Дәрігерлер балалардың сал ауруын емдеудің тәсілін тапты!

Павлодарлық  дәрігер балалардың сал ауруын емдеудің бірегей тәсілін ойлап тапты деп хабарлайды Қазақпарат Астана телеарнасына сілтеме жасай отырып.

Үш режимнен тұратын кешенді ем барысында балғындар адымдап жүруді кезең-кезеңімен үйренеді. Жарты жылда аяқтарын басуды меңгерген кішкентай пациенттер болашақта өз еркімен қозғалатындарына сенімді. Церебральді сал ауруына шалдыққан балғындарды аяғынан тік тұрғызуды мақсат еткен Александр Мякота өзі ойлап тапқан емдеу тәсілінің тиімді боларына сенеді. Кешенді ем-шара негізінде  реабилитологтың  еңбегі оң нәтиже көрсетуде. "Костюм - пациенттің тірек мүшелеріне күш түсіруге икемделген. Және тұлғасын тік ұстауға үйретеді. Ал үздіксіз жүргізілетін қадамдар аяқты жүруге дағдыландырады. Жаттығу кезінде бірнеше мыңға дейін адымдаған пациент өз еркімен жүруге үйренеді", - дейді реабилитолог Александр Мякота. Бауыр еті баласының қатарынан қалмауын армандаған жанның бірі - Людмила Докучаева. Бес жасар ұлын орталыққа бір жыл бұрын әкелген. Бағасы қалтаны қаққанын жасырмайды. Бірақ көп ұзамай көзге көрінген жағымды нәтиже ана шешімінің дұрыс болғанын дәлелдеп берген. "Алғашқы қадамды біз жарты жылдан кейін жасадық. 2 қадам болатын. Сол кезде қуанғаннан, жылап едік. Қазір 15-16 қадам жасаймыз. Біз үшін бұл - жақсы нәтиже. Мектепке дейін балам жүріп кетеді деп сенемін", - дейді ол. Оң нәтижеге 5 жасар Мариян да мәз. Дәрігерлердің айтуынша, бар жаттығуды тыңғылықты орындауға тырысады. Шаршаса да, білдірмеуге тырысады. Өйткені оның бар арманы - мектепке өз аяғымен бару. Жуырда керекулік кішкентай пациенттер өнертапқыштың тағы бір қондырғысын сынап көрмек. Бұл тренажер балғындарға бір аяғындағы салмақты екінші аяққа ауыстыруды үйрететін болады.