Баласын емдетуге апарған келіншектің өзі ауруханаға жатып қалды
2014 ж. 18 маусым
2064
0
Жамбыл облысының Сарысу ауданында баласын емдетуге барған жас ананың өзі ауруханаға жатып қалды. Қымбат Бексұлтанованың айтуынша, оны емдеу мекемесінің алдында шаруашылық қызметкері жеке көлігімен қағып кеткен деп хабарлайды КТК арнасы.
Омыртқасы едәуір зақымданған 23 жастағы келіншек бір айдан бері қозғалыссыз, төсек тартып жатыр. Енді жәбірленуші тарап кешірім сұрауға да жарымаған кісі жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді.
"Ол телефонмен сөйлесіп тұрды. Айғайлап. Артқа бергенін көрдім, мен былай жүрдім. Енді жолға шыға бергенде былай берді да, астында жатырмын машинаның", - дейді зардап шегуші.
Келіншектің омыртқасы мен басы қатты зақымданған. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын әрі емізулі баласы бар Қымбаттың жанында енді анасы жүр.
"Әлкенов Бақыт деген адам қақтым деп жүрген жоқ. Іздеуі сұрауы жоқ адам құсап балам қазір ауруханада жатыр. Екі айлық баласы бар, жаңа туған. Полиция шақырмаған қаққан кезінде. Тараз қаласында тұрамын, сонда тұрып Сарысуды қостырып, 102-ге қоңырау шалып, анасы мен шақырттым, сол дұрыс па?", - дейді келіншектің анасы Қаршыға Дәрібаева.
Ақ халаттылардан науқастың жай-күйін білу мүмкін болмады. Өйткені олар жауаптан жалтарып шықты.
Жәбірленуші тарап кінәлі кісіні іздеп таба алмай жүр. Бар айыбын мойындап, жәрдем беруге уәдені үйіп-төккен Бақыт Әлкенев ұшты-күйлі жоқ. Жұмыс орнында да болмай шықты. Қарқынды құрылыс жүріп, астаң-кестеңі шығып жатқан ауылдағы емдеу мекемесінің басшылығы да қызметкерін жасырып әлек.
Тергеушілердің айтуынша, күдікті өзіне тағылған айыпты жоққа шығаруда. Мұны естіген жәбірленуші тарап жазықты жазадан құтылып кетеме ме деп алаңдайды.
nur.kz