Атырауда сот қызметкері жаяу жүргіншіні мерт қылды
2014 ж. 03 шілде
1580
0
Атырау қаласында сот қызметкері үш бірдей көлікпен соқтығысып, салдарынан 46 жастағы жаяу жүргінші қайтыс болды.
Жол көлік оқиғасы Махамбет пен Сатыбалдиев көшелерінің қиылысында орын алған деп жазады Tengrinews.kz.
"Шевроле" көлігін тізгіндеген әйел бағдаршамның қызыл көзіне өтпек болған.
Апатқа жол берген жүргізуші "Киа" маркалы автомобилімен соқтығысып, салдарынан жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Жолай жаяу жүргіншіні қағып өткен ол, тағы екі көлікке соқтығысты.
Ішкі істер органдары мамандарының айтуынша, жарақат алған жаяу жүргінші жедел жәрдем көлігінде жан тапсырған.
Ал "Шевролені" тізгіндеген 23 жастағы бейжеткеннің қаладағы аудандық соттардың бірінде жұмыс істейтіні анықталып отыр.
Полиция қызметкерлері жол апатына кінәлі күдіктінің қамауға алынғандығын растады.