Нұрлан Өнербаев: «Қазақтың әр тойы менің бақытым…»
2014 ж. 18 маусым
5449
0
Өнер әлемінде өзіндік ізі қалған,пайым парасатымен, әуезді үні, дархан көңілдің иесі, «Қарағым-ай», «Анасы бар адамдар», «Ай да күн де» әндерінің орындаушысы, әнші, актер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығы және «Дарын» сыйлығының иегері, ҚР-ның еңбек сіңірген артисті, Нұрлан Әлтайұлы Өнербаевпен оқырмандарымыздың сұранысы бойынша сұхбаттасуды жоспарлаған едік. Қазақ өнерінің қарыштап дамуы және бүгінгі өнер сахнасындағы кемшім болып тұрған жәйттерді негізге ала отырып, салихалы әңгіме болып жалғасқан еді. Сонымен…
- Қазақтың ән сахнасындағы қазіргі ахуалға көңіл-күйіңіз тола ма? - Әр кезде әр қалай. Шынайы талантты өнерпазды тану бағыты дұрыс емес секілді. Сахнаға шығып отырған топтардың бәрі шоу бағдарлама сияқты. Нағыз өнерін, нағыз талантын танып білу кейде қиынға соғады. Қазір квартет, трио сияқты топтармен жиналып айтатын үрдіс қалыптасып келеді. Мұндайда жеке талантты танып білу қиынға соғады. Әндері жақсы, сахнадағы қимыл қозғалысы, киген киімдері бәрі жарасымды. Алайда, шын талантты жеке тану қиын. Кейінгі кезде өнерпаздар электронды ақпарт құралдары арқылы танылуға құмар болып алады. Елдің алдына өздері шығып, бойындағы бүкіл қабілетін таныту жолы екінші жолда тұр. Ылғи жастарға айтып отырамын, елдің ортасына барып, тыңдарманмен тікелей байланыс орнату керек. Сонда ғана, халық сенің ішкі жан дүниеңді танып, жүзіңді көре алады. Өзіңнің ықыласыңды ән айтумен ғана шектемей, тыңдарманға деген сыйластығыңды бір-екі ауызбен жеткізіп отыратын осындай дарын қабілет болуы керек. Халық алдына шығып жалпылама жалаң ән айтып шығу талантты өрге жетелемейді. Қазір жастарымыз осы бағытта кетіп бар жатыр.
-Ауылдағы өнер мен мәдениетті қағазбастылық пен есепбергіштік тұншықтырып болды. Үлкен сахнаны ақша байлап –матап тастады. Өнердің болашағы не болмақ? – Бұл жерде мемлекеттік көзқарас керек. Менің өнерге келгеніме 30 жылдан асыпты. Біздің кезімізде арнайы бағдарлама, арнайы жоспарлар өкілетті мекемелердің тапсырысымен әр облысқа, тиісті мекемелерге аудандардағы мәдениет бөлімдеріне тапсырма түсетін. Өнерпаздары елмен кездестіріп, ұлттық мәдениеттің дамуына үлес қосыңыздар деген тапсырма түсетін. Міне, осы жоспармен өнер ұжымдары елді аралап концерттер қоятын. Қазір Алматы мен Астана, ауыл аудандарда жүретін әншілердің ара деңгейін ажырату қиын болып калды. Аудандағы әншің де, Астанадағы әншің де жұлдыз. Ақты ақ, қараны қара деп, мынау талант, мынау әуесқой, мынау өнерге алғашқы қадам жасауға үміткер деген сияқты жоғары деңгейде сарапшы бір топ болуы керек. Міне, осы жағы бізде жоқ. Кімнің дарына бар, кімнің таланты бар қазір ешкімді айтпайды. Айтқан жағдайда мойындамайды. Қазіргі өнер сахнасында жүргендердің позициясы осы. Сондықтан, біздің қоғамға аналитик сыншы сарапшылар керек. Анау Әлібек Дінішев, Бибігүл Төлегенова, сияқты апаларымыздың қатарында үлкен сахнаға шығарып, елге көрсету үлкен өнердің үлгісі емес. Нағыз талант иесінің қатарында тұрып ән айтатындай өнерге қандай еңбек сіңіріп үлгерді дейсіз? Үлкен сахнаға шығып ән айту үшін терін төгіп елді аралап жүріп хылықтың құрмет қошеметін жинау керек. Абыроймен бедел жинаған соң ғана барып үлкен саханаға үміттенуі керек. Өкінішке орай мұны айтатын да, тыңдар құлақ та жоқ.
-Той бизнесі әнші мен өнер адамдарының күнкөріс көзіне айналып болды, бұған нақты көзқарасыңыз қандай? Өнер адамдарын қаржыға тарықтырмайтын бұдан басқа жол жоқ па? – Мен бұл мәселені Парламентте жүргенде де көтергенмін. Бізді отандық әншілерді қолдау, ұлттық өнерді қолдау кенжелеп тұр. Өнерпаз болғаннан кейін, елдің махаббатын, ықыласын жеңген сол әнші міндетті түрде әр екі жылда елдіөзінің жеке шығармашылығымен таныстырып отыруы керек. Ал, мұндай кешті өткізу үшін үлкен сахна мен зал керек. Үлкен мәдени ошақтары мен концерт залдар жеке адамның қолына берілген. Жарналық бағасын өте жоғары етіп қойған. Республика сарайынан бастап осы Астана қаласындағы залдардың бағасы өте қымбат. Мұндай қаражат табу біздің өнерпаздардың қолынан келмейді. Ол үшін біздің әншілер міндетті түрде біреуге жалынышты, кіріптар болады. Тіпті, демеуші тапқанның өзінде төленген ақшасын өтеу үшін ұжымдық мерекелерге, жеке жиын тойларына апарып қатыстырады. Ал, кеткен қаражатты концерттен түскен ақшамен қайтара алмайды.Байқасаңыз, шет елдік әншілердің концерттік билетінің бағасы отыз мыңға дейін барады. Ал отандық әншілердің концерттік билетінің құны әрі кетсе бес мыңға жетеді. Өйткені, біздің көрермен одан қымбат бағаға билет алмайды. Бұл жерде түсініксізі шет елден келген әншілерге 50 мың десе билет алып, отандық әншілердікін 5 мыңға десе ақшасын аяайды. Бұл билеттердің ақшасымен демеушінің қаражаты түгілі сахнаның жарнасына да төлеуге жетпейді. Осындайдан кейін күн көрісін елдің ортасынан жинайды. Бұл жерде әншілерді кінәлаудың қажеті жоқ. Және осы сұрақты төпелеп әншілерге қайта-қайта қоя берудің қажеті шамалы. Қазақтың бүкіл қуанышында өзіміздің әншілер әні айтпағанда оны Ресейдің әншілері келіп айтып береді ме?! Сондықтан қазақтың тойында өзінің сүйікті ел сыйлайтын жұлдыздармен өткізіп жатса, мұны әбестік деп санамаймын. - Мемлекеттік лауазым иесінен кетіп қалғаныңызды білеміз. Өнерде емін-еркін жүрген кезіңізбен салыстырғанда, мемлекеттік лауазым аса жауапкершілігі мен шектеулері көп болған шығар? - Рас айтасыз. Мемлекеттік іске аса үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Өйткені, ол нақты бір тапсырмаларға құрылады. Мен ақпарат саласында да қызмет жасадым. Көптеген концерттерді ұйымдастырып отырған кезіміз болған. Әр ұйымдастырылған кештің өз дәрежесінде өтуі, сахнадағы этиканың, эстетиканың сақталуы, тыңдарманға, көрерменге ерекше әсер беріп, концерттен шыққан жұрт «шіркін ай, қандай тамаша кеш болды» деп, таңдайларын қағып қайтса қуану керек. Бірінен кейін бір әнші шығып, тек қана әнмен шектеліп қалмауы тиіс. Шымылдығы түрілгеннен ән жіберіп, алпысыншы әнші шыққанда концертті аяқтай салғаннан магнитафонды немесе радионы қосып қойып, музыка тыңдаған мың есе артық. Мен парламетте де болдым. Әрине парламентте отырғаннан кейін бізді саясаттың заң шығарушы ретінде биік лауазым ретінде қабылдайды. Парламеттің мінберінде сөйлеген кезде халық мемлекеттік деңгейдегі нәрсені күтеді. Сол саясатқа араласа бастағаннан кейін жылтың-жылтың етіп көріне беруге өзің аяқ тартып қаласың. Рас, мемлекеттік қызметте жүргенде түрлі өнер кештерінен, концерттік сапарлардан шектеліп қалғанымды жасырмаймын. Ол сол кездегі маған тапсырылған лауазымның жауапкершілігі.
– Ол кезде өнерден саясатқа бұрылуыңызға не себеп болды? Тұрмыстық қажеттілік, атақ-даңқыңызды одан бетер арттыру, әлде өнер саласында шынайы өзгерістер жасай аламын деген мақсатыңыз депутат болуға итермеледі ме? - Біздің парламентте екі палата бар, білесіз. Жоғарғы палатада 47 депутат, төменгі палата да 107 депутат бар. Осы 107 депутаттың,9 ассамблеядан сайланады да қалған 98-і партия тізімімен сайланады. Партия тізімімен сайланғанның өзінде қоғамдағы әр саланың мамандарын , я болмаса сол саланың бүгіні жағдайын, хал ахуалын білетін кісілерді тартуға тырысады. Мен өнерде жүргеніме 30 жылдан асты. Осы уақыт аралығында мәдениет саласында жетіспейтін, кемшіл тұстарын көрдім. Осынай мүмкіндік болып тұрғанда, мінберде тұрып, мәдениет саласындағы ойымды неге айтпауым керек? Осы мақсатпен ғана мемлекеттік қызметке бардым. Өз ұсыныстарымды айттым. Мәселе көтердім, кейін заңға енгіздім де.
- Бүгін олардың нәтижесі бар ма? - Нәтижесі болады деп ойлаймын. Қазір жеке шығармашылығыма кетіп қалдым да ол жағы тоқтап тұр. Мысалы, киномотография туралы заңды қараған кезде, теледидардан көрсететін дүиелерді жас мөлшеріне сай көрсетілетін категориясын көрсетіп қойдық. Бұл заң біздің тұсымызда бекітілген болатын. Сондан соң, кез келген бағдарлама мемлекеттік тілде болу керек дегенді заңмен қарастырдық, ол да бүгінде өз күшінде.
Әңгімемізді жеке басыңызға қарай бұрсақ. Бүгінде той басқарасыз ба, құпия болмаса асабалық ақыңыз қанша? – Өте қымбат. Сіздің қойып отырған сауалыңызға бұл жауап болмауы мүмкін. Той иелері менің қойып отырған талабыма көне бермейтіні де осыдан. (күліп) «Той» деген қазақ ұлтының тамаша бір көрінісі ғой. Қазақтың ұлттық дәстүрлерінің әдемі көріністері шоғырланатын жер десем де болады. Осындай қуанышты тойды салихалы өткізіп, елдің әдеп ғұрпын негізге ала отырып, шағын ғана халықты өзінің шешен сөздерімен баурап алатын адамды «асаба» дейді. Жасауын жасайын деп отырған той иесі, сол дүниені халыққа ұғынықты әрі әдемі етіп жеткізетін адам іздейді. Егер мені той иесі сол қуаныштың асабасы ретінде лайық көріп жатса, неге бармасқа?!
- Той таңдайсыз ба? - Жоқ таңдамаймын. Менің де қалыптасқан жинаған тәжірибем бар. Мен де ұл үйлендіріп, құда күттім. Немере сүйіп, сүндет тойды өткіздім. Осы тойларды қалай өткізу туралы елдің арасында жүріп көрген білгенім де жоқ емес. Менің жүргізу мотивімді ел ұнатып жатса, әдемі үлгіні неге халықпен бөліспеске? Сондықтан, қазақта болған әр той менің қуанышым.
- Репертуарыңызға соңғы әзірде жаңа әндер қостыңыз ба? - Ән айтуды театрда қызмет етіп жүрген кезімде басаған едім. Яғни, 1984 жылы ең алғаш ән айттым. Содан бастап ән қоржынымда жиналған әндер 300-ге жуық. Қазір бұл үш жүздің бәрін айтып жүрмін дей алмаймын. Кезінде айтылған әндер болды. Бүгінге дейін репертуарымнан түспей келе жатқан әндерім көрерменнің сұранысымен бұрынғы әндерім де орындалып жүр.
- Сіз Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлымен ән шырқағаныңызды көпшілік біледі. Саясатта, билік басында немесе жоғары шенді шенеуніктер ішінде осындай әншілік қабілеті бар тағы кіммен ән айтып көрдіңіз, болмаса кіммен ән айтқыңыз келеді?
- Иманғали Нұрғалиұлымен 1987 жылдары гитарамен қосылып ән айтқанбыз.Ол кісінің бойында дарын бар. Ол мемлекеттік қызметкер болмағанда үлкен өнер иесі болар еді. Қазастанның ғарышкері, Талғат Мұсабаевпен космосты байланыстырып тұрып ән айтқаным бар. Тіпті екеуміз қосылып ән айтып , жеке жинақ та шығарып үлгердік. Көрермен есінде қалғаны, сол телемост кезіндегі «Көзімнің қарасы-ай» әні. Ал, біз ол кездің өзінде үш ән айтқан едік. Оның бәрі көрсетілген жоқ. Талғат ағамыз космоста болғанда үш-төрт рет байланысқанбыз. Одан басқа, спорт саңлағы Серік Қонақбаевпен «Қазақстан» спорт сарайында үлкен жиында « Қарағым-ай» әнін айтқанбыз. Егер тағы менімен қосылып ән айтқызы келетін шенеуніктер болса қарсы емеспін. (күліп алды) - Көңілді де, салихалы сұхбатыңызға рахмет, Нұрлан аға!
Әңгімелескен: Дария Сәрсенова
talgam.kz