иран мемлекеті АҚШ пен Батыстың қарсылығына қарамастан, атом бомба жасайтын зауыттар құрып алды. Аштан өліп, көштен қалып жатқан Иран халқы жоқ. Бүгінгі таңда, бізді де осылай рухтандыратын сауатты түрде, тарих жазу кезек күтірмейтін мәселе.ӘЛЕМДЕ ӨЗ АНА ТІЛІН 23 жылдан БЕРІ ҮЙРЕНЕ АЛМАҒАН ЕЛ ЖОҚ...
-Бұл биліктің тарапынан әдейі жасалып отырған сұрқия саясат. Әйтпесе, әлем тарихында өз ана тілін 23 жыл үйренген ел жоқ. «2025 жылы Қазақстанның 95% халқы қазақ тілінде сайрап кетеді» деп, аңқау қазақтарды тағы бір мәрте алдап отыр... Қазақ телеарналарын көрген сайын, өкпемізге шаншу қадалғандай болады. Бағдарламаны жүргізушілердің көбі қайран қазақ тіліміздің басын жарып, көзін шығарып, көрер көзге мүсәпір, бейшара күйге түсіріп келеді. Оларға тоқтау айтатын зиялы қазақтың болмағанына қарным ашады. Енді ол аз десеңіз, балабақшаға баратын немерелеріме ағылшын тілін үйретіп жатыр. Сонда қалай қазақ болатынымыз ақылға қонымсыз...ОРАЛМАНДАРҒА АЗАМАТТЫҚ БЕРУДІ ТЕЗДЕТУ КЕРЕК!
Қырымға басып кірген орыстар, 24 сағатта 3 миллионға жуық Украин халқына Ресей азаматы деген паспорт таратты!..
-Әрине, өз қандасыңнан аяғанды ит жесін. Үш ай бұрын Қырымға басып кірген орыстар, көшеде отырып алып, 24 сағатта 3 миллионға жуық Украин халқына Ресей азаматы деген паспорт таратқанын төрткүл дүние көріп отыр. Сондықтан, мемлекеттің мүддесі сынға түскен кезде бюрократиялық кедергілердің барлығы жойылатынын көзіміз көріп отыр. Бізде болса, біресе 5 жылдан соң, біресе 1 жылдан соң азаматтық береміз деп жүнін жұлған тауықтай әбігерге салуда. Түк түсінсем бұйырмасын, өз қазағының көкірегінен итеріп береке таппайтыны анық. Талғат Мамашев мырза биыл мамыр айында өткен жиында «осы жылдың соңына қарай барлығы шешіледі» деп уәдені үйіп-төгіп берді, қалғаны бір Аллаға аян. Сыртта жүрген 5 миллион қазақты тез арада Қазақстанға көшірмесе, арадан 5-10 жылдан соң, олардан да алаңсыз айырыламыз. Бұл кімге пайда кімге зиян екенін түсіне алар емеспін. Жер бетінде жетімдік көрген бауырларымызды қолтығымызға тартсақ,басынан сипасақ, Алла бізді қазақ деген қаситетті ұлтты басынан сипап бағын асырар еді деп ойлаймын. Бұл—кез келген ұлт болып ұйысқан халықтың заманалар дауылынан өткенде шашылып қалмау, жік-жікке бөлініп, басқа жұртқа жем болып кетпеу, дербестігін сақтау, өзгелермен тең деңгейде өмір сүру талабы тудырған, баршаға ортақ табиғи қажеттілік.ШЕНЕУНІКТЕРГЕ КӨҢІЛІМ ТОЛМАЙДЫ...
Өйткені, көпшілігі қазақша өмірбаянын айтып бере алмайды.
Біздің шенеуніктерге көңілім толмайды, оны несін жасырайын. Өйткені, алдына барсаң, көпшілігі қазақ тілінде өмірбаянын айтып бере алмайды. Содан кейін одан нені сұрауға болады. Қарапайым қазақтың тілінде көсіліп әңгіме айта алмайтын адамның артынан қазақ ереді деген өтірік сөз, емексу ғана. Басым көпшілігі қазақ бола тұра, қазақтың тарихынан бейхабар, әдебиеті мен мәдениетінен мақұрым, жұрттың алдына шығып еркін сөйлей де алмайтындары көп. Сол лауазымды тұлғалардың мінбедегі сөзі мен ісі сай емес. Жеме-жемге келгенде столдың астына кіріп кетеді. Соған қарамастан, Астана қаласының Министрлер үйінің алдында жол ережелерін бұзған кейбіреулері ішкі істер қызметкерлеріне қызмет куәлігін көрсетіп, қорқытатынға ұқсайды. Өткен жылы Ұлан деген жігіт бағдаршамның жасылы жанғанда, арнайы жаяу жүретін жолмен өтіп бара жатқанда, ішімдікке тойып алған лауазымды шенеуніктің баласы джип көлігімен соғып өлтіріп, оқиға болған жерден қашып кеткен. Бір жыл өтсе-дағы, қылмыстық іс қозғалмай отырғанын Еуразия телеарнасы хабарлады. Ертең сол шенеуніктің баласы тағы біреуді өлтіріп кетуі әбден мүмкін. Бұл нені көрсетеді? Біздің елде шамадан тыс сыбайлас жемқорлықтың асқындап кеткендігінің айғағы!.. Айта берсек, сөз көп. Іш қазандай қайнайды...КЕЛЕШЕКТЕ ШЫҒАРМАЛАРЫМ ҚАЖЕТКЕ ЖАРАР ДЕГЕН ҮМІТТЕМІН...
Менің балалық шағым өте ауыр болды. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі жылдардағы жоқшылық, бір үзім нанға зар болып, қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында ер жеттім. Мектепті бітіріп, Алматыға жоғарғы оқуға филология факультетіне түстім. 1965 жылы диплом алып, Қызылордада тілші болып өмір жолымды бастадым. Отбасын құрып, бала-шағалы болдым деген секілді өмір өтіп жатты. Бізден ұлт мүддесі тұрмақ, жалпы саясаттан бастап үйдегі ауыз суға дейінгі қордаланған мәселелер бойынша ешкім ештеңе сұраған емес. Бізден ойлану, шешім қабылдау деген талап етілген жоқ. Біз үшін ойлайтын да, шешім қабылдайтын да Мәскеу еді. Бізге тек соны орындау ғана қалатын. Бұл—үлкен проблема. Өз елінің ертеңіне өзің жауап беруің, осы жолдағы проблемаларды шешудің жолдарын өзің табуың, қиямет-қайым қиын шаруа. Осының бәрін айналасы 23 жылда шешіп тастау мүмкін емес. Бізге әдебиеттен басқа айналысатын шаруа қалмады. Әйтеуір бар білгеніңді ақ қағазға жазып, іштегі қуаныш-қайғыңды сызбайлайсың. Өмірімде 20-дан астам кітап жаздым. Келешек ұрпақ қажетіне жаратар деген үміттемін.Жазып алған Жұмамұрат Шәмші,
тарих ғылымдарының кандидаты.
qazaquni.kz
28 шілде 2014 жыл