Аштық жариялаған зағиптар соққыға жығылды...
2014 ж. 22 шілде
1709
0
Басшысына қарсы шығып аштық жариялап жатып алған "Қазақ зағиптар қоғамының" мүшелері соққыға жығылды деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Алматыдағы соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнында ас-судан бас тартып жатқан осы мекеменің бұрынғы директоры мен көмекшісін күзет күшпен далаға лақтырып тастаған.
Осымен 6-шы тәулік ас-сусыз жатқан Алматыдағы соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнының бұрынғы басшысы Алтынай Ибрагимова мен оның көмекшісі тіпті таяққа жығылыпты. Ғимаратты тар көрген күзетшілер оларды сүйреп, далаға шығарып тастаған.
Қазір мекеменің ауласында күн астында қақсып отырған қос азаматша тек темір қақпаның арғы бетінен тіл қатысады.
"Бізді ұрып-соғып аяғымыздан сүйреп тепкілеп есік алдына мына жерге дейін шығарып тастады. Мына кісіні көтеріп алып есіктің алдына шығарып тастады.Қазір біз бәріміз таяқ жеп осы есіктің алдында отырмыз, бізді ішке кіргізбейді. Әубәкіров кісілерді жинап тұрып телефонында: Мен тірі болған кезде Алтынай бұл жерге директор боп келмейді” деді",- дейді Алтынай Ибрагимова.
Бізді ұрып-соғып аяғымыздан сүйреп тепкілеп есік алдына мына жерге дейін шығарып тастады. Мына кісіні көтеріп алып есіктің алдына шығарып тастады.
Әубәкіровтың әлі жетіп, әлімжеттік жасай алатыны қос әйел ғана деп ашуға мінді ел. Алтынай Ибрагимованың көмекшісін күзетшілер тіптен далаға лақтырып тастапты. Бәрі таспаға басылған.
Ал тәртіп сақшылары тайлы-тұяғымен келсе де зағиптардың азабын алыстан бақылап қана тұрған.
Жұбайының осынша аянышты хәлін көргенімен Бірінші топтағы мүгедек Марқамет те қайрат қыла алмаған.
"7-8 күзетші өзінің сүйртіп отырған орамалымен қылқындырып есіктің алдына әкеліп тастады. Менің жолдасым Бекбосын Гүлназ Мұсақанқызын. Ұрды жұбайымды, міне мына орамалмен қылқындырды. Орамал сол кісінің қолында болған. Көзілдірігін лақтырып тастады, қолындағы телефонын алып алды", - дейді “Қазақ зағиптары” қоғамының мүшесі Марқамет Бағдар.
Ас-сусыз аш жатқан Алматыдағы соқырларға арналған оқу-өндірістік кәсіпорнының бұрынғы басшысы Алтынай Ибрагимова бір жеңіске жетті. Оның үстінен қыруар қаражатты заңсыз қымқырғаны үшін деп қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған.
Енді “Қазақ зағиптары” қоғамының директоры Байболат Әубәкіровпен қайта соттаспақ. Бұрынғы текетірестері 2 жылға созылған еді. Ал қоғамның басшысы бүгінгі шуға қатысты түсінік беруге уақыт таппады.