Дәретханаға зәру тұрғындар вокзалға баруға мәжбүр

Қызылорда облысы Төретам кентінің тұрғындары Азаттыққа дәретханаларын әкімдік бұзып тастағанын айтып шағымданды. Ал әкімдік дәретханалар "заңсыз жерге" салынғанын айтады.

Қармақшы ауданы Төретам кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің екі-үш қабатты бірнеше үйінде тұратын 30 отбасының дәретханасы жоқ. Тұрғындардың айтуынша, олар көпқабатты үйлерінің ішінде су болмағандықтан дәретхананы сыртқа салған.

Алайда ауыл әкімдігі "дәретханаларыңыз заңсыз салынған" деп бұзып тастаған. Қазір тұрғындар ауылдың екінші шетіндегі үйлердің, көшенің қарама-қарсы бетінде орналасқан вокзалдың дәретханасына барып жүр.

Төретамдық дәретханасыз үй тұрғыны Базаргүл Әбдіқадірова ауыл әкімдігіне арызданып барғанымен еш нәтиже шықпағанын айтады. ​

"Басшыларды көріп жүрген жоқпыз. Ауылдағы басқа үйлердің дәретханасына барамыз. Олардың өзі дәретханаларының есігін құлыптап қояды. Олардың кілтін сұраймыз. Далаға шығамыз. Көшенің ар жағындағы вокзалдың дәретханасына барамыз" деді ауыл тұрғыны Азаттық тілшісіне.

Ауылдағы басқа үйлердің дәретханасына барамыз. Олардың өзі дәретханаларының есігін құлыптап қояды. Олардың кілтін сұраймыз.

Көпқабатты үй тұрғындары пәтерлеріне су тартудан үміт үзгені соншалықты Азаттық тілшісімен сөйлескенде ішкі дәретхананы қайта іске қосу туралы сөз де қозғамайды. Тек сырттағы дәретхана туралы талап-тілек айтады.

Азаттық тілшісі осы мәселелерге қатысты Төретам кентінің әкімдігіне хабарласқан еді. Әкімдік қызметкері "дәретханалар заң бойынша бұзылды" деп мәлімдеді.

"Ол жердегі дәретханалар көшенің бойында заңсыз орналасқан. Сол себепті алып тастадық. Санитарлық тазалықтарға сай болмады. Әкімдік оларға қоғамдық дәретхана салуға көмектесейік дегенде олар қолдамады. Себебі бұл жерде көбі пәтер жалдап тұрады. Сондықтан қоғамдық дәретхана салғылары келмейді. Дәретхана салу әкімдіктің жұмысына кірмейді. Біз салып бере алмаймыз, тек көмектесеміз дедік. Дәретханаларды бұзарда алдын ала ескерттік", - дейді әкімдіктің бас маманы Гүлжанат Телжанова Азаттыққа берген сұхбатында.

Азаттық