Дүниеге үшем алып келген алматылық отбасы темір контейнерде күнелтуде

Дүниеге үшем алып келген алматылық отбасы баспанаға зәру. Алақандай вагонды паналап отырған көпбалалы жанұяның, басы бүтін баспана салып алуға қаражаты жеткіліксіз.

Ал дәрігерлер болса, перинаталды орталықтан шыққаннан кейін үшемге ерекше күтім керек деп отыр. Тұрмыс тауқыметін тартып отырған отбасы, жергілікті атқамінерлер көмек қолын соза ма деп үміттенеді, деп хабарлайды 31 арна.

Шекесі торсықтай 3 ұлды аман-есен дүниеге әкелген Майра Ысқақова енді көп балалы аналардың санатында. Тұңғышы Әлінұр биыл 5-ке келіпті.

"Ендігі баламды табиғи жолмен босанамын деп отырғанымда, жатырыма үшем біткен екен. Сондықтан кесір тілігін жасауға тура келді", - дейді Майра.

Ғылыми орталықтың дәрігерлері, соңғы жылдары жасанды ұрықтандыру арқылы егіз немесе үшем босанатын келіншектер қатары көбейгендігін айтады. Алайда Майра сияқты генетикалық тұрғыда құрсағына үшем біткен аналар сирек кездеседі, дейді олар.

Тек былтырғы жылы дәл осы перинаталды орталықта 64 егіз бен 8 үшем дүние есігін ашқан екен. Дәрігерлердің айтуынша, олардың дені қолдан ұрықтандырылған балалар. Дәрігерлер перинаталды орталықтан шыққаннан кейін үшемге ерекше күтім қажет деп отыр.

Алайда қыста суық, жазда ыстық тартатын темір контейнерде күнелтіп отырған көпбалалы отбасының пәтер алып, жағдайларын түзеуге қаржысы тапшы. Отағасы екі қолына бір күрек таппай жүргендігін айтып қынжылады. 4 баламызды шұбыртқан бізді көріп, енді ешкім пәтеріне жалға да кіргізбейді ғой деп күрсінеді.

"Бір қозы артық туса, бір түп жусан қоса шығады" демекші, бұл отбасы да ешкімге алақан жайып отырған жоқ. Алайда аядай бөлмеде тарылып отырған бұл жанұяға жергілікті атқа мінерлер жәрдемдесіп жіберсе, баспана мәселесі тез-ақ шешіліп кетер еді. Читать полностью:  http://news.nur.kz/kk/318685.html