Жұрт көлігімен үшінші адамды қағып өлтірген бай ұлын жазаламақ
2014 ж. 28 маусым
2044
1
Риддер қаласының тұрғындары жерлестерінің жазаланғанын қалайды. Қаладағы беделді тұрғынның баласы Владислав Зиновьевке көлігімен осымен үшінші адамды қағып өлтірсе де, ешқандай сот болмай отыр.
Кінәлі деп танылып көрмеген азаматтың заң алдында жауап беруі үшін риддерліктер, ақыры Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура және әкімдікке шағым түсірмек болып, петиция жазып қойыпты.
26 жастағы Владислав Зиновьев - қаладағы қалталы кәсіпкердің ұлы. Қымбат көлігімен қаққан үшінші адам бақилық болғанына қарамастан, жазаланып, заң алдында жауап беріп көрмепті.
Ақыры өздерінің өмірлеріне қауіптенген халық қол жинауды бастаған. Тіпті әлеуметтік желілерде "Егер оны қазір тоқтатпасақ, ол тағы біреуді мерт етер" деген сөздер жазып, жұртты бірігуге шақырған.
"Бұл біздің жанайқайымыз, бұл үшінші қайғылы жағдай. Тіпті қазір бағдаршамның жасыл түсі жанып тұрса да, жан-жағымызға қарап, қорқып өтетін болдық", - дейді қала тұрғыны Юлия Клевцова.
Танымал азаматтың ұлы үш ретте де кінәлі болып танылмаған. 79 жастағы зейнеткер Чубиковтың өліміне кінәлі бола тұра, өтеуін беріп құтылыпты. Ақыры іс екі тараптың келісімге келуі негізінде жылы жабылған.
Екінші рет 2011 жылы алпыс жастағы Алтай Сағадиевті көлігімен қағып, тағы бір отбасы жақынынан айырылады. Қайтыс болған азаматтың туыстары ең ауыр жазасын сұрағанымен, Зиновьевтің бұл жолы да асығы алшысынан түседі. Бұл жолғы қылмыстық іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылады.
"Біз барлық істі соттың қолына тапсырдық. Біз бұл жолы оны сот жазалайды деп ойладық. Бірақ тағы да сытылып шықты", - дейді қайтыс болған азаматтың қызы Минура Даниярова.
Үшінші рет Зиновьев отырған көліктің астына 26 жастағы Елена Добыш түсті. Тағы бір отбасы қара жамылды. Кешірім сұрауға Владиславтың азаматтық некедегі жары келген. Бірақ халық әйелді кінәліні ақтау үшін жүр дейді.
Ал құзырлы орган қызметкерлері азаматты жазалай алмайтын болып шықты. Тіпті жүргізуші куәлігін де ала алуға қауқарсыз. Өйткені заң бойынша, қайталанған қылмыс үшін бір адам екі рет сот алдында жауап бермейді.
"Заң бойынша, қайталанған бір қылмыс үшін бір адамды бірнеше рет қылмыстық және әкімшілік жазаға тарта алмаймыз. Осыған байланысты бұл азаматтың жүргізуші куәлігі ала алмаймыз", - деді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаев.
Ал облыстық прокуратура мәліметі бойынша, іс Риддер қаласының Ішкі Істер бөліміне қайта тексеруге жіберіліпті. Бұл жолы Владислав Зиновьевтің Елена Добыш өліміне қатысы бар -жоғы анықталады. Ал қала тұрғындары белсенді түрде кінәлі адам жазасын алу үшін қол жинауды жалғастыра бермек.
31 арна