Қырғызстан Жамбыл жұртын тағы судан тарықтырып жатыр

Айырқалпақты ағайындар баяғы әдетіне басып Жамбыл жұртын тағы да судан тарықтыруда. Бұл жолы олар Қордай ауданының шаруаларын су бермей, сергелдеңге салған. Тіршілік нәрінің болмауынан енді егіс алқаптары қурап кетудің аз-ақ алдында тұр.

Мәселе жуық арада шешілмесе, шаруа қожалықтары қыруар шығынға батқалы отыр деп хабарлайды КТК арнасы. 70-ке шуық шаруаны сумен қамтитын жалғыз арна қазір қаңсып тұр. Тамшы су ақпағалы бірнеше жылдың жүзі болған. Ағын судың әдеттегі азабын біле тұра, тұрғындар биыл да тәуекел деп, дән сеуіпті. Бірақ, үміттері ақталмады. Енді еткен еңбек пен төккен тердің зая кететін түрі бар. "Бұл жерде бірінші жыл емес, 3-4 жыл осыдай. Менде 31 гектар бұл жерде. Былтыр жүгеріні мүлдем тастадым, екі гектарды. Ал биыл беде септім оны да су болмаса тастауға тура келеді. Қалған 20 гектар беде де құрғап тұр", - дейді Шаруа қожалығының басшысы Назар Найзақараев.

Шаруалардың басым бөлігі жүгері мен жоңышқа еккен. Жүгері көгермей солып жатса, екіншісі ораққа да ілінбей жатыр. Бекен Қартанбаев "Сыбаға" бағдарламасы бойынша 250 бас асыл тұқымды мал өсіруде.

Алайда биылғы қыста олар қырылып қала ма деп қауіптенеді. Өйткені қуаңшылық кесірінен мал азығын да жинай алар емес.

"Мемлекеттік бағдарламамен келген малды мен қоректендіруім  керек қой. Ол президенттің бағдарламасымен алынып жатқан мал. Қазір тауда комбайындар тұр, тікен шауып жатырмы", - дейді шаруа қожалығының басшысы Бекен Қартанбаев.

Шаруалар жыл басында ақысын төлеп қойса да, суға әлі қол жеткізе алмай отыр. Бұған айырқалпақты ағайындарды айыптауда. Айтуларынша, көрші қырғыз елінен ағып келетін су деңгейі үш есеге азайып кеткен. "Қазводхоз" мемлекеттік өңірлік кәсіпорыны "Қордай" бөлімшесі басшысының орынбасары Денис Конавалов су тапшылығы үлкен мәселеге айналғанын және оны шешуге шамалары келмейтінін айтады. Ол  бұл мәселе үкіметтік деңгейде шешілуі тиіс деген пікірде. Шаруалардың шуынан кейін қырғыздар суды жартылай жібере бастаған. Облыс әкімінің өзі олармен келіссөзге отырыпты. Алайда мәселенің қаншалықты шешім табатыны беймәлім.    Читать полностью:  http://news.nur.kz/kk/319255.html

 КТК арнасы